Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оқушылардың ораза ұстауына қатысты түсіндірмесін жариялап, оразаны себеп етіп, әркімнің өзіне жүктелген жауапкершілігіне немқұрайды қарауына болмайтынын мәлімдеді.
«Әлеуметтік желілер мен мектеп мұғалімдерінің whatsapp топтарында ораза ұстаған оқушылардың оқу үлгерімі мен денсаулығына қатысты мәселе талқылануда. Осыған орай әлеуметтік желі қолданушылары мен ата-аналар тарапынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына жас балалардың ораза ұстауына қатысты сауалдар келіп түсуде. Осыған байланысты ҚМДБ төмендегі ақпараттық түсіндірмені қаперлеріңізге салады: Біріншіден, шариғатымыз бойынша балиғат жасына жетпеген жас балаға ораза ұстау – парыз емес. Бұл туралы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Үш адамнан қалам көтерілді: айыққанға дейін жын түрткен адамнан, оянғанға дейін ұйқыдағы адамнан, балиғатқа толғанға дейін баладан». Біз бұл хадистен балиғатқа толмаған жас балаға құлшылық жасау, оның ішінде ораза ұстау міндет емес екенін түсінеміз. Екіншіден, балиғатқа және кәмелетке толмаған жас баланың ораза ұстау кезінде оның организмінде әлсіздік, дәрменсіздік пайда болуы мүмкін. Бұл жағдай кішкентай бүлдіршіннің денсаулығына кері әсер етуі, сонымен қатар оның толыққанды білім алуына кедергі келтіруі мүмкін. Ата-аналарға осы мәселеге аса көңіл бөлуге кеңес береміз. Кез келген құлшылық, оның ішінде ораза толыққанды білім алуға, тиянақты жұмыс істеуге кері әсер етпеуі керек. Оразаны себеп етіп, әркімнің өзіне жүктелген жауапкершілігіне немқұрайды қарауына болмайды. Өйткені әр адам сауап амалды өзі үшін орындайды. Үшіншіден, ата-аналардан балиғат жасына жетпеген балаларды ораза ұстауға мәжбүрлемеуді сұраймыз», делінген ҚМДБ таратқан ақпаратта.
Ал нейропедиатр Гүлдана Шойбекова баланың бір ай ас-судан тыйылуы денсаулыққа пайдалы екенін айтады. Бірақ ораза ұстар алдында әр бала медициналық тексеруден өтуі керек дегенді алға тартады.
«Дәрігер ретінде айтарым, егер баланың денсаулығы жақсы болса, ораза ұстауда тұрған ештеңе жоқ. Керісінше, пайдалы. Қазір біз сигр, сибр деген диагнозды екінің біріне қойып жатырмыз. Бұл – ішек аурулары. 5-12 жас аралығында көп кездеседі. Бүгінгі таңда тамақтану үрдісі қатты өзгеріп кетті. Бұл содан пайда болатын ауру. Айран, сүт, йогурт барлығына қант қосылады. Бұдан бөлек балалар тәттіні көп жейді. Соның кесірінен аурушаң балалар көп. Ал ораза ұстаса, тым болмағанда бір ай болсын асқазаны, ағзасы тәттіден тазарып қалатын еді», деді маман.
Еліміздегі Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин баланың қалыпты түрде өсуіне дұрыс тамақтану маңызды орын алатынын жеткізді.
«Балаларға келсек, олар жеткілікті дәрежеде, жоғары сапада тамақтануы керек. Сол арқылы бүкіл қажетті дәруменді – ақуыз, май, көміртегі, дәрумен, энергияны сіңіруі қажет. Ол бойының, ақылының, жалпы, ағзасының сау болып дамуына аса маңызды рөл атқарады. Сол үшін де Қазақстандағы Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде «Барлық оқушыға тегін тамақ!» реформасын ұсынып жүрмін», деді А.Саин.
Оның сөзіне қарағанда, әлемдегі жүзден аса елде бұл мәселе әлдеқашан шешілген. Қазақстан да сол тізімде болуға тиіс.
«Мектеп жасы 6-17 жас аралығын қамтиды. Нақ сол кезде балалардың бойы өсіп, сүйек қаңқасы, бұлшық еті ұлғайып, сондай-ақ зат алмасуы, эндокриндік жүйе қызметі, миы күрделі түрде қайта қалыптасады. Бұл олардың түпкілікті есейіп, адам ретінде қалыптасқанын білдіреді. Ақпарат ағынының көбеюі, мектеп бағдарламасының қиындауы, сосын қосымша білімнен санасына көп күш түседі», деді уәкіл.
Ес біліп, етек жинамаған баланың еліктегіш келетінін ескерсек, ер азаматтың елге елеулі, ерке қыздардың ибалы болып өсуіне ең бірінші әке-шешенің жауапты екені белгілі. Осы ретте Рая Бисембаева есімді ата-ана баланың қоршаған қоғамдық ортада қалыптасуына отбасы мүшелері тікелей әсер ететінін алға тартады.
«Балаларында ораза ұстау арқылы кешірілетін күнәсі болса, ата-анасының тәрбиесінен үлкен қателік кеткені. Мектеп жасындағы оқушыны періште деп қабылдаймыз. Олар білімдерін алуы, ата анасы соған ықпал ету керек. Егер ораза ұстаса, сабақтарын толық оқып, мейірімді, ешкімді ренжітпей, өздері де сергек отырғаны абзал. Себебі мектептің қандай орын екенін адалдықпен түсіне білгені дұрыс. Егер бала мектепті ораза кезінде демалып, уақытын өткізіп кететін орын деп есептесе, онда босқа денсаулықтарын құртып, уақыттарын жоғалтып жүр», дейді ол.
Мақаламыздың мәні біреуді кемсіту емес, керісінше, кемшілікті кеңінен талқылау. Жан-жақты саралау. Оқушылардың олқылықтарын түзету. Сауапты ойлайтын, сабақты қоймайтын, сауатты оқушылардың саны артса дейміз.