Тарих • 13 Сәуір, 2022

Алаш тарихы: Шетел қорларындағы жаңа деректер

913 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда отандық тарихшыларды жаңа архивтік және жазбаша деректерден қазақ халқының өткен тарихын іздеу, жаңаша пайымдау міндеттері шабыттандырады. Ағымдағы жылы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қызметкерлері мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғалымдары деректану саласында бірталай жұмыс атқарды.

Алаш тарихы: Шетел қорларындағы жаңа деректер

Біз жоғарыда атап өткен мақсатымыз бойынша 2022 жылдың ақпан айының соңы мен наурыз айының басында Ташкент қаласына барған сапарымыз сәтті аяқталды. Ташкенттегі бірқатар ірі кітапханалар мен мұражайлар қорларынан гранттық жоба бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, жазбаша құжаттар мен материалдарды анықтау мақсатында Алаш зиялыларының қызмет ету кезеңіне қа­тысты деректердің мол қорын жинақтап зерделедік.

Өзбекстан Ұлттық кітапханасының қорларындағы жүйелік және электронды каталогтардан 1920-1930 жж. хронологиялық кезеңнің ашық қол жетімді баспа басылымдарын зерделеп, біраз жұмыстар да атқардық. Смағұл Сәдуақасов туралы баспасөз беттеріндегі сирек жарияланымдарды анықтадық.

Аталған кітапхананың сирек кітаптар қорында Алаш зиялыларының жарияланымдары: «Жас қазақ» (1923-1924), «Шол­пан» (1922-1923), «Жас қайрат» (1924) журналдары мен «Ақ жол» (1920), «Ең­бекшіл қазақ», (1923), «Өртең» (1922), газет­тері төте жазуда сақталған. Қа­зақстан аумағында кездеспейтін сирек материалдар: Мағжан Жұмабаевтың, Ахмет Жантелиннің, Файзулла Ғалымжановтың эсселеріне де қол жеткіздік. Сондай-ақ «Өртең» жастар газетінде (Орынборда, 1922 жылдың қараша-желтоқсан айларында шыққан) Бейімбет Майлиннің (№1) «Өртең» өлеңі, Смағұл Сәдуақасовтың «Өзгеріс һәм оқығандар» (1922 жылғы №2) мақалаларын төте жазудан кириллицаға аудардық.

Осы газеттен «Өртеңге» көмек» деген жастардың газетке қайырымдылық көмегі туралы жазбасын кездестірдік. Бұл көптеген жылдар бойы тарихшылар мен өлкетанушылар күткен өте құнды олжалар деуге болады. «Өртең» газеті бұрын-соңды толық табылмаған, ал Ташкентте оның бір нөмірі ғана табылмады, дегенмен, қалған барлық нөмірлері дерлік жақсы сақталған. Мәселен, Мұхтар Әуезовтің Ташкентте 1922-1923 жылдары ынта-жігерінің арқасында «Шолпан» журналы жарық көрген.

1920-1930 жылдары Ташкентте, Мәс­кеуде, Қызылордада, Орынборда басылып шыққан «Большевик», «Правда Востока», «Туркестанская правда», «За партию», «Известия Туркестана», «Народное хозяйство Казахстана», «Советская Киргизия» және т.б. журналдар мен газеттерді қарас­тыруға да мүмкіндік туды. Тұңғыш Қазақ педагогикалық жоғары оқу орны және оның ректорлары Смағұл Сәдуақасов пен Ілияс Қабыловты қуғындау туралы құнды мәліметтерге де қол жеткіздік.

Смағұл Сәдуақасовтың Қазақ педаго­гикалық жоғары оқу орнының ректоры (1927-1928) болып қызмет атқарған кезеңіндегі жұмысы туралы дереккөздерді сыни тұрғыдан зерделедік. Сәдуақасовтың Ташкент кезеңіндегі ортасы жайлы дерек­көздерден жүйелі түрде іздестіру және анықтау жұмыстары жүргізілді.

Өзбекстанмен ғылыми ынтымақтастық аясында Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясы мен Мемлекеттік тарихи мұражайы ұйымдастырған «ХХІ ғасырдағы музейтану: зерттеулер, дәстүрлер мен инновациялар» атты халықаралық конфе­ренцияға қатысып, баяндама жасауға қол жеткіздік, енді жинақтың жарық көруін күтудеміз. Бізге халықаралық байланыс­тарда бай тәжірибесі бар мұражай экспозицияларына экскурсия жасау өте ұнады.

Сондай-ақ Ташкент қаласындағы Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мем­лекеттік мұражайынан өлкенің ағарту­шылық пен экономикасын дамытуға сөзсіз үлес қосқан Алаш қайраткерлерінің де­ректері мен фотосуреттері іс жүзінде жоқ екенін аңғардық. Бұл олқылықты халықаралық ынтымақтастық арқылы толықтыру қажет деп ойлаймыз.

Сонымен бірге, Өзбекстан Ғылым академиясының іргелі кітапханасы мен ғылыми-педагогикалық кітапханаларында да біршама жұмыстар атқардық. 1920-1930 жылдардағы қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ қайраткерлерінің сирек кітаптарын анықтадық. Осы орайда біздің жолымыз болды деп айтсақ та болады, себебі ӨР ҒА Шығыстану ҒЗИ қорларында ерте кеңестік кезеңнің сирек жарияланымдарын да анықтауға мүмкіндік алдық. «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» (1935), «Түркістан Шығыс институтының жинағы» (Ташкент, 1923), «Қазақстанның этнографиясы мен антропологиясы бойынша библиографияға арналған материалдар» (Л., 1927) және т.б. кітаптарынан біз өзімізге скан-көшірмелерін жасап алдық. Сонымен бірге, Ә.Н. Бөкейхановтың 1903 жылғы белгісіз мақаласына сілтеме табылды.

Өзбекстан астанасына барған кезімізде біз Алаш қайраткерлерінің ұрпақтарымен кездесуді де жоспарлаған едік және бұл ойымыз орындалды. Алаштың қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткері, «Қазақ» газеті редакциясының қызметкері, Мағжан Жұмабаев пен Мұхтар Әуезовтің досы Файзолла Ғалымжановтың кенже қызы, 85 жастағы Роза Ғалымжановамен 2022 жылдың 8 наурызында кездесу бұйырды. Роза апа 1937 жылы 10 айлығында (әкесі кенеттен қамауға алынғаннан кейін, сол кезде ҚазҰУ – қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ-нің доценті болып жұмыс істеген) Алматыдан кетуге мәжбүр болған. Анасы Құралаймен және апа-інілерімен бірге Өзбекстандағы нағашы туыстарына жасырынуға тура келген. Ия, олар сол бойы Өзбекстанда қалып қойған, Файзолла Ғалымжанұлының алты баласының ішіндегі жалғыз көзі тірісі осы Роза апай. Ол кісі мамандығы бойынша – химик, ұзақ жылдар бойы Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясында жұмыс істеген.

Роза апа бізге өзінің ата-анасы тура­лы естеліктерімен, отбасылық сурет­терін бөлісті. Қоштасарда ол кісінің «Қазақ­станға сәлем!» деген сөзін естігенде көңі­ліміз толқыды. Бұл нәзік көрінген әйелдің рухының күші шынымен бізді таң қалдырды... Қайсар мінезі  анасынан мұраға қалғандай. Файзулланың жесірі Құралай апа жұбайының достары Мағжан, Мұхтар туралы үнемі есіне алып айтып отыратынын Роза апамыз сөз арасында айтып қалды... Міне өшпес жарқын естелік пен ұрпақтардың лебізі!

 

Гүлнар МҰҚАНОВА,

тарих ғылымдарының кандидаты, профессор,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Зәмзагүл БАЙЖҰМАНОВА,

Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері