Әдебиет • 13 Сәуір, 2022

Ұлттың байлығы – фольклоры

1011 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әрбір халықтың жазу-сызу тарихы және қолданатын әліпбиі бар. Қазақ халқы ХХ ғасырдың бірінші ширегіне дейін араб графикасын қолданып келді. Осы әліпби арқылы кем дегенде 10 ғасырдан астам уақыт ұлттың тарихы, фольклоры, генологиялық шежіресі, мемлекеттік хат-хабар құжаттары жүргізілді. Петербор қаласында 1903 жылы жарық көрген «Россия» атты ғылыми журналда, «қазақтың дәстүрлі мәдениетін – тіл табиғатына, ой-пікірін жеткізе білу қабілетіне, бай ауыз әдебиетіне, өнеріне қарап бағалауға болады» деген тұжырым айтылыпты. Дәл қазір қолымызда бар дереккөзіне жүгінсек: М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында қазақ фольклорының үлкен-кішілі 200 мыңдай нұсқасы сақтаулы тұр.

Ұлттың байлығы – фольклоры

Коллаждарды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Жалпы алғанда, қазақ халқының фольклорлық, авторлық ауыз әде­би мұралары – оның жер асты қа­зы­налары мен төрт түлік малы сияқ­ты бабалардан аманат етілген ұлттық байлығы. Яғни дүние жү­зі халықтарының ортақ рухани құн­дылықтарын толықтырып, жалпы адамзаттық өркениетке үлес қосатындай қазақ ұлтының мәдени мұрасы жеткілікті. Солардың бір үлкен бөлігі – жыр, дастандары. Бұл жәдігерлер тарих соқпағының әр кезеңдерінде туындап, авторлары ұмытылса да, сан ғасыр қойнауынан ұрпақтан-ұрпаққа ауызша тарап, халық жадында мәңгілік сақталып келді. Осылай уақыт сүзгісінен өткен бабалар сөзі – ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, олардың психологиясын, эстетикалық танымын, ой өрісін, шы­ғармашылық бағыт-бағдарын өркен­детуге зор ықпал тигізетін дәстүрлі пе­да­гогикалық құндылығы. Егер қазақ бір дүниесімен мақтанар болса – ол ауыз әдебиетінің теңдесі жоқ ерен үлгілерімен, фольклорымен мақтанары сөзсіз.

Халық әдебиетінің негізгі бөлігі дер кезінде хатқа түсіп, жүйелі түрде жиналмай қалғаны шындық. Оның бас­ты себебін қазақ халқының соңғы үш ғасырда бастан кешірген тарихи, саяси-әлеуметтік ахуалымен біртұтас қарастырған жөн. Ал бүгінге жетіп отырған Қазақстанның Ұлттық және Орталық кітапханалары, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Кітап мұражайларының сирек қорында сақталған қолжазбалар мен көне кітаптар халықтың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткізген рухани жәдігерлерінің үлкен парасы.

Осы орайда, халқымыз үшін аса құнды һәм бағалы дүние «Бабалар сөзі» жүзтомдығының жарық көруі келер ұрпақ үшін зор қазына. Бұған дейін отандық архив сөрелерінде жатқан қисапсыз қолжазбаларды бұрқыратып шаңын қағып, қадім жазуынан кириллицаға аудару көп-көп қиындық тудырғаны анық. Осындай қиындыққа қарамай күні-түні көз майын тауысып, шаңға тұншығып, түшкіріп-пысқырып жүрсе де, он жылға жуық ізденіс жасап, жұмысты абыроймен атқарып шыққан мамандар ісі үлкен ерлік екені сөзсіз.

Осындай жанкешті жанның бірі – филология ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қолжазба және текстология ғылыми-инновациялық бөлімінің меңгерушісі болған мар­құм Тоқтар Әлібектің естелігінде: «Бағ­дарламаның алғашқы алты жылында эпостық жырлардың 63 томы жарық көрді, оның 10 томы Қытай еліндегі қазақтар фольклорына арналған. Бұл топтамаларда 52 хикаялық, 65 діни, 57 ғашықтық дастандар, 95 тарихи, 47 шежірелік, 4 топонимдік, 103 батырлық, 10 аңыздық (89-т.) жыр­лар мен олардың варианттары, версиялары қамтылды. «Бабалар сөзі» жүзтомдығының бұдан кейінгі томдары қазақ фольклорының шағын жанрлары: жұмбақ, мақал-мәтел, қара өлең т.б. бағытталды» дейді.

Атап айтқанда, 64-томға 2 279 жұмбақ, 65-69 томдарға 27 577 мақал-мәтел, 70-71 томдарға 6771 шумақ қара өлең, 72-77 томдарға 531 ертегі, 78-томға 77 миф, 79-томға Моңғолия қазақтарының фольклоры – жалпы мәтін саны: 1247, 80-88 томдарға 370 топонимдік, 320 шежірелік, 356 күй, 612 тарихи аңыздар, 90-91 томдарға 198 ғұрыптық фольклор мәтіні, 92-томға 110 өтіріктер мен мысалдар, 93-94 томдарға 3 515 магиялық фольклор мәтіні, 95-томға 200 хикаят, 96-98 томдарға 1033 ауызекі әңгіме, 99-100 томдарға 1416 шумақ ән-өлеңдер енгізілген екен.

Осындағы жүзтомдықтың жанр­лық сипаты мен сюжеттік мазмұнына жеке-жеке тоқталар болсақ, 2004 жы­лы басылым көрген 1-9 томдар Шығыс халықтары сюжеттеріне құрылса, 2005 жылы жарыққа шыққан 10-16 томдарға Қазан төңкерісінен кейін айырықша тыйым салынып, оқырмандар үшін жабық күйінде қалып келген қырық үш діни дастан енгізіліпті. Бұл дастандардың дені 1807-1917 жылдар аралығында Санкт-Петербург, Уфа шаһарларында, сондай-ақ Қазан қаласындағы «Университет», «Домбровский», «Орталық», «Кәрімовтер», «Үміт» т.б. баспаханалардан араб-қадім әліпбиінде теріліп, жарық көрген туын­дылар көрінеді.

Әдебиет сүйер қауым жақсы білуі тиіс. Қазақ фольклорының өзегі – батырлар жыры. Бұл жанрға «Бабалар сөзі» сериясының 33-52 томдары арналса, жүзтомдықтың 53-томына «Қыз Жібек», 54, 55-томдарына «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қатарлы ғашықтық дастандар жарияланыпты. Ал келесі 56-63 томдары тарихи жырларға бағышталған.

Сол сияқты, «Бабалар сөзі» жүз­том­дығының бұдан кейінгі томдары қазақ фольклорының шағын жанрларды жариялау жұмбақтардан бас­тау алса, топтаманың 65-69 томдарына мақал-мәтелдер топтастыры­лыпты. Алғашқы 65-томға енген мақал-мәтелдердің негізгі мәтіндері 2001 жылы басылым көрген «Қазақ халқының мақалдары мен мәтелдері» жинағынан және сирек қорлардағы қолжазбалардан, сондай-ақ фольклор­лық-этнографиялық экспедициялар жұмысы негізінде жинаған материал­дар бойынша дайындалған екен.

Топтаманың келесі 66-томына көне түркі заманынан бері тасқа басылып, орта ғасырларда қолжазба кі­тап күйінде хатқа түскен: Білге қа­ған, Тоңыкөк, Күлтегін сынды би­­­леушілер сөздері және Жүсіп Ба­ла­­сағұни, Махмұд Қашқари т.б. ең­бек­терінде кездесетін мақал-­мәтел­ге айналған даналық мәтін­дер, сондай-ақ ХІХ ғасыр мен ХХ ға­сыр басындағы қазақтың алғаш­қы ағартушы толқын өкілдері: М.Қ.Бабажанов, Ш.Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, Ә.Диваев, М.Еш­мұ­хамедов, М.А.Ысқақбаласы, А.Бар­жақсыбаласы және орыс хал­қының ұстаз-ағартушылары: В.В.Ка­таринский, Н.Н.Пантусов, В.Ф.Герн, А.В.Васильев т.б. жинап, бастырған қазақтың халық туындыларының үлгілері енгізілсе, келесі 67-томға Қытай Халық Республикасында тұратын қазақтар арасынан жиналған және сонда жарық көрген мақал-мәтелдер жарияланыпты.

«Қазақ мақал-мәтелінің» жалғасы болып табылатын 68-томға ХІХ ға­сырдың ортасынан бастап, ХХ ға­сырдың екінші жартысы, яғни біржарым ғасыр мерзімді қамтитын халық мұраларының үлгілері ұсы­нылса, 69-томға әр жылдары жинап тапсырылған қолжазба мұралары енгізіліпті. Кезекті 70, 71-томдар қадым заманнан бері халық жадында сақталып келе жатқан фольклордың көне жанры қара өлеңге арналған екен. Осындағы 70-томға кірген мәтін нұсқалары профессор А.Сейдімбектің «Мың бір маржан» (1989), ақын О.Асқардың «Қара өлең» (1997) жинақтарының негізінде, сондай-ақ бұрын баспа жүзін көрмеген 3918 шумақ қара өлең үлгілері қамтылса, 71-том түгелдей Қытай еліндегі қазақтар арасынан жиналыпты.

Осылай қалың оқырманға жол тартқан 73-100 томдықтар негізінен алғанда, қиял-ғажайып ертегілері (74-том), батырлық ертегілер (75-том), новеллалық ертегілер (76-том), сатиралық ертегілер (77-том), қазақ мифтері (78-том), сонымен қатар 81-82 томдарға шежірелік аңыздар топтастырылса, 85-95 томдарға әр ғасырларға тән тарихи аңыздар, ғұрыптық һәм магиялық фольклор түрлері қамтылыпты. Ал 96-100 томдарға ауызекі әңгіме үлгілері мен ән-өлең жанрлары енгізілген екен.

Бұл арада атап өтерлік жайт, әр кезеңдерде, түрлі аймақтардан жинақталған бұл халық туындылары нұсқалық ерекшеліктеріне байланыс­ты текстологиялық тұрғыда сарапталып, керек болған жағдайда бірнеше нұсқасы қатар берілуімен ерекшеленсе, әдеби қорларда сақталған қолжазбалар, сирек кітаптар, басылымдар, микро, аудиотаспалар зерттеу нысанасына алынғанын айта кеткен дұрыс.

Жүзтомдық «Бабалар сөзі» топтамасы толық басылып шыққаннан кейін оның тұсаукесер рәсімі 2014 жылы Франкфуртта өткен әлемдік кітап жәрмеңкесінде өтіп, туынды әлем жұртшылығына таныстырылды. Тұсаукесерге жиналған Әзербайжан, Өзбекстан, Беларусь, Украина, Ресей, Германия елдерінің өкілдері қазақ тілін білмесе де, қазақтың ауыз әдебиетінің осыншалық мол мұрасы жинақталған том-том кітаптарды қолдарымен ұстап, алақандарымен аялап, таңданыстарын жасырмады, бастарын шайқаумен болды. Бұндай құнды мұра қазақ халқын әлемге жаңа қырынан танып жатқанын да жасырмады. Өйткені, бұған дейін түркі халықтары ішінен қырғыздар 40 том, башқұрттар 20 том ауыз әдебиеті үлгілерін жарыққа шығарған екен. Ал қазақтар шығарған жүзтомдықтың жалпы көлемі – 2 600 баспа табақты құрағаны еуропалықтарды еріксіз бас шайқатты.