Коллаждарды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Жалпы алғанда, қазақ халқының фольклорлық, авторлық ауыз әдеби мұралары – оның жер асты қазыналары мен төрт түлік малы сияқты бабалардан аманат етілген ұлттық байлығы. Яғни дүние жүзі халықтарының ортақ рухани құндылықтарын толықтырып, жалпы адамзаттық өркениетке үлес қосатындай қазақ ұлтының мәдени мұрасы жеткілікті. Солардың бір үлкен бөлігі – жыр, дастандары. Бұл жәдігерлер тарих соқпағының әр кезеңдерінде туындап, авторлары ұмытылса да, сан ғасыр қойнауынан ұрпақтан-ұрпаққа ауызша тарап, халық жадында мәңгілік сақталып келді. Осылай уақыт сүзгісінен өткен бабалар сөзі – ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, олардың психологиясын, эстетикалық танымын, ой өрісін, шығармашылық бағыт-бағдарын өркендетуге зор ықпал тигізетін дәстүрлі педагогикалық құндылығы. Егер қазақ бір дүниесімен мақтанар болса – ол ауыз әдебиетінің теңдесі жоқ ерен үлгілерімен, фольклорымен мақтанары сөзсіз.
Халық әдебиетінің негізгі бөлігі дер кезінде хатқа түсіп, жүйелі түрде жиналмай қалғаны шындық. Оның басты себебін қазақ халқының соңғы үш ғасырда бастан кешірген тарихи, саяси-әлеуметтік ахуалымен біртұтас қарастырған жөн. Ал бүгінге жетіп отырған Қазақстанның Ұлттық және Орталық кітапханалары, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Кітап мұражайларының сирек қорында сақталған қолжазбалар мен көне кітаптар халықтың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткізген рухани жәдігерлерінің үлкен парасы.
Осы орайда, халқымыз үшін аса құнды һәм бағалы дүние «Бабалар сөзі» жүзтомдығының жарық көруі келер ұрпақ үшін зор қазына. Бұған дейін отандық архив сөрелерінде жатқан қисапсыз қолжазбаларды бұрқыратып шаңын қағып, қадім жазуынан кириллицаға аудару көп-көп қиындық тудырғаны анық. Осындай қиындыққа қарамай күні-түні көз майын тауысып, шаңға тұншығып, түшкіріп-пысқырып жүрсе де, он жылға жуық ізденіс жасап, жұмысты абыроймен атқарып шыққан мамандар ісі үлкен ерлік екені сөзсіз.
Осындай жанкешті жанның бірі – филология ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қолжазба және текстология ғылыми-инновациялық бөлімінің меңгерушісі болған марқұм Тоқтар Әлібектің естелігінде: «Бағдарламаның алғашқы алты жылында эпостық жырлардың 63 томы жарық көрді, оның 10 томы Қытай еліндегі қазақтар фольклорына арналған. Бұл топтамаларда 52 хикаялық, 65 діни, 57 ғашықтық дастандар, 95 тарихи, 47 шежірелік, 4 топонимдік, 103 батырлық, 10 аңыздық (89-т.) жырлар мен олардың варианттары, версиялары қамтылды. «Бабалар сөзі» жүзтомдығының бұдан кейінгі томдары қазақ фольклорының шағын жанрлары: жұмбақ, мақал-мәтел, қара өлең т.б. бағытталды» дейді.
Атап айтқанда, 64-томға 2 279 жұмбақ, 65-69 томдарға 27 577 мақал-мәтел, 70-71 томдарға 6771 шумақ қара өлең, 72-77 томдарға 531 ертегі, 78-томға 77 миф, 79-томға Моңғолия қазақтарының фольклоры – жалпы мәтін саны: 1247, 80-88 томдарға 370 топонимдік, 320 шежірелік, 356 күй, 612 тарихи аңыздар, 90-91 томдарға 198 ғұрыптық фольклор мәтіні, 92-томға 110 өтіріктер мен мысалдар, 93-94 томдарға 3 515 магиялық фольклор мәтіні, 95-томға 200 хикаят, 96-98 томдарға 1033 ауызекі әңгіме, 99-100 томдарға 1416 шумақ ән-өлеңдер енгізілген екен.
Осындағы жүзтомдықтың жанрлық сипаты мен сюжеттік мазмұнына жеке-жеке тоқталар болсақ, 2004 жылы басылым көрген 1-9 томдар Шығыс халықтары сюжеттеріне құрылса, 2005 жылы жарыққа шыққан 10-16 томдарға Қазан төңкерісінен кейін айырықша тыйым салынып, оқырмандар үшін жабық күйінде қалып келген қырық үш діни дастан енгізіліпті. Бұл дастандардың дені 1807-1917 жылдар аралығында Санкт-Петербург, Уфа шаһарларында, сондай-ақ Қазан қаласындағы «Университет», «Домбровский», «Орталық», «Кәрімовтер», «Үміт» т.б. баспаханалардан араб-қадім әліпбиінде теріліп, жарық көрген туындылар көрінеді.
Әдебиет сүйер қауым жақсы білуі тиіс. Қазақ фольклорының өзегі – батырлар жыры. Бұл жанрға «Бабалар сөзі» сериясының 33-52 томдары арналса, жүзтомдықтың 53-томына «Қыз Жібек», 54, 55-томдарына «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қатарлы ғашықтық дастандар жарияланыпты. Ал келесі 56-63 томдары тарихи жырларға бағышталған.
Сол сияқты, «Бабалар сөзі» жүзтомдығының бұдан кейінгі томдары қазақ фольклорының шағын жанрларды жариялау жұмбақтардан бастау алса, топтаманың 65-69 томдарына мақал-мәтелдер топтастырылыпты. Алғашқы 65-томға енген мақал-мәтелдердің негізгі мәтіндері 2001 жылы басылым көрген «Қазақ халқының мақалдары мен мәтелдері» жинағынан және сирек қорлардағы қолжазбалардан, сондай-ақ фольклорлық-этнографиялық экспедициялар жұмысы негізінде жинаған материалдар бойынша дайындалған екен.
Топтаманың келесі 66-томына көне түркі заманынан бері тасқа басылып, орта ғасырларда қолжазба кітап күйінде хатқа түскен: Білге қаған, Тоңыкөк, Күлтегін сынды билеушілер сөздері және Жүсіп Баласағұни, Махмұд Қашқари т.б. еңбектерінде кездесетін мақал-мәтелге айналған даналық мәтіндер, сондай-ақ ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақтың алғашқы ағартушы толқын өкілдері: М.Қ.Бабажанов, Ш.Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, Ә.Диваев, М.Ешмұхамедов, М.А.Ысқақбаласы, А.Баржақсыбаласы және орыс халқының ұстаз-ағартушылары: В.В.Катаринский, Н.Н.Пантусов, В.Ф.Герн, А.В.Васильев т.б. жинап, бастырған қазақтың халық туындыларының үлгілері енгізілсе, келесі 67-томға Қытай Халық Республикасында тұратын қазақтар арасынан жиналған және сонда жарық көрген мақал-мәтелдер жарияланыпты.
«Қазақ мақал-мәтелінің» жалғасы болып табылатын 68-томға ХІХ ғасырдың ортасынан бастап, ХХ ғасырдың екінші жартысы, яғни біржарым ғасыр мерзімді қамтитын халық мұраларының үлгілері ұсынылса, 69-томға әр жылдары жинап тапсырылған қолжазба мұралары енгізіліпті. Кезекті 70, 71-томдар қадым заманнан бері халық жадында сақталып келе жатқан фольклордың көне жанры қара өлеңге арналған екен. Осындағы 70-томға кірген мәтін нұсқалары профессор А.Сейдімбектің «Мың бір маржан» (1989), ақын О.Асқардың «Қара өлең» (1997) жинақтарының негізінде, сондай-ақ бұрын баспа жүзін көрмеген 3918 шумақ қара өлең үлгілері қамтылса, 71-том түгелдей Қытай еліндегі қазақтар арасынан жиналыпты.
Осылай қалың оқырманға жол тартқан 73-100 томдықтар негізінен алғанда, қиял-ғажайып ертегілері (74-том), батырлық ертегілер (75-том), новеллалық ертегілер (76-том), сатиралық ертегілер (77-том), қазақ мифтері (78-том), сонымен қатар 81-82 томдарға шежірелік аңыздар топтастырылса, 85-95 томдарға әр ғасырларға тән тарихи аңыздар, ғұрыптық һәм магиялық фольклор түрлері қамтылыпты. Ал 96-100 томдарға ауызекі әңгіме үлгілері мен ән-өлең жанрлары енгізілген екен.
Бұл арада атап өтерлік жайт, әр кезеңдерде, түрлі аймақтардан жинақталған бұл халық туындылары нұсқалық ерекшеліктеріне байланысты текстологиялық тұрғыда сарапталып, керек болған жағдайда бірнеше нұсқасы қатар берілуімен ерекшеленсе, әдеби қорларда сақталған қолжазбалар, сирек кітаптар, басылымдар, микро, аудиотаспалар зерттеу нысанасына алынғанын айта кеткен дұрыс.
Жүзтомдық «Бабалар сөзі» топтамасы толық басылып шыққаннан кейін оның тұсаукесер рәсімі 2014 жылы Франкфуртта өткен әлемдік кітап жәрмеңкесінде өтіп, туынды әлем жұртшылығына таныстырылды. Тұсаукесерге жиналған Әзербайжан, Өзбекстан, Беларусь, Украина, Ресей, Германия елдерінің өкілдері қазақ тілін білмесе де, қазақтың ауыз әдебиетінің осыншалық мол мұрасы жинақталған том-том кітаптарды қолдарымен ұстап, алақандарымен аялап, таңданыстарын жасырмады, бастарын шайқаумен болды. Бұндай құнды мұра қазақ халқын әлемге жаңа қырынан танып жатқанын да жасырмады. Өйткені, бұған дейін түркі халықтары ішінен қырғыздар 40 том, башқұрттар 20 том ауыз әдебиеті үлгілерін жарыққа шығарған екен. Ал қазақтар шығарған жүзтомдықтың жалпы көлемі – 2 600 баспа табақты құрағаны еуропалықтарды еріксіз бас шайқатты.