Руханият • 14 Ақпан, 2022

Төңкерісшіл романтизм алдаспаны

226 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Бәрімізге белгілі жайт белгілі бір әдеби әдіске сүйеніп жазылған әдебиет қазақ халқының өнер тарихындағы зор рухани құбылыс болған ұлы туындылар негізінде жасалды десек, оны дүниеге әкелген әдебиет алыптары қазақ әдебиетінің жетекші күші, сусындаушы нәрі ретінде өзін филологиялық кең ауқымда зерттейтін ғалымдар мүдделестігін, одақтастығын түзді.

Төңкерісшіл романтизм алдаспаны

 

Жалқыны танымай жалпыны тани алмайтындығымызды Қ. Өмірәлиев: «Әрине, бұл жолдың өзі әдеттегі даңғыл жол да емес, өте қиын жол. Қиын болатыны – Абай сияқты бірінші объектінің өзі ауыр жол, осы жолды өзге әдіспен, өзге бір формамен зерттеп, суреттеп шыққан, біріне – бірі байланысты, өзектес, шарттас тағы бір қос жол  –  Әуезовтей ірі зерттеуші, ұлы суреткер салған екінші жол бар. Мекемтас осы жолдарды еркін, талықпай өтіп келіп отыр. Осы жолда өзі де Абайтану саласынан келіп барып Мұхтартану жолын бастаған. Біз осы жолда авторға сәт сапар тілейміз» [1] – деп, атап көрсетеді. Міне, осы жолдан сәкентануда өзіндік із қалдырған С.Қирабаев, Р.Нұрғали сынды зерттеушілер өте білді.

Жалпыға аян, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы 30 жылы Сәкен Сейфуллиннің өнімді еңбек еткен шығармашылық алтын кезеңі болып, әрі ақынның қазақ романтизмін дамытуға өзіндік үлес қосқан шақтарынан хабар береді. Қазан төңкерісінен кейінгі он жылдықтардың әдебиетін тану, кей тұста Сәкенді танудан бастау алып отыратыны жасырын емес. Сәкентануды әдеби айналысқа енгізу қазақ әдебиеттануында Хурщеев жылымығынан бастау алған болса, осы салада ерен еңбек еткен ғалымдардың екінші ірі табысы – библиографиялық көрсеткіштер арқылы Сәкентанудың қалай басталып, қалай дамығанын, қалай жеке әдеби ілім ретінде  дараланып шығуын көрсетіп, Сәкентанудың тарихын жасай алды. Осыдан кейін әдебиетіміздің ең соңғы қол жеткізген табыстары негізінде жалпы ұлттық деңгейде Сәкен Сейфуллин мұралары түрлі аспектіде зерделене бастады.

Ал, бұл бағыттың белді өкілі, С.Сейфуллин еңбектерін жүйелі зерттеуге үлкен үлес қосқан ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттану ғылымына зор жетістік әкелген Тұрсынбек Кәкішев екендігі дау туғызбайды.

Ақын 1955 жылы ақталғаннан кейін сәкентанушылар Е.Ысмайылов, Т.Кәкішев құрастырған «Сәкен Сейфуллин» әдебиеттердің көрсеткіші 1965 жылы жарық көрді. Осы еңбектің барлығы біздегі музей қорында сақталған.

Осы орайда, кемеңгер ғалымының Нұр-Сұлтан қаласының қақ төрінде орналасқан С.Сейфуллиннің мұражайына сіңірген ұшан-теңіз еңбегін ерекше атап өткен дұрыс. Ең алдымен Т.Кәкішев мұражай қорындағы құнды еңбектердің толығып, экспозициясының мазмұнының кеңеюіне үлкен еңбек сіңіргендігін бөле-жара айтуға тиіспіз. С.Сейфуллиннің жан жары Гүлбаһраммен сұхбаттасып, ақынның екеуара жазысқан хаттарын, тұтынған заттай құнды жәдігерлерін біздегі мұражай қорына алғаш табыстаған да жан еді. Мұражай ашылғаннан бері ғылыми кеңестің мүшесі ретінде қашан өмірден өткенше ғылыми жобалар жасауға бағыт-бағдар, ақыл-кеңес беріп келді. Жалпы зерделі ғалым С.Сейфуллин мұражайының қорына құжаттай-заттай 100-ге тарта құнды жәдігер өткізіп үлкен азаматтық жасап кетті. Нәтижесінде 1936 жылы Сәкен Сейфуллин шығармашылығының 20 жылдығына арналған алғашқы библиографиялық көрсеткіш жарыққа шықты. Бүгінде Астанадағы Сәкен Сейфуллин музейі – еліміздегі елеулі музейлердің бірі болып саналады. Оның себебі музейдің елордада орналасқандығында ғана емес, жұдырықтай жұмылған ұжымның отыз жылдық ғұмырындағы үздіксіз еңбектенуде болса керек. Еңбектенуші музей қызметкерлері болғанмен, қызу жұмысқа қызықты тақырыптардың өзегі Сәкеннің қазаққа сіңірген еңбегінде.

Сәкен – ақын, жазушы ретінде әдебиеттің барлық жанрына қалам тартып қана қоймай, қазақ әдебиетінің тарихын да түгендеуге атсалысқан тұлға екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Оның үстіне күнделікті тез ойлап, тез тұжырым жасап, жедел жазуды талап ететін мерзімді басылымдардан «ат-тонын ала қашпай», қайта тығыз байланыста болуы қазаққа қалтқысыз қызмет етудің үлгісі еді. Тарихы терең қазақ ұлты «қырғыз» деп аталып жүргенде «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деп жарияға жар салған намысты ұлдың батыл қадамын ХХ ғасырдың басындағы қай қазақ қайталай алды?

Қазаққа қазақ атын қайтарған Сәкендей ұлы тұлғаға қазақтың әрбірі тағзым етуге лайық емес пе?!.

Бүгінгі күні көрнекті ақын Несіпбек Айтұлы басқарып отырған мұражай қызу еңбек үстінде. Жыл аралатпай кітап шығарады, Сәкеннің жазған еңбектерін ғылыми кеңеске салып, зерттелуін, ғылыми айналымға түсуін жіті қадағалайды. Елордаға гуманитарлық ғымылмда жүргендердің басын қосып, Сәкен бастаған істі әруақытта қызу талқылап, сәкентану ғылымын бір уақыт та дамылдатпайды. Оның нақты дәлелі – «Тар жол, тайғақ кешу» роман-эссесіне текстологиялық талдау жасалып, «Сырсандық» сериясының ІІІ томы болып жарық көрді. Сәкенге қатысты шаралар күн сайын еселей түсуде. Бүгінгі күні Елбасының арнайы тапсырмасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыруды» Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Сәкен Сейфуллин мұражайына қатысты 1988 жылы-ақ бастап берген. Елбасының сол бастамасы үздіксіз жұмыс үстінде. Содан бергі мұражайдың отыз жылының әрбір күні Сәкен төңірегіндегі іс-шаралармен өріліп отыр. Енді міне дүркіретіп ақиқын ақын, беделді қоғам қайраткерінің 125 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтуге күш салып жатыр.

Біз Сәкен романтизміне қатысты өз ойымызды осы шағын мақалаға арқау етпекпіз.

Қ. Мұхаметқанұлы ХХ ғасыр басына дейін қазақ әдебиеті Шығыстық негізде ғана дамып келсе, енді Абай үлгісімен еуропадан үйрену дәуірі басталғандығын сөз етеді. Осы шақта қазақ қаламгерлері түрлі романтикалық ағымдарды өмірге әкелді. Екі ерекше романтик ақын Сәкен мен Мағжан батыс пен шығыстан үлгі алуды доғарып, ұлттық нақыштағы  алаштық романтикалық әлемді туғызды.

ХХ ғасыр басындағы қазақ романтизмнің өзіндік ерекшеліктерін, басқа елдердің романтиктерімен ұқсастықтарын танып білу жолында  жасалған соны ізденістер[2]   легі көңілді қуантады. Бізде, өзімізше, осы бір романтикалық әдебиетімізді Сәкенге қатысты жаңаша зерделеуге талпыныс жасауға тырыстық.     

Отандық әдебиеттану ғылымында түрлі бағыттар мен ағымдар, көркемдік әдіс – тәсілдер мәселесі төңірегінде көкейкестілік зерттеушілер назарын әлі күнге өздеріне аударып келеді. Соның ішінде қазақ әдебиетіндегі, әсіресе, лирикадағы әр дәуірдегі романтизмнің дамуы күрделі де, жүйелі зерттеуді қажет етеді. Әдебиетіміздегі Сәкен негізін салған төңкерісшіл романтизм дамуының ерекшелігі мен дәстүр жалғастығы өз кезегінде сөз етілуде.

 ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі романтизм өзінің мазмұнына қарай:

1.төңкерісшіл немесе ілгерінді;

2.әлеуметтік – консервативтік;

3.элегиялық – философиялық

4.діни - өсиетшіл;

5.индвидуалдық романтизм болып келетін қазақ әдебиетіндегі бұл  ағымдарын зерттеу күрделі, әрі зерттеушісін күтіп жатқан қызғылықты проблема[2,64]. Қазан төңкерісінен кейінгі алма – ғайып кезеңде осы шығармашылық түр әдебиетімізде жетекші рөлге ие болды. Біздің бұған алып – қосарымыз, Сәкенде ұшырасатын азаматтық, психологиялық романтизм. Романтизм ағымдарының қилы белгілерін осы кезеңде әдеби ғұмыр С.Сейфуллиннен жолықтырамыз.  Ілияс пен Сәкен романтикалық өнер түрін өз шығармашылығында неғұрлым молынан пайдаланды.

ХХ ғасырдағы орыс романтизміне жасалған У.Р.Фохт және Е.А.Маймин классификациясын басшылыққа ала отырып, қазақ романтизмін былайша бөлуге болатын сияқты:

  1. Азаматтық романтизм: А.Байтұрсынов, М. Дулатов т.б.
  2. Революциялық романтизм: С.Сейфуллин, І. Жансүгіров т.б.
  3. Философиялық романтизм: М. Көпейұлы, Ғұмар Қараш т.б.
  4. Психологиялық романтизм: С.Торайғыров, Б. Күлеев т.б.
  5. Синтетикалық романтизм: Абай мен Шәкәрім.

Болмыс пен арман арасындағы қарсы тұрушылық романтизмнің елеулі мәнін ашып, оның пафосындағы тереңдікті айырады. Романтиктер тектен – тек ескіше өмір сүруге, ескіше ойлануға қарсы шықпайды. Шынайы, олар қабыл алмайтын болмысқа романтизмді / әр түрлі тұрпатта, түрлінше ұғылатын /, «жоғарғы», поэтикалық болмысты қарсы қояды.

Әлбетте, осындай болмыс идеалының қарсы тұрушылығы тек қана романтикалық сана мен романтикалық өнердің нышандары болып табылмайды. Сонымен бірге басқа бағытта жазатын суреткерлерге де тән ерекшелік, ал бұл романтизмде айырықша, бірінші дәрежедегі мәнге ие. «Арман мен шындық» антитезасы романтиктер үшін жемісті болып, романтиктің көркемдік әлемін құрып, бір мезетте әрі басты идеологиялық, әрі басты эстетикалық принцип болып табылады.

 «Шындық пен арман» антитезасы – романтикалық өнер түрінің тек қана сипаты мен нышаны ғана емес, оны әдеби бағыт ретінде өмірге әкелген бастау көзі. Рухани және материалдық нақты шындықты жоққа шығару романтизмнің ерекше бағыт ретіндегі әлеуметтік – дүниетанымдық алғышарты болып табылады.

Романтикалық өнер түрі белгілі бір дәуірдің шеңберінде тұйықталып қалмайды, қайта өткенге араға уақыт салып, қайыра бір соғып отырады деген тұжырым жасағанымыз орынды. Осылайша суреткерлер тарапынан өздері таңдап алған өнер түрінің табиғатына, эстетикалық сұранысына орай романтизмге деген көркемдік қажеттілік жаңадан, қайтадан туындап отырады.

Осыған байланысты көркемдік жаңалық пайда болады, бірақ ол ұлттық салт – санада бұрынан бар түсініктердің (Сәкеннің «Домбыра», «Тұлпар» т.б. революциялық символдары) ел өміріндегі қалыптасқан жаңа жағдайға орай қайыра жаңғыруы болып табылады. Қалыптасқан көркем уақыт пен шартты кеңістікті игеруге лайықты ізденіс жолында кейде суреткер романтиктерімізді бұрыннан бар бейнелілік құралдары өздеріне ынтық етсе, кейде Сәкен дәстүріндегі романтикалық тұлғалану өз ырқына тартқанымен, әрдайым қаламгердің поэтикалық таңдауын айқындауда оның қоғамдық ұстанымы, эстетикалық принципі, өмір тәжірибесі жетекші рөл атқаратынын естен шығармауымыз керек.

Шындық өмірдегі жағдайлар романтикасы кеңес қазақ романтизмінің пайда болуына себепші болды. Қазан төңкерісінен кейінгі дәуір және азамат соғысы өнерде өте күшті романтикалық серпіліс тудырды. Қоғам тудырған жаңа адам тебіренісін бейнелеу, шындық өмірге назар салып, оқиғалар мен октябрь қаһармандарын дәріптеу етек алды. Өткен ғасыр басында пайда болған ұлттық романтизм жаңа жағдайға бейімделіп, өз өмір сүруін жалғастырды.

Суреткер идеалы, оның қоғамдық идеалмен біте қайнасуы кез келген шығармада төбе көрсетсе де, оның осы бой көрсетуі әр түрлі болып келеді. Нақты – реалистік туындыларда идеал кейіпкердің әрекетін, өзара қарым – қатынасына, барлық көркемдік кестелеуге нұр шашатын жасырын жарық көзі ретінде не ана, не мына қаһарманның іс – әрекетін ашып береді. Бірақ табиғилық бұзылмауға тиіс. Жасандылыққа жол жоқ. Романтикалық шығармада бәрі де басқаша болып келеді. Мұнда идеал образдар характері мен жүйесіне үлкен әсер етеді. Көркемдік өрнегінен айқын көрініп, өзінің бейнелі таңбасын басады. Ақын пайымдаған рухани құндылық бейнеде өзгеше әлпетке ие болады. Идеал тек жағымды кейіпкерді әспеттеп қоймайды, жексұрындық та ерекше идеалға ие болады:

 Лек – лек жындай

Жау айнала құрсанды

Қан сорғыштар

Бар құралын жұмсады,

Антанта сұм

Аттандасып,

Жанталасып,

«Қыр, қыр!» десіп,

Жынды сұмдар ұрысады.

С. Сейфуллин.

Бұрын әдебиетімізде жексұрын бейнелер: Медғат, Мұрат, Жүсіп т.б. болып келсе, енді тұтас бір әлеуметтік топ жинақталып, типажданып жырлана бастады. Оны екі түрлі тұрғыдан қарастыруға болады. Бірі – ұлтшылдар.

 Сен кеше саяда жаттың ғой?

Арсылдап талайға шаптың ғой?

Машинист сияқты кір басқан

Талайды жұлмалап қаптың ғой? –

деп, ақындар өздері интернационализм жаулары деп есептегендерін сын садағына алған дәуір еді. Екіншісі – буржуа бейнесі.

 Советстан – сегіз жасар арыстан,

Сансыз жауын қалтыратқан алыстан.

Әлемді алған

Шынжыр салған,

Ескі жалған

Жеті басты жалмауызбен алысқан, –

деп Сәкен толғанады. Мұның барлығын жазу тек ой, идея білдіру емес, техниканы да жете меңгеру екенін байқатады. Техникасыз искусствода күш жоқ, өлең онсыз идеясын аша алмайды ақындық шеберлік те тек образға, тіл байлығына ғана байланысты емес, техникаға да тәуелді[3,197]. Сәкеннің жаңа түр табудағы, лексика мен сөйлем құрылысы саласындағы өзгеріс, жаңалықтары әдебиетшілер қауымы арасында бірден қолдау тауып кеткен жоқ.

Адамдық «Мен» дүниедегі бірден – бір, әрі жалғыз шындық ретінде шығармашылық күштің жасампаздығы ретінде танылып, тұлғалық бір тектілік ақыр аяғында бүкіл адамзаттың өзіндік таным – түсінігімен үйлесетіндігі романтиктерді имандай ұйытты. Ол Ислам әлемінде – Мұхаммед пайғамбарға, Алманияда – Хитлерге деген, Францияда – Бонапартқа деген, Рессейде және оның құрамында болған Қазақстанда – Ленинге деген сенім саяси романтизмде Бонапартизмді туғызды, осы ұстаным саясиланған ерекше тұлғаларды жырға қосуға кедергі бола алмады. Осыны орынды аңғарған М. Горький: «Романтизм... тұлғаны қоғамнан жоғары қойып, оны ерекше тылсымға орантып, адамның ерек қабілетімен марапаттап көрсетуге тырысады»[4,43] – деп атап көрсетті. Бұл Сәкеннің саяси адасуы емес, өз дәуіріндегі әдеби процеске өзіндік ұстанымымен араласуы болды.

Романтикалық өнер – көркем мәдениет тарихында өзінше ерек құбылыс. Оның қазақ әдебиетіндегі Сәкен сияқты ірі тұлғаларының шығармашылығындағы орны мен маңызын анықтап алмай, көркемдік дамуының заңдылықтарын тыңғылықты зерттеу мүлде мүмкін емес.

 

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің

«Нұр-Сұлтан қаласының Бірлескен мұражайлар дирекциясы»

МКҚК Сәкен Сейфуллин музейінің біліктілігі

жоғары деңгейлі маманы С. Д. Магзимбаева

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

 

1.Өмірәлиев Қ. Абайтану мен Мұхтартанудағы жаңа өріс // Жалын № 2, 1981.

12 2.Тілешов Е.Е. Суреткер және көркемдік әдіс – Алматы, «Арқас», 2005. 278

б.

29 3.Қирабаев С. Сейфуллин. Монография. Жазушы, Алматы.1974. 432 б.

36 4.Горький М. История русский литературы. М., 1939.