Бұған дейін құжат Мәжілісте мақұлданып, Жоғарғы Палата қарауына жіберілген еді. Заң жобасы қоғамда қызу талқыға түсті. Аталған мәселе жөнінде баяндама жасаған сенатор Ләззат Сүлеймен жобаны әзірлеу кезінде балаларды қорғау саласындағы, халықаралық стандарттар, дамыған мемлекеттердің халықаралық тәжірибесі ескерілгенін атап өтті.
«Бірінші, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекске егер кәмелетке толмаған балаға туысы, өгей әкесі (шешесі) тұлғасында дереу қамқоршы тағайындау қажет болса, тиісті органдар психологиялық дайындықтан өткізбестен қамқоршылықты белгілеуге құқылы. Қазіргі заңнама бойынша баланы алу үшін 1 жыл психологиялық дайындықтан өту керек.
Екінші, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған медициналық оңалту орталықтарын тек астанада, облыстарда, қалаларда ғана емес, аудан орталықтарында, қолданыстағы ауруханалар мен емханалардың базасында құру бойынша жергілікті атқарушы органдардың құзыреті бекітіледі», деді депутат.
Бұл норма ауылдық, аудандық елді мекендегі ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалту қызметін қолжетімді етпек. Осылайша, әрдайым медициналық процедураларға мұқтаж балаларды толыққанды қамтуға жол ашылады.
Үшінші, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу үшін есепке қоюдың мерзімін 6 айдан 3 айға дейін қысқарту бойынша түзетулер енгізіледі. Осы мерзімнің жеткілікті екенін тәжірибе көрсетіп отыр.
Төртінші, «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңға «Баланы жәбірлеу (буллинг)» түсінігі енгізіледі. Буллинг – қорлау сипатындағы жүйелі (екі және одан көп) әрекеттер, қудалау немесе қорқыту, оның ішінде қандай да бір әрекетті жасауға немесе жасаудан бас тартуға мәжбүрлеуге бағытталған әрекеттер, сол сияқты жария түрде немесе бұқаралық ақпарат құралдары және коммуникация желілері пайдаланыла отырып жасалған дәл сол әрекеттер», деді заң жобасының негізгі қағидаларымен толық таныстырып өткен Л.Сүлеймен.
Сенатордың айтуынша, мұндай түсінік мектеп оқушылары арасында өткізілген әлеуметтік сауалдаманың нәтижесінде заңнамалық деңгейде алғаш рет енгізіліп отыр. Сондай-ақ бұл – кәмелетке толмағандардың ортасында зорлық-зомбылық, кемсіту, қысым көрсетудің алдын алудың, ересектердің балаға қарым-қатынасының маңызды тармағы. Норма ғаламтор кеңістігінде жасалған осындай әрекеттерге де қатысты. Заң жобасы арқылы балаға ғаламтор кеңістігінде жасалған кибербуллинг деректерін қарау, алып тастау мәселесі бойынша арыз тәртібі де қарастырылады.
«Мемлекет баланың жеке басына ешкiмнiң тиiспеуiн, яғни балаға физикалық немесе психикалық күш көрсетуден, адамның қадір-қасиетіне қатыгездікпен, дөрекілікпен қараудан, оны қорлаудан қорғайды. Енді «Баланы буллингтен» қорғау құқығы бекітіледі.
Білім беру саласындағы уәкілетті органға психологиялық қызметтердің жұмыс ережесін, баланы қудалаудың (буллингтің) алдын алу қағидаларын әзірлеу мен бекіту бойынша құзыреттілік беру көзделіп отыр. Бұған дейін бұл өкілеттілік жергілікті атқарушы органдарда болды. Жұмыс нәтижесі мардымсыз.
Кәмелетке толмағандарды бейiмдеу орталықтарына 3 жастан 18 жасқа дейінгі қараусыз, қорғансыз қалған балалар уақытша орналастырылады. Осыған дейін бұл орталықтарда баланың ата-анасын немесе басқа да заңды өкілдерін анықтау ғана қажет еді. Енді оларға осы балаларды беру турасындағы қызметі нақтыланып отыр», деді депутат.
Құжатта көрсетілген бесінші өзгеріс «Білім туралы» заңға қатысты. «Ұлттық білім беру дерекқоры» ақпараттық жүйесінің білім беру саласындағы әкімшілік және өзге де деректерді жинауға, өңдеуге және талдау бойынша функциялары анықталады. Онлайн-оқытуды енгізуге бағытталған түзетулер бар. Сондай-ақ колледждерге академиялық дербестік беру көзделіп отыр.
Жоғары оқу орындарының білім беру сапасын арттыру, сондай-ақ олардың қоғам, мемлекет, студенттер, ата-аналар қоғамдастығы алдындағы жауапкершілігін күшейту мақсатында жаңа жоғары оқу орындары үшін лицензияның, жұмыс істеп тұрған жоғары оқу орындары үшін олар кадрлар даярлаудың жаңа бағыттарына лицензия қосымшаларын алған кезде 5 жылдық мерзім енгізіледі.
«Лицензиясынан айырылған білім беру ұйымдары студенттерді оқуын жалғастыру үшін басқа жоғары білім беру ұйымдарына ауыстыруға және олардың жеке істерін тапсыруға тиіс. Келесі мәселе. Кейінгі үш жылда жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың және халықаралық конкурстар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне жоғары білім білім беру ұйымдарына грант беру арқылы қабылдау шарттары реттеледі.
Алтыншы, «Педагог мәртебесі туралы» заңға жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған педагогке бюджет қаражаты есебінен біржолғы сыйақы-көтермелеу қаралып отыр.
Жетінші, «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» заңда әлеуметтік қызметкерлердің құқықтары мен міндеттері нақтыланды. Әлеуметтік қызметкер кәсіби мінез-құлық этика нормаларын сақтауы және әлеуметтік қызмет кезінде жеке жоспарын құруы міндетті болады.
Сегізінші, жобада «Байланыс туралы» және «Ақпараттандыру туралы» заңдарға БАҚ саласындағы уәкілетті органның құзыретін телекоммуникация желілерінде ұлттық заңнаманы сақтау бөлігінде өзара іс-қимыл мәселелерімен нақтылау ұсынылады. Шетелдік онлайн-платформалар және жедел хабар алмасу қызметтерінің заңды өкілдерінің мәртебесі мен міндеттері нақтыланды», деді Л.Сүлеймен.
Заң жобасы жөнінде пікір білдірген Сенат Төрағасы балалардың мүддесін қорғау Президентіміз белгілеп берген мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі екенін айтты. Сондықтан бұл салада қолданылып жүрген тәсілдер мен құқықтық тетіктер үнемі жаңартып отыруды қажет етеді және туындаған сын-қатерлер мен проблемаларға қарсы дер кезінде әрекет етудің де маңызы зор.
Соған байланысты заң жобасында балалардың құқығын қорғауға баса мән берілді. Атап айтқанда, бұл құжат жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үй алу үшін есепке қою мерзімін қысқартуды көздейді. Сондай-ақ балаларды оңалту орталықтарын құру бойынша жергілікті атқарушы органдардың құзыреті кеңейеді және балаларды жәбірлеуден, оның ішінде кибербуллингтен қорғауға қатысты заңнамалық шаралар енгізіледі.
Бұл заң жобасы қоғамда қызу талқыланғаны белгілі. Азаматтық қоғам белсенділері балаларды қорғау туралы нормаларды іске асыруға қатысты түрлі ұсыныстары мен пікірлерін білдірді. Палата Төрағасы сенаторлар келіп түскен өтініштерді ескеріп, заң жобасындағы нормаларды мұқият зерделегенін, соның нәтижесінде бірқатар ережені қайта қарауды ұсынып отырғанын жеткізді.
Осыған орай Мәулен Әшімбаев сенаторлар енгізген бірқатар нақты түзетуге тоқталды. Аталған өзгерістерге сәйкес балаға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша өтініштерді сол үшін арнайы құрылған сараптама тобы қарайды. Сенат Төрағасының айтуынша, бұған дейінгі жобада бұл мәселелерді шешу уәкілетті органның жеке-дара құзыретіне жатқызылған.
«Сенаторлар заң жобасынан уәкілетті органға өз қалауы бойынша интернет-ресурстардың, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің қолжетімділігін шектеуге не жұмысын тоқтата тұруға мүмкіндік беретін өкілеттіктерді алып тастады. Соған сәйкес онлайн-платформалардың өкілдерімен өзара іс-қимыл кезінде балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты ғана жоюға мән берілді. Мұндай тәртіп балаларға қатысты кибербуллинг фактілеріне жедел назар аудару мен қоғамның ақпаратқа деген сұранысы арасындағы теңгерімді ортаны табуға мүмкіндік береді деп сенеміз. Мұндай қадам «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасына және Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың мазмұнына сай келеді», деді Мәулен Әшімбаев.
Палата отырысының қорытындысы бойынша заң жобасын аталған және басқа да түзетулермен Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды.
Сонымен қатар отырыс барысында сенаторлар көктемгі су тасқыны бойынша елдегі жағдай жөнінде орталық мемлекеттік органдар мен өңір басшыларының мәліметтерін тыңдады. Естеріңізге сала кетейік, өткен аптадағы Палата отырысында сенатор Сергей Ершов осы мәселені көтеріп, Үкіметтен төтенше жағдайларға, оның ішінде су тасқынына қарсы тұруға арналған заңнамалық және жүйелі шаралар туралы айтып беруді сұраған еді.
Соған байланысты депутаттардың сауалы бойынша бүгінгі жиында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев және Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары әкімдерінің орынбасарлары сөз сөйледі. Сенаторлар инфрақұрылымдық мәселелерге, су ресурстарын басқаруға және тағы басқа жайттарға қатысты ұсыныстарын айтты.
Мәулен Әшімбаев Үкімет төтенше жағдай салдарын жоюға ғана назар аудармай, тасқынның алдын алуға да бағытталған нақты қадамдар жасауға тиіс екенін айтты.
«Бұған дейін сенаторлар парламенттік тыңдауларда және депутаттық сауалдар арқылы бірнеше рет Үкіметке осы бағыттағы проблемаларды шешу жолдарын ұсынды. Бірақ әлі күнге дейін нақты нәтиже жоқ. Бұл мәселеге немқұрайды қараудың салдары қандай болатынын бәріміз көріп отырмыз. Сондықтан қазір кешенді шешімдер қабылдау қажет. Осы ретте Үкімет мүшелері бүгін сенаторлар көтерген мәселелер мен айтқан ұсыныстарды алдағы жұмыста ескереді деп сенеміз», деді Сенат Төрағасы.
Отырыс кезінде сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады. Серікбай Трұмов Үкімет басшысы Әлихан Смайловқа жолдаған сауалында Маңғыстау облысының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Бұл ретте ол Жаңаөзен қаласының халқын таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін теңіз суын тұщыту зауытын салу жұмыстарын тездетудің маңызды екенін айтты.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында Ерік Сұлтанов Солтүстік Қазақстан облысындағы автомобиль жолдарын жақсарту бойынша жедел шаралар қабылдау керектігіне назар аударды. Оның айтуынша, мұндай қадам өңірдің ғана емес, тұтас еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайына мультипликативті әсер етеді.
Төтенше жағдайлар министріне жолдаған сауалында Әлімжан Құртаев су шаруашылығы бойынша бөлек мемлекеттік орган құруды ұсынды. Бұл мемлекеттің су шаруашылығы саясатын жетілдіру және осы саланы басқарудың қалыптасқан құрылымын қайта қарау тұрғысынан маңызды қадам болмақ.