Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Брифингте екі мәселені – сот актілеріне шағымданудың процестік тәртібі және соттарда азаматтарды қабылдау мәселелері туралы баяндаған Н.Шәріпов шағымдарды, өтінішхаттарды, наразылықтарды қарау тәртібі іс жүргізу кодекстерінде нақты жазылғанын айтты.
Қазақстанда қолданылатын сот ісін жүргізудің төрт түрі бойынша өндірістерді қылмыстық процестік, Азаматтық процестік, Әкімшілік рәсімдік және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстер реттейді. «Сотқа іс түскен кезде оларды компьютер кездейсоқ таңдау әдісімен судьялар арасында автоматты түрде бөледі. Сот төрағаларының да, судьялардың да нақты істі «керекті» судьяға беруге мүмкіндігі жоқ. Осы қатаң тәртіп істі одан әрі қарау барысында, апелляциялық, кассациялық тәртіпте болсын қатаң сақталады. Шағымдар мен өтініштерді, наразылықтарды қарау тәртібі процестік кодекстерде нақты белгіленген», деп түсіндірді спикер.
«Істі алдымен бірінші саты, яғни аудандық соттар қарайды. Іске тараптар шағымданған жағдайда оны апелляциялық деңгейде облыстық соттар қарайды. Кейін шағым кассацияға, яғни Жоғарғы сотқа түседі. Егер азамат кассацияның шешімімен келіспесе, онда оның тағы да 2 мүмкіндігі бар. Бірінші – Бас прокурорға жүгініп, наразылық енгізуді сұрау. Екіншісі – Жоғарғы сот төрағасына жүгініп, кассацияда қайта қарауға ұсыным енгізуді сұрау», деген спикер сот актілерін қайта қараудың басқа жолдары жоқ екенін айтты. «Барлығы да процестік кодекстердің шеңберінде реттеледі, әрбір сот сатысында өтініштерді қараудың өз мерзімі бар», деді ол.
Судьялардың істер мен шағымдарды процестік нормаларды қатаң басшылыққа ала отырып қарауға міндетті екенін ескертіп өткен Н.Шәріпов: «Заң бойынша судьяларға сот залынан тыс жерлерде тараптармен байланыс орнатуға қатаң тыйым салынады», деді.
Ал екінші мәселе – сот істері бойынша азаматтарды қабылдауға қатысты Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы: «Сот актілеріне шағымданудың нақты тәртібі бар бола тұра кейбір азаматтар жеке қабылдау арқылы сот актісін қайта қарауға ықпал еткісі келеді. Барлығы өздерін Жоғарғы сот төрағасының жеке өзі немесе сот алқасының төрағасы қабылдағанын қалайды. Бірақ процестік кодекстер нақты сот істері бойынша азаматтарды қабылдауға тыйым салады. Бұл заңға қайшы әрекет және оған мүлде жол берілмеуі керек», деді.
Сотты басқа мемлекеттік органмен салыстыруға болмайтынын, соттардың өз ерекшеліктері бар екенін түсіндіріп өткен спикер брифингте сот төрағасының өзі судья болғандықтан нақты істер бойынша азаматтарды қабылдауға құқығы жоқ екенін ескертті.
Н.Шәріпов күні бүгінге дейін Жоғарғы сот төрағасы, алқа төрағалары сот актілерімен келіспеген азаматтарды жеке қабылдап келгенін, олардың кейбірі қабылдауда бірнеше рет болғанын да ашық мәлімдеді. «Біз заңға қайшы келсе де азаматтардың өтінішіне құлақ асып, қабылдау жүргіздік. Кез келген істе екі тарап бар. Қылмыстық процесте: сотталушы мен жәбірленуші. Азаматтық процесте: талапкер мен жауапкер. Бірақ біз тек бір тарапты ғана қабылдап, тыңдағандықтан процеске қатысушы екінші тарап бізді айыптап, наразылық білдіре бастады. Себебі әр тараптың өз шындығы бар. Біз бір тарапты қабылдасақ, екінші тарапта сот дауды біржақты қарап жатыр деген күмән туады. Осылайша, жеке қабылдауды мүлдем басқаша түсінеді», деді ол.
Өз сөзінде Н.Шәріпов жеке қабылдауды сот процесіне айналдырудың заңсыз екенін айта келіп, әлемнің бірде-бір елінде судьялардың сот істері бойынша жеке қабылдау жүргізбейтінін алға тартты. Оның сөзінше, бұл сот төрелігінің басты принциптері – тараптардың теңдігі мен жарыспалылығын бұзады.
Ал Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев брифингте Президенттің тапсырмасымен 2020 жылдан бері елімізде қылмыстық процеске кезең-кезеңмен үш буынды модель енгізу басталғанын жеткізді. Жаңа модельдің бірінші кезеңі 2020 жылы енгізілді.
«Осы модель бойынша прокурор тергеудің негізгі шешімдеріне келісім береді. Бұл – адамды күдікті деп тану, оның жасаған әрекетін саралау, істі тоқтату немесе қысқарту және басқалары. Оларды прокурор мақұлдамаса, тергеу шешімдерінің заңды күші болмайды. Қылмыстық процестік кодексте келісім беру мерзімдері және оның барлық процедуралық тұстары нақты жазылған. Келісім беру процесі «Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі» арқылы электронды түрде онлайн форматта жасалады. Тергеуші дайындаған бойда қаулы электронды жүйеде бірден прокурорға түседі», деп түсіндірді ол. «Егер шешім заңды болса, прокурор оған цифрлы қол қойып, сол сәтте оны тергеушіге қайтарады», деді Ә.Шыңдалиев.
Жаңа модельді енгізген уақыттан бері прокурор «фильтрі» арқылы 500 мыңнан астам тергеу шешімі өткен. Нәтижесінде, тергеу сапасы жақсарып, заңсыз шешімдер саны азайған. «Осы жолы үш буынды модельдің үшінші кезеңі басталды. Енді прокурорлар аса ауыр қылмыстар бойынша айыптау актісін өздері дайындайды. Прокурорлар 191 аса ауыр қылмыс бойынша айыптау актілерін жасап, сотқа жолдады. Енді тергеу аяқталған соң прокурорлар тағы да істің барлық материалына толық талдау жасайды. Талдау нәтижесіне сәйкес айыптау актісін дайындап, істі сотқа жібереді, не болмаса қайта қарауға тергеушіге кері жолдайды немесе істі мүлдем тоқтатады. Бұл тәсіл прокурорлардың айғақтарға тәуелсіз баға беру механизмін күшейтті. Адамды айыпталушы деп сотқа жолдағаны үшін жеке жауапкершілік күшейді. Демек бұл механизм тергеу қателеріне және негізсіз айыптауға жол бермеудің тағы да бір фильтріне айналды», деді Бас прокурордың орынбасары.
2023 жылдан бастап барлық сыбайлас жемқорлық туралы істер, ал 2024 жылдан қалған қылмыстық істер осы тәртіпке көшетін болады.
Брифинг барысында прокурорлардың сот сатысындағы рөлі мен өкілеттіктеріне тоқталған прокурорлардың басты міндеті – міндетті айыптау үкімінен бас тартып, заңдылықты қамтамасыз ету екенін айтты. Оның айтуынша, сотта прокурорлар мемлекет атынан айыптауды қолдайды.
«Бұл жерде мынаны ескере кеткен жөн. Бұрын прокурорлар қайтсе де айыптау үкіміне қол жеткізуге ұмтылатын. Қазір мұндай көзқарастан толық бас тартылды. Мемлекеттік айыптаушының басты міндеті – іс бойынша әділдікті және заңдылықты қамтамасыз ету», деді прокуратура өкілі.
Егер ол сот үкімімен келіспесе, онда апелляциялық өтініш береді, яғни облыстық сот алқасына жүгіне алады. Мұндай құқық Бас прокурорда, оның орынбасарларында, облыс прокурорлары мен олардың орынбасарларында және аудан прокурорларында бар.
«Апелляцияға облыстық прокуратура қызметкерлері қатысады. Бұл – тағы бір сүзгі. Олар тек сот шешімінің заңдылығын тексеріп қоймайды. Сонымен қатар мемлекеттік айыптаушы ұстанымына да баға береді. Ол үшін қылмыстық іс материалдарын зерделейді. Үкімнің заңды немесе заңсыз емес екені туралы қорытынды береді. Егер апелляция үкімді күшінде қалдырса, онда кассациялық сатыға – Жоғарғы сотқа наразылық жолдай алады», деді Ә.Шыңдалиев.
Сотқа қатысушы тараптар Жоғарғы сотқа немесе Бас прокуратураға шағым жіберуге құқылы. Бас прокуратура облыстық прокуратура және соттар ұстанымымен байланысты емес. Барлық істерді алдырып, оларды жеке-жеке зерделейді. Оның барысында міндетті түрде дәлелдердің толықтығын, айғақтар мен сарапшы берген қорытынды қателерін, сондай-ақ басқа да маңызды мәселелер ескеріледі. Егер сот шешімі дұрыс болмаса, наразылық енгізіледі.
«Көптеген үкім тараптар шағым бермесе де біздің бастамамен қайта қаралғанын атап өткен жөн. Себебі қылмысты саралауда, түзету мекемесін таңдауда, жаза мерзімін есептеуде қателік кетіп жатады. Сол үшін біз сот шешімдеріне тұрақты түрде мониторинг жасаймыз. Жоғарғы сотпен бірлесіп жекелеген қылмыстық істер санаттары бойынша бірыңғай практика қалыптастырып жатырмыз», деді Бас прокурордың орынбасары.
Брифингте БАҚ өкілдерінің сұрақтарына да жауап берген Бас прокурордың орынбасары бүгінде әр облыстық прокуратурада азаматтарды қабылдау орталықтары құрылғанын айтты. «Қазақстандықтар сол жерден өзіне қажетті кеңес ала алады» дейді ол.
«Кейбір аймақтарда мұндай орталықтар Жоғарғы соттың татуласу орталықтарымен бір алаңда жұмыс істеуде. Ол жерлерде прокуратура басшылары мен қызметкерлері азаматтарды қабылдайды. Шағымды қолма-қол немесе «электрондық үкімет» порталы арқылы беруге болады», деді Ә.Шыңдалиев.
Сондай-ақ Әсет Шыңдалиев тергеу мен соттарда заңдылықты қамтамасыз ету бойынша прокуратура органдары жұмысының негізгі аспектілеріне тоқталды. Мемлекет басшысы қылмыс саласында адам құқықтарын қорғауды күшейтуге тұрақты назар аударып келеді. Ал Президенттің тапсырмасымен 2020 жылдан бері Қазақстанда ЭЫДҰ елдері тәжірибесінің негізінде қылмыстық процеске кезең-кезеңмен үш буынды модель енгізу басталды. «Оның негізгі мазмұны – полиция, прокуратура және сот арасында өкілеттіктерді нақты бөлу. Бұл тәртіп бойынша полиция айғақтарды жинап, оларды бекітеді. Ал прокурор маңызды шешімдерді қабылдауға келісім беріп, істі сотқа жолдайды. Өз кезегінде сот бақылау жасайды, үкім шығарады және жаза белгілейді», деді спикер.
Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаев сот істері бойынша азаматтардың өтініштерін қарау кезінде адвокаттар жиі бетпе-бет келетін өзекті мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, ол сот істерін қарау кезінде адвокаттардың шынайы тәуелсіздігін қамтамасыз ету, олардың мемлекет кепілдік берген заң көмегі шеңберінде көрсетілетін істер бойынша қылмыстық процесті жүргізетін органдарға тәуелділігін жою, сондай-ақ мемлекет кепілдік берген заң көмегі шеңберінде таныс адвокаттарды тағайындау тәжірибесін тоқтатуға қатысты нақты ұсыныстарын ортаға салды.