Әлем • 17 Сәуір, 2022

«Даунинг-стриттегі» дау толастар емес

1442 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон шелектеп төккен абыройын қайтадан қасықтап жинай бастады. Әсіресе, Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін туындаған халықаралық дағдарысқа қарсы іс-қимылы оның Тұманды Альбиондағы беделін сақтап қалды.

«Даунинг-стриттегі» дау толастар емес

Былтырғы жел­то­қсан мен биыл­ғы қаңтар Борис Джонсон үшін оңайға түскен жоқ. Оған локдаун кезінде карантин талаптарын бұз­ды деп айып та­ғыл­ды. Тіпті, оны ха­лық қана емес, партияластары да сынға алып, креслосын босатуды сұ­рағандар да болды.

Мәселе былай басталған еді. Былтыр, яғни 2021 жылғы 30 қара­шада Daily Mirror басылымы «Даунинг стриттің» кейбір қыз­мет­кер­лерінің карантин талаптарын бұзғаны туралы ақпарат таратты. Олар 2020 жылғы қараша және желтоқсан айларында бірнеше сал­танатты кешке қатысқан екен. Сон­дай жиындардың біріне премьер­-министр Борис Джонсонның да кел­гені айтылды.

Ал сол сәтте Тұманды Альбион тұм­шаланып, Ұлыбритания қатаң лок­даун жағдайында болатын. Елде­гі денсаулық сақтау саласы мамандары қатысушылар саны 6 адамнан асатын кез келген басқосуға тыйым салды. Daily Mirror-де әлгі мақала жарияланғаннан кейін Б.Джонсон әрдайым карантин талаптарын сақ­тап жүретінін алға тартқан-ды. Премьер-министрдің баспасөз қыз­ме­ті мұндай іс-шараның бол­ға­нын жоққа шығарды.

Бірақ жаңалықтың құлағы қылтиса, түбін көргенше тоқта­май­тын ағылшын басылымдары іске кірісті. Сөйтті де, Тұманды Аль­бион­дағы бұқаралық ақпарат құралдары «Даунинг стриттің» мә­се­лесін майшаммен қарауға кі­ріс­ті. Мәселен, BBC агенттігі жел­тоқсандағы басқосуда ішімдік іші­ліп, ойын ойналғанын хабарлады. Financial Times газеті де жиынның болғанын растады. The Guardian, Times басылымдары да оқиғадан шет қалған жоқ. Аталған газеттер өздерінің дереккөздеріне сүйеніп, кештің қалай өткенін егжей-тегжей жариялады.

Локдаун кезінде кеш өткізген Джонсонның әрекеті көпшілікке ұнаған жоқ. Онсыз да беделден бедел қалмаған Борис Джонсонның абыройы айрандай төгілді. Мыса­лы, елде жүргізілген сауалдамалар қаңтар кезінде оны қолдау рейтингі 51 пайызға түсіп кеткенін көрсетті. Яғни қатысушылардың 73 пайызы Джонсонға қарсылық білдірсе, тек 22 пайызы ғана оны қолдайтынын айтқан.

Салыстырып қарайтын болсақ, 2021 жылғы қыркүйек кезінде оны жақтағандар шамамен 35-40 пайызды құрады. Қарсылық білдіргендер 45-49 пайыз аралығында еді. Сөй­тіп Джонсонның қаңтардағы анти-рекорды Маргарет Тэтчердің Co­mm­unity Charge салық құжаты кезіндегі және Гордон Браунның жаһандық қаржылық дағдарыс кезін­дегі рейтингімен теңесті.

Украи­надағы соғыс Борис Джон­сон­ның беделін қалпына ­кел­тіре бастады десек қате­лес­пей­міз. Премьер-министрдің ресми түр­де Киевке баруы, Украинаға түр­лі қару-жарақ беруі, ондағы дағ­­да­рысты шешуге атсалысуы ағыл­­шындардың көңілінен шық­қан­ы анық. Соның нәтижесінде Джонсонды қолдайтындар 29 па­йыз­ға дейін көбейген. Redfield & Wilton сауалдамасы премьерді жақ­тыр­­майтындар саны 52 пайызға дейін азайғанын көрсетіп отыр. Дегенмен әлі де ағылшындардың Үкі­мет басшысына іші жылы­ма­ға­нын айта кеткен жөн.

Бүкіл әлем коронавирус панде­мия­сымен басы қатып жат­қанда Джонсонды жақтағандар саны оған қарсылардан әлдеқайда көп еді. Бірақ мұндай сәт енді келмес­ке кеткендей. Бұған Джон­сонның өзі кінәлі. Мәселен, 7 желтоқсанда ITV арнасы «Дау­нинг стриттің» бас­пасөз хатшысы Аллегра Страт­тон­ның әріп­тестерімен Рождество кешін той­лағаны туралы әзілдескені көр­сетілген видео жариялады.

Осыдан кейін Аллегра Страт­тон өз еркімен қызметінен кетті. Сонымен қатар кешке қатыс­қан Шон Бэйли де Лондон ассам­блея­сының полиция және қылмыс ко­ми­тетінің төрағасы қызметінен бо­са­ды. Биылғы қаңтарда каран­тин­­дік талаптар сақталмаған жиын­дар­­ға 30-40 шенеуніктің қатысқаны белгілі болды.

Борис Джонсон содан соң ғана басқосуға қатысқанын растап, кеші­рім сұрады. Сонымен қатар ол ханзада Филиптің жаназасы шығардан бір күн бұрын «Даунинг стритте» көңілді жиын өткізгені үшін де патшайым Елизавета II-ден ғафу өтінді. Ол кезде де Англияда қатаң лок­даун жарияланған еді. Бұл аз десеңіз, бүкіл ел карантин та­лап­тарына мо­йынсұнып жүр­ген­де «Даунинг стрит» Борис Джон­сон­ның туған кү­нін дүркіретіп той­лап­ты.

«Даунинг стриттен» дау шық­қан соң Англия парламенті оқи­ға­ның ақ-қарасын анықтауға кі­ріс­кен-ді. Бұл міндет Министрлер кабинетінің екінші тұрақты хатшысы Сью Грейге жүктелді. Бір айға созылған жұмыс нәтижесінде 31 қаңтарда Сью Грей 11 беттік алдын ала қорытынды жариялады. Құжатқа сәйкес жиынның басым бөлігінде карантиндік талаптар сақталмаған. Кей басқосу үкіметте жұмыс істейтіндерге тән емес, Ұлыбритания халқының үмітін ақтамағаны айтылған. Со­ны­мен қатар жұмыс уақытында көп мөлшерде алкогольді ішімдік ішілгені де сынға алынды.

Қысқасы, сол кезде Сью Грей «Даунинг стрит» жіберген кем­ші­лік­терді жіпке тізіп шыққан еді. Ен­ді көп ұзамай Сью ханым қорытынды есепті жариялауы тиіс. Онда нақты нелер айтылатыны белгісіз. Дегенмен баяндама Борис Джонсонның беделін көтермейтіні бесенеден белгілі. Сон­дықтан шығар қазіргі премьер-министр халық арасында ғана емес, партияластары арасында да беделі төмендей бастағаны байқалады.

Қазірдің өзінде ағылшын қоға­мында Борис Джонсоннан кейін үкі­метті кім басқарады деген са­уал туындай бастады. Бір жағы­нан заң бұзғаны үшін айыппұл төлеген премьер-министрдің креслосын босататыны түсінікті. Екінші жа­ғынан, Украинадағы ахуалға белсене араласып жүрген оны орнында қалдырған дұрыс деген де пікір ара-тұра айтылып қалады.

The Guardian газетінің колумнисі Джонатан Фридлэндтің пайымда­уынша, заң бұзған үкімет басшысы қызметінен кетуі тиіс. Себебі осындай әрекеті арқылы Б.Джонсон бүкіл ағылшын қоғамын мансұқтап отыр деген пікір ұстанады.

«Оның үстіне, Украина мәселесі премьер-министрді ғана емес, бүкіл Ұлыбритания үкіметін мазалайды. Әлбетте, Джонсонның Киевке сапары ол жақтағы халықты бір желпінтіп тастады. Бірақ прези­дент­тік емес, парламенттік жүйеде премьер-министрдің ауысуымен елдің көзқарасы өзгермейді. Лей­бо­ристердің ұстанымын ескерсек, тіпті үкімет ауысқанда да ұста­ны­мыз өзгермейді», деп жазады Дж. Фридлэнд.

Енді Джонсонның орнын кім басады деген мәселеге оралсақ. Қа­зіргі таңда бірнеше үміткердің есімі аталып жүр. Солардың бірі – қазынашылық канцлері Риши Сунак. Коронавирус өршіп тұр­ған­да оның пандемияға қарсы әрекеті көпшіліктің көңілінен шықты. Жыл басында Джонсонның басы дауға қалғанда Р.Сунакты жаңа үкімет басшысы ретінде санағандар көп болатын. Алайда кейіннен оның  карантин талаптарын сақтамағаны анықталып, айыппұл төлегені бел­гі­лі болғаннан кейін абыройы айрандай төгілді.

Негізгі оппозициялық лейбористер партиясының жетекшісі Кейр Стармер де ел тізгінін қолына алуы ықтимал. Рас, оның халық арасындағы беделі жоғары емес. Дегенмен қазір оның рейтингі бір­тін­деп жақсарып келеді. Алда-жал­да Стармер осы сәтті ұтымды пайдаланып кетсе, алдағы сайлауда премьер-министр болуға лайық бірден-бір үміткер атанады.

Бұдан бөлек, Ұлыбритания сыртқы істер министрі Лиз Трас­с­тың, қорғаныс министрі Бен Уол­лестің, білім министрі Надим За­хауи­дің есімдері аталып қалады. Қалай дегенмен, алдағы уақытта Ұлыбритания саяси элитасы дүр сілкінетіні анық. Қазіргі сәтте бәрі Сью Грей ханымның баяндамасын күтіп отыр.