Бүгінде өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде сөйлеуі қалыпты құбылысқа айналды. Оған ешкім таңғалмайды. Дегенмен, Елбасы қатысқан үлкен бір жиында орыс қызы таза қазақша сөйлеп, жұрттың ыстық ықыласына бөленген-тін. Бұл – Татьяна Нуштаева болатын. Қызылорда облысындағы Шиелі ауданының тумасы. Бізге сол Т.Нуштаевамен әңгімелесудің сәті түскен еді.
– Таня, қазақ тілін бала күніңнен білесің бе?
– Бала күнімен білемін дегенге келмейтін шығар. Себебі, тілім орысша шықты. Мектепте де орыс тілінде оқыдым. Бірақ араласатын құрбы-құрдастарымның барлығы қазақ балалары еді. Олар орысша, мен қазақша білмесек те, бірге ойнайтынбыз. Содан 6-сынып оқып жүргенде қазақ тілін үйренуге ден қойдым. Солайша, айналасы бірнеше жылдың ішінде қазақ тілін толық меңгеріп алдым. Кейіннен оқушылар арасында қазақ тілінен өтетін аудандық, облыстық, республикалық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар иелендім. Мектепті бітіргеннен кейін колледжге түстім. Онда қазақ бөлімінде оқыдым. Орыс мектебін аяқтағандықтан, онда оқу оңайға түскен жоқ. Дей тұрғанмен, оқу орнын қызыл дипломмен бітіріп шықтым.
– Ал қазақ тілін білу саған қаншалықты пайдалы болды?
– Ең бірінші – мен өз Отанымның мемлекеттік тілін білемін. Мұны туған жеріңе құрмет деп қабылдаймын. Екіншіден, өзімді қоршаған ортаны толық түсініп, олармен емін-еркін араласамын. Үшіншіден, өзіме қажетті ақпараттарды оқып, тарихи деректер мен оқиғалар турасындағы мағлұматтармен түпнұсқа арқылы таныса аламын. Айта берсе, тіл білгеннің пайдасы өте зор. Сондықтан мен өзімнің қазақ тілін жетік білгенімді мақтан тұтамын.
– Бүгінде өзге ұлт өкілдерінің көптеген жастары мемлекеттік тілді меңгеріп жатыр. Бұл ненің белгісі?
– Бұл – жастардың патриоттығын көрсетеді. Олар Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, әлемнің алпауыт елдерімен иық тіресіп қатар тұруына, экономикасының дамып, әлеуметтік жағдайының жақсаруына, қоғамның дұрыс бағытта жүруіне мүдделі және сол жолда қызмет етуге дайын. Әрине, мемлекеттілігімізді нығайту үшін зор білімнің керегі анық. Дегенмен, мемлекеттік тілді білу – парыз. Сондықтан жастар Қазақстанның жарқын болашағына сенгендіктен және келешегімізді кемел ету үшін қазақ тілін үйреніп жатыр деп ойлаймын.
– Өзің тағы қандай тілдерді білесің?
– Өз басым, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың үштұғырлы тіл саясатын толық қолдаймын. Өйткені, қазақстандық жастар үшін үш тілді білу маңызды. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Ал мемлекеттік тілді білу – міндет. Орыс тілі – ресми тіл. Бұл – көп ұлтты Қазақстан үшін араласу тілі. Ал ағылшын тілі – әлемдік өркениеттің қайнар көзі. Өзіңіз көріп отырсыз, мен қазақ тілін жақсы білемін. Орыс тілі – өзімнің ана тілім. Бүгінде ағылшын тілін оқып-үйреніп жүрмін. Жақын болашақта ағылшын тілін толық меңгеріп аламын деп ойлаймын.
– Қай тілді меңгерген оңай екен: қазақ тілін бе, әлде ағылшынды ма?
– Ағылшын тілін үйрену оңай болмай жатыр мен үшін. Ал қазақ тілін тез меңгеріп алып едім. Ол себепсіз де емес. Өйткені, менің араласатын ортам қазақтар ғой. Әрбір сөзді күнделікті естіген сайын санаңда жаттала береді. Кейін оның мағынасын біліп аласың. Ал ағылшын тілін тек өзің оқып- үйренесің. Сенімен ол тілде сөйлесетін орта жоқ. Сондықтан біршама қиындық тудырып жатыр.
– Ал сенің отбасыңда тағы кім қазақша біледі?
– Шыны керек, ата-анам қазақша білмейді. Ал інім үйреніп жүр.
– Айтпақшы, сені қазақ жігітіне тұрмысқа шығады деп естідік...
– Оныңыз рас (жылы жымияды). Бұйыртса, осы күзде қазаққа тұрмысқа шығамын. Солайша, қыпшақ руына келін боламын.
– Қазақ халқының салт-дәстүрінен қаншалықты хабардарсың?
– Бұрын аса мән бермеген екенмін. Тұрмысқа шығатын болғаннан кейін қазақтың салт-дәстүрлері туралы оқып, біліп жатырмын. Өзімнің шамам жеткенше әдет-ғұрып, салт-сананы меңгеру үстіндемін. Қалғанын келін болғаннан кейін үйреніп аламын ғой. Бастысы, таңертең ерте тұрып, ата-енеме сәлем саламын.
– Рахмет.
Әңгімелескен
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы,
Шиелі ауданы.