Экономика • 18 Сәуір, 2022

БЖЗҚ: Шекті меженің шектеуі

566 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Биылғы сәуір айынан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақшаны алудың шекті межесі өсті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен БЖЗҚ-ның мәліметтерінде ең төменгі жеткілікті шек мөлшері әрбір жасқа жеке есептелетіні, болашақта зейнетақы төлемі мен зейнетақы жарнасының өсетіні (индекстелуі) айтылған.

БЖЗҚ: Шекті меженің шектеуі

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Былтыр желтоқсанда БЖЗҚ шекті ме­же өсетінін жариялаған кезде халық бұл жаңалыққа аса қуана қоймады. Осы­­ған дейін 20 жастағы азамат үшін жет­кілікті шек мөлшері 1 710 000 теңге болса, 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап бұл 3 140 000 теңгені құрады. Ал 40 жас-­та­ғы салымшы үшін бұрын 3 млн 420 мың теңге болса, қазір 5 млн 790 мың теңге қалуға тиіс.

БЖЗҚ мен Ұлттық банк мұның себе­бін ең төменгі жалақы 42 500 теңге­ден 60 мың теңгеге, шамамен 41 па­йызға өскенімен түсіндіреді. Егер осы өлшеммен қарайтын болсақ, төмен­гі шектің өсу динамикасы шамамен 30 пайызға көп. Үкімет инфляция ырық­тан шығып кеткен уақытта бұл талап әлі та­лай рет өзгеретінін ашып айтты. Бұл ретте «Республикалық бюджет тура­­лы» заңға сәйкес, жыл сайын ин­декс­­те­летін ең төменгі жалақы, ең төмен­гі зейнетақы, ең төменгі күнкөріс дең­ге­йі сияқты әлеуметтік көрсеткіштер де қаперге алынатын көрінеді. БЖЗҚ сег­мен­тін­дегі бұл өзгерістер салымына қо­лы жете алмай қалған салымшыларға «отқа май құйғандай» әсер етті.

Биылғы 1 қаңтар мен 1 сәуір арасында салымына қол жеткізгісі келген салымшылар көп болды. БЖЗҚ мен Ұлттық банк таратқан ақпараттарда шекті меже­сінен асып кеткен 200 теңгесіне де тапсырыс берген азаматтар жайлы деректер айтылды.

Белгілі экономист Олжас Құдайбер­ге­­новтің айтуына қарағанда, 2021 жыл­ға арналған шекті межені есептеген жұмыс тобы мұндай жағдай бола­ты­­нын ескерген болса, БЖЗҚ мен са­лым­шы арасындағы процесс қалыпты жағдайда өтер еді. Себебі 2021 жылға арналған шекті меже есептелген кезде мұн­дай тәжірибе бұрын-соңды болма­ған, қажетті нұсқаулықтың бәрі тал­қылаулар, зерттеулер барысында қалып­тасқан. Жалақының жоғары немесе тө­мен­гі деңгейіне де назар аударылмай, салымның жалпы мөлшеріне ғана ден қо­йылды. Соған сәйкес жеткілікті шек дең­гейі қордағы салымшылардың салымына қарай төмендетілді. Соның нәти­жесінде, бағдарламаға қатысатын адам­дар­дың санын 1 пайыздан 7 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік туған.

«2021 жылы дайындалған жаңа әдіс­те­ме барынша күрделі болды. Себебі бұл жобада ең төменгі жалақының бар­лық өлшемі ескерілді. Тіпті жаңа әдіс­те­ме­нің дайындалып жатқанынан хабардар бол­ғандар аз болды. Тіпті мен де ол жайлы кейін білдім. Осы нұсқада жеткілікті шек ең төменгі жалақы мөлшеріне қарап анықталатыны айтылды. 1 қаңтардан бас­­тап ең төменгі жалақы 42 500 теңге­ден 60 мың теңгеге дейін өсті. Демек, салымшы үшін шекті меже ең төменгі жа­ла­қы­ның көлеміне қарай өсе береді», дейді О.Құдайбергенов.

Сарапшы айтып өткендей, БЖЗҚ сек­торындағы жаңалыққа халықтың тү­сін­бей қарауына себеп болған фактор са­лымшының жасына байланысты белгі­лен­ген шекті меженің аспандап кеткені. Түсінбестік те осы жерден басталады.

«Мұны БЖЗҚ тарапынан әдейі ұйым­дас­тырды деген пікірге келіспеймін. Жо­баны Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғ­ау министрлігінің ұсынысымен Үкі­­мет бекітті. «Сырт көзге бәрі заң шең­­­берінде дайындалды. Үкімет ең тө­мен­­гі жалақы 60 мың теңге болады» деген қағиданы басшылыққа алды. Енді ал­дағы жұмыс осы бағыт бойынша жал­ға­сады», дейді О.Құдайбергенов.

Шекті пайыз 2022 жылдың 1 қаң­та­ры­нан бастап өзгереді деген жаңа­лық­қа халық дайын болмай шықты. Әртүрлі пікір айтылды. Халықтың басым бөлігі зейнетақы шотындағы жеткілікті шектен асқан ақшасын пайдаланып үлгермеген. Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы қорындағы шекті межеден асқан қаржысын пайдаланып үлгермеген азаматтарды қолдап, оны көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды.

Енді кесімді уақыт 1 сәуірден бері не өзгерді? Соны талдап көрейік.

Экономист Арман Байғанов жеткі­лік­­тілік шегінің көтерілуіне бірне­ше фак­тор әсер еткенін айтады. Мемле­кет­­­тік қарыз өсіп жатыр, экономика тұ­­рақсыз. Ал мемлекет қордағы қара­жат­ты ұлттық компанияларға, бағалы қа­ғаздар нарығына және өз жобаларына ин­вестициялауға мүдделі.

Статистикалық деректерде 2021 жыл­­ғы орташа жалақы 250 мың теңге еке­ні ай­тылған. Сарапшы айтып өткен­дей, енді 250 мың емес, 450 мың теңге жалақы алатындар ғана шекті межені бағындыратын көрінеді. Қоғам мен Үкіметтің арасына сына қағып үлгерген тұс та осы. Сарапшының пікіріне сүйен­сек, біз бұл қадамға төтеден емес, халық­тың қалтасына бейімдеп барғанда көп­ші­лік те мұны қалыпты жағдай ретінде қабылдар еді.

Шекті меженің жаңартылған нұсқа­сын­да экономикалық негіздеме жоқ деген пікірді сарапшы Мақсат Халық та құп көреді. Себебі қордан алынуға тиіс қаржы алынды. Келер жылы оның мөл­шері аз болады. Жаңа нұсқада ең төмен­гі жалақы мөлшері ескерілді деген тұ­жырым да бұл қателіктің орнын толтыра алмайды. Себебі БЖЗҚ-дағы салым – мемлекеттің емес, ол ақшаны тірнектеп жиған азаматтың меншігі. Оны қандай мақсатқа жұмсауды салымшының өзі шешуге тиіс еді. «Қазақстанда ең төменгі жалақы соңғы үш жылда бір рет қана – 41 пайызға өсті. Үкімет жаңа редакция­ны заңдастырар кезде осы көрсеткішті нысанаға алған. Ал жаңартылған шекті меже 2021 жылмен салыстырғанда өсіп кетті. Естеріңізде болса, ең төменгі жалақы бізде соңғы үш жылда өзгерген жоқ. Тек 2021 жылдың соңында ғана артты. Демек, шекті межені ең төменгі жалақыға байлап қойғанның өзінде ол 71 пайыз емес, 30 пайыз шамасында ғана өсуі керек еді», дейді М.Халық.

Сарапшы БЖЗҚ-ның шекті межесін дайындаған жұмыс тобы аса күрделі жағдайда жұмыс істегенін еске түсірді. Жаңа нұсқаны алдын ала жариялап жі­бер­­ген азаматтар жұмыстан кетті. Бірақ олар­дың әдістемелері өзгеріссіз қалды.

«Қоғамның көкейінде әлі де күмән басым. «Жаңартылған шекті меже қайта қарас­тырылып, төмендетілуі керек. Үкі­мет әлеуметтік төлемдер, ең төменгі зей­нет­­ақы мөлшерін қайта қараймыз деп шешті. Мұның бәрі инфляция деңгейіне қарай бағдарланатыны анық. Шекті межеде де осындай бетбұрыс болуы керек. Халық 1 қаңтар мен 1 сәуір арасында бір өзгеріс болып қалар деп күтті. Бірақ өз­гер­ген ештеңе жоқ. Бәрі «жабулы қазан» күйінде қалды», дейді М.Халық.

Сарапшы айтып өткендей, шекті межені бірден үлкен пайызбен көтер­ме­генде салымшылар ақшасын алуға асық­пайтын еді. 2021 жылғы өзгеріс­тер­де салымшыларда салымын барынша көбірек жинаймын деген ықылас болды. Жастар салым деңгейін арттыруға тырысты. Бұл үрдісті ұстап қалсақ, қо­­сар­л­анған есеп-қисаптың да деңгейі тө­мендер еді. Енді салымшылар табыс­ты көбірек тауып, салымын да молынан жинауға емес, қосарланған есеп-қисапқа мүдделі болатыны сөзсіз. Се­бе­бі жаңа шек салымшының қалтасын ескермеген. Экономика нарықтың ғана емес, адамдардың құқын қорғауға да бағытталуы керек. Бұл өркениетті эконо­ми­каға жол ашады. «БЖЗҚ мен Ұлттық банк бұл шешімді экономиканың, на­рық­тың заңдылықтарын сақтай отырып қабылдауы керек еді. 2021 жылдан бері салымшылардың көп дегенде 10 пайызы ғана қаржысын шешіп алды. Ал 90 пайызы мұндай мүмкіндікке қол жеткізе алған жоқ. Біз бұл тұста тағы да 10 пайыздың мүддесін қорғап, 90 пайызды солардың игілігі үшін құр­бан­дыққа шалып жібердік. Бұл жалғаса берсе, зейнетақы жүйесінің да дамуын тежейміз. Салымшылардың ықыласын жоғалтып алмау үшін жаңа шекті рево­лю­циялық емес, эволюциялық жолмен өсіруіміз керек. Жеткілікті шекті өсі­руге қарсы емеспін, бірақ бірден салым­шылардың үмітін күйрете өсіруге қарсы­мын», деп түйіндеді М.Халық.

Ал тәуелсіз сарапшы Айбар Олжаев БЖЗҚ реформасының әу бастағы идеологиясы азаматтардың зейнет жасында жұмсайтын қаржысын алдын ала жиып алуға бағытталғанын айтып берді. Бірақ соңғы он шақты жылда мемлекеттік дең­гей­де қабылданған кейбір шешімдер әу бастағы идеядан алыстатып жіберген. Шекті меженің белгіленуі салымшының құқын қорғайтын және экономиканы да өкпелетпейтін жаңа бағытқа түсіруі тиіс. Бірақ реформаның мән-мағынасы тиісті деңгейде түсіндірілмегендіктен салымшылардың басым көпшілігі бұл жаңалықты «БЖЗҚ амнистиясы» ретін­де қабылдап, жиған-тергенін алып қалу­ға тырысты. Артылған қаржысын пайда­ла­нушыларға да мүмкіндік берілді. Нә­ти­­жесінде, 3,4 трлн теңге қордан кетіп қалды. Оның 97 пайызы баспана мәсе­лесіне, қалғандары өзге мақсатқа жұм­салды.

«Енді шектілік өзгерген соң дәл осын­­­­дай леп болады деп ойламаймын. Бұл фак­­тор салымшылардың салымына деген көз­­қарасын ұстамды бағытқа өзгер­туі қа­жет. Енді БЖЗҚ салымы аса қажет мақ­сат­тарға жұмсалады. Бұл БЖЗҚ-ның тұр­ғын үй нарығына ықпалын әлсіретуі керек. Осы бағыт БЖЗҚ-ны әу бастағы не­гізгі идеологиясына қайтарады, оны әрі қа­рай жетілдіреді», деп атап өтті А.Олжаев.

Сарапшының айтуына қарағанда, біз БЖЗҚ реформасын дер кезінде қол­ға алдық. Шекті межені төмендетіп, салымшылардың артылған қаржысын таратып беруден оңай ештеңе жоқ. Бірақ бұл бағытты «сабасына түсірмесек», ертең әлеуметтің әлеуетін төмендетіп алатын едік. Себебі бюджеттің 70 пайы­зы әлеуметтік салаға бағытталған. Қа­жет­тілікті бюджет немесе Ұлттық қор ар­қылы шешуді дағдыға айналдыру – нарық заңына қайшы құбылыс.

«Биыл осы мәселеге қатысты бюджет тапшылығы 4 трлн теңгеден асты. Бұл бағыт жалғаса берсе, Ұлттық қор­­дың трансферті көбейеді, сыртқы қа­рыз өседі. Егер салымшылар зейнет жа­сында алуға тиіс қаржысының тым бол­маса ширек бөлігін өзі жиса, бюд­жет­ке салмақ түспейді. Шектілік ме­же­нің өсуі салымшылардың таңдауын әртараптандырып, баспана нарығын тыныштандырады. Дәл қазіргі жағдайда бұл өте маңызды. Ендігі жерде салымшылар мен БЖЗҚ арасындағы байланыс жүйелі жолға түсуі керек. Себебі салымын алуға мүмкіндігі барлар 2020-2021 жылдары қаржысын алып үлгерді. Негізгі лек кетті. Осыған дейін БЖЗҚ салымын 700 мың адам алса, алдағы уақытта бұл көрсеткіш 120 мыңға дейін түсуі мүмкін. Алдағы уақытта БЖЗҚ-ның тұрақтану, тыныштану кезеңін ғана көреміз», дейді А.Олжаев.

 

АЛМАТЫ