Медицина • 18 Сәуір, 2022

Қатерлі ісіктің қарқыны бәсеңдемей тұр

722 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жаһандық медицина сәт сайын дамып, жағымды жаңалықтар жарияланып жатқанымен, адамзат баласы ауыздықтай алмай отырған кесел мен дерт әлі де аз емес. Әсіресе отандастарымызды онкологиялық аурулар алаңдатады. Мәселен, былтыр елімізде қатерлі ісіктің қарқыны 9,8%-ға артып, обырдың 1 932 жағдайы анықталды. Осылай жалғаса берсе, обырдың кесірінен опық жеп қалатын түріміз бар. Жаман ауру жайлап алған мемлекет атанбас үшін қандай қадамға барған жөн?

Қатерлі ісіктің қарқыны бәсеңдемей тұр

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Жасыл дәліз» уақыт үнемдейді

Қатерлі ісіктен құлантаза айығу­ды армандаған адамның күдігі күшей­генімен, үміті үзілмейтіні белгілі. Алайда ауру бар болған соң, оның алдын алу ісі де бар екенін қаперден шығармаған жөн. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген» дұрыс-ақ. Былтыр қарашада Қазақстан халқына онкологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты жаңар­тылып, соның шеңберінде 2022 жыл­дан бастап «Жасыл дәліз» енгізілді. Бұл қадам адамдардың қатерлі ісікке де­ген күдігі кезінде пациенттерді тексе­ру уақытын қысқартуға мүмкіндік бере­ді. Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологы, медицина ғылымдарының докторы Диляра Қай­дарованың айтуынша, бірінші деңгейде онкологиялық көмекті медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдары көрсетеді. Ондай ұйымдарда бүгінде бас-аяғы 2 002 қарау және 465 онкологиялық кабинет жұмыс істейді.

Ал екінші деңгейде онкологиялық науқастарға 15 онкологиялық диспансер/орталықтар және облыстық көп­бейінді ауруханалардың 5 онкологиялық бөлімшелері медициналық көмек береді. Үшінші деңгейде онкологиялық көмек радиациялық онкологияның жоғары технологиялық орталықтарымен және республикалық онкологиялық ұйым­дармен ұсынылып отыр.

«Қатерлі ісік диагнозын қою кезін­де пациенттердің диагностикалық қыз­меттерге қолжетімділігін арттыруға, пациенттің бағыты бойынша мерзім­дерді сақтауға көп көңіл бөлінеді. Мә­се­­лен, мамандардан кеңес алу және амбу­латориялық жағдайда қатерлі ісікке күдікті пациенттерді тексеру «жасыл дәліз» бойынша – жалпы кезектілік пен шектеулерден тыс, он сегіз жұмыс күні ішінде жүргізіледі», деді Д.Қайдарова.

Көмек көрсетудің интеграцияланған моделі бар

Д.Қайдарова онкологиялық ауруға қатысты күдік пайда болған жағдайда МРТ мен КТ тегін жүргізілетінін атап өтті. Осы және басқа да тексерулерге жолдаманы пациент тіркелген емханадан алу қажет. «Диагноз қою мақсатында қатерлі ісіктерге күдікті пациенттерді тереңдетілген тексеру онкологиялық орталыққа жүгінген сәттен бастап 15 жұмыс күні ішінде, емдеу тәсілін нақ­тылау және терапияны дербестендіру  30 жұмыс күні ішінде жүргізіледі», деді ғылым докторы.

Айта кетер жайт, онкологиялық нау­қас­тарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, диагностикалау және емдеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде мемлекет тарапынан төленеді. Д.Қайдарованың айтуынша, 2021 жылдың қорытындысы бойынша қатерлі ісікке шалдығу көрсеткіші 9,8%-ға өсіп отыр. Былтыр обырдың 1 932 жағдайы тіркелсе, соның 49%-ы I сатыда анықталды. Осылайша, онкологиялық аурулардың құрылымында бірінші орында – сүт безі обыры, екінші орында – өкпе обыры, үшінші орында – колоректальды қатерлі ісік, төртінші орында – асқазан обыры, бесінші орында жатыр мойны обыры орналасқан. Дертке шалдыққандардың 59,8%-ы – еңбекке қабілетті жастағы адамдар.

Денсаулық сақтау министрлігінің Ме­дициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Жанғарашева қатерлі ісікті дер кезінде диагностикалау және емдеу Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік саясаттың басым міндеттері екенін жеткізді. Оның айтуынша, 2018 жылдан бастап елімізде онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспар іске асып келеді. Бұл жоспар профилактиканы, ерте диагностиканы, кадрлық әлеуетті, ғылымды дамытуды және онкологиялық көмек көрсетудің интеграцияланған моделін енгізуді көздейді.

Елімізде қатерлі ісікті ерте анықтау мақсатында скринингтің 3 түрі жүргізі­леді. Яғни жатыр мойны обыры (әйелдер арасында 30-70 жас), сүт безі обыры (әйелдер арасында 40-70 жас) және тоқішек обыры (ерлер мен әйелдер арасында 50-70 жас). Жыл сайын 2,5 млн-нан астам азамат скринингтік зерттеуден өтеді. Онкологиялық аурулардың былтырғы 1 930 жағдайы осы скрининг арқылы анықталды. Айта кету қажет, 2019 жылдан бастап КТ және МРТ онкологиялық ауруларға күдікті пациент­терге зерттеу тегін жасалады. Былтыр дәл осындай 62 660 зерттеу жұмысы жүргізілді.

Елімізде радионуклидтік диагнос­тиканың бір түрі саналатын позитронды-эмиссиялық томография (ПЭТ зерттеу) саласы да белсенді дамып келеді. Мәселен, 2021 жылы ПЭТ зерттеулермен 10,5 мың пациент қамтылды. Алдағы жылдары мемлекет-жекешелік әріптестік (МЖӘ) жобалары аясында Шымкент, Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында тағы 4 ПЭТ-орталығын ашу жоспарланды. «Бүгінде елімізде заманауи молекулярлық-генетикалық, иммуногистохимиялық зерттеулер, таргеттік терапия, минималды инвазивті, лапороскопиялық, ағзаны сақтайтын операциялар қолданылады. 2021 жылғы деректер бойынша, барлығы 143 014 пациент емделді. Сондай-ақ дәл осы жылы 28 928 науқас хирургиялық ем алды», деді Г.Жанғарашева.

Шетелде емделудің қажеті болмайды

Радиациялық терапия да дамып жатыр. Қазіргі уақытта Қазақстанда томо­терапияның 2 бірегей орталығы жұмыс істейді. Онда ересектер мен балаларға жоғары технологиялық сәулелік терапия көрсетіледі. Сондай-ақ 7 өңірде жоғары технологиялық желілік үдеткіштер орнатылды. Тағы 3 үдеткіш биыл Қарағанды, Жамбыл облыстары мен Шымкентте іске қосылады. Бұған қоса, былтыр Семей қаласының ядролық медицина және онкология орталығы іске қосылды. Онда Қазақстанда алғаш рет қалқанша без обырын және тиреотоксикозды емдеу үшін радийодтерапия енгізілді.

Ал Медициналық көмекті ұйым­­­дастыру департаменті қызметкер­ле­р­інің хабарлауынша, биыл онколо­гия­лық ауру­лармен күрес жөніндегі қолданыстағы Кешенді жоспарды іске асыру мерзімінің аяқталуын ескере оты­рып, келесі бес жылға арналған жаңа кешенді жоспар әзірлеу ісі қол­ға алынып жатыр. Жаңа кешенді жос­парға диагностиканың алдын алу, маман­дандырылған емдеу, паллиативтік көмек және оңалту сын­ды барлық бағыттар бойынша онко­логиялық ауруларға шалдыққан нау­қас­тарға көрсетілетін көмектің сапасын арттыруға бағытталған шаралар енгізіледі.

Сонымен колоректальды қатерлі ісік скринингінде инвазивті емес зерттеу әдісі ретінде өкпе қатерлі ісігі мен виртуалды колоноскопия скринингі бойынша пункттер енгізу жоспарланып отыр. Онкологиялық аурулар­ды диагностикалау мен емдеуде қолда­нылатын радиофармпрепараттар желісі кеңейтіледі. Г.Жанғарашеваның айтуынша, 2023 жылы пациенттер шетелге шықпай-ақ ерте диагностикадан жоғары технологиялық емдеу мен оңалтуға дейінгі медициналық көмектің барлық кешенін ала алады. Осы мақсатта халықаралық деңгейдегі орталыққа айналатын Ұлттық ғылыми онко­ло­гиялық орталықтың жаңа корпусының құрылысын аяқтау жос­парланып отыр.

Ал Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық басқармасының төрайымы Гүл­нар Құлқаева жаңа корпус құры­лы­сының бірінші кезеңін осы жыл­дың желтоқсан айында аяқтау жос­пар­ланғанын жеткізді. «Бұл радиа­ция­лық және ядролық медицина орта­лықтары бар стационарлық корпус болады. 2-кезеңде, 2024 жылғы шіл­деде, құрылыстың аяқталуын, жаб­дық­тың монтаждалуын және протон орталығының пайдалануға берілуін күтеміз. 3-кезеңде онкологиялық орта­лық­тың қолданыстағы ғимаратын қайта жаңарту жоспары бар. Бұл жұмыс 2023 жылы басталып, болжам бойынша 2024 жылы желтоқсанда аяқталады. Стационардың қуаты 210 орынға есептелген», деді Гүлнар Құлқаева.

Орталықта радионуклидті, про­тон­­­ды, сәулелі, лазерлік терапия, сон­дай-ақ жасушалық иммунотера­пия сияқты диагностика және емдеу әдістері ұсынылады. Сондай-ақ онкологиялық орталықты радиофармпрепараттар өндірісі үшін циклотронмен толықтыру жоспарланып жатыр. Бұл қадам клиникалық қызметтен басқа онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеу әдістемелерін әзірлеу және жетілдіру бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуге қатысуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, сәулелік терапия­ны жүргізу үшін 2 желілік үдеткіш орнатылады, Қазақстанда алғаш рет қашықтан сәулелік терапияның бір түрі – протонды терапия енгізіледі. «Ен­гізілетін және пайдаланылатын бар­лық жаңа технологиялар ҰҒОО дәрі­герлеріне пациенттердің өмір сүру сапасын жақсартуға және қатерлі ісіктер кезінде өмір сүру деңгейін арттыруға, келешекте медициналық туризмді орталықтың басым бағыттарының біріне айналдыруға мүмкіндік береді», деді ҰҒОО басшысы.

Соңғы жаңалықтар