Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Еңбек ардагерінің «Құлжа-ӨКБ» ЖШС-не (Аманқұл қария осы серіктестіктің директоры) қатысты даулы іспен шағымданып жүргеніне 26 жылға жуықтапты. Осы уақыттың ішінде құзырлы органдардан 140-тан астам ресми хат алған. «Бармаған жерім, қақпаған есігім қалмады. Сот, прокуратура органдары өтініш, талап арыздарымда жазылған жайдың ақ-қарасын тексерместен тек сырғытпа жауап беріп келеді. Сол себепті де істің мән-жайына мүлдем сәйкес келмейтін шешімдер шығарылып отыр. Салдарынан әлі күнге дейін құқығымды қорғай алмай жүрмін. Соңғы үмітім – сендерде», деп қолымызға екі бума құжаттың көшірмесін ұстатты. Сөйтсек, қарияның талай жылдан бері ақиқатын іздеп жүрген екі даулы ісі бар екен.
Біріншісі – «Құлжа-ӨКБ» ЖШС мен «Достық» бекеті арасындағы дауға қатысты. Оқиға серіктестіктің 1996 жылы келісімшарт бойынша Өзбекстанның Чиракчи аудандық ауыл шаруашылығы техникасы мекемесіне құны 261 269 АҚШ доллары тұратын ауылшаруашылық техникасын өткізгеннен басталған. Өткізілген техниканың ақысына Өзбекстан Министрлер кабинеті құлжалықтарға 760 тонна мақта линтін берген. Алыс-берісті растайтын анықтама, қаулы көшірмелерінің барлығы құжатта қанттай болып тіркеліп тұр. Кейіннен ЖШС 760 тонна мақтаны Қытайдың «Сиюй» фирмасына сатып, тауарды сол жаққа жіберулерін айтқан. Арнайы берілген жасақ Қашқадария облысындағы Касби, Яккабаг, Шархрисабз, Чиракчи мақта зауыттарынан мақтаны 17 вагонға тиеп, тікелей Қытайға жібереді. Тауар тасымалдауға жұмсалатын шығын Чиракчи аудандық ауыл шаруашылығы техникасы мекемесіне жүктеледі. Алайда Қытайға сатылған мақтаның ақшасы толық төленбегендіктен, соңғы 2 вагон шекарадағы «Достық» бекетінде қалып қояды. Бекет басшыларының келісімімен 2 вагон мақтаны Қытайдың «Синь-Дянь» компаниясына сатып, ақысына олардан 65 тонна күріш алған. Ал күрішті Тараз қаласындағы 3 мекемеге таратып береді. «Себебі, Өзбекстанға өткізген техниканың кейбір бөлшектерін ақшасыз, сенімхатпен алған болатынбыз», деп түсіндірді ақсақал.
«Енді 2 вагон мақтаны «Синь-Дянь» компаниясының атына рәсімдеп, жүкті жөнелтуге Алматы қаласынан қайтып келсек, «Достық» бекеті ол мақтаны өз беттерінше «Сиюй» фирмасына беріп жіберіпті», дейді осыдан ширек ғасыр болған оқиғаны күні кеше болғандай тәптіштеп түсіндіріп берген А.Нысанбаев. Осыдан кейін «Достық» бекеті мен жауапкершілігі шектеулі серіктестік арасында мүлік дауы туындап, іс сотқа жетеді. Ал серіктестік таратып жіберген күріштің қарызынан құтылу үшін бар мал-мүлкін, үй-жайын сатып, жетпеген ақшасын елден қарыз алып төлеп берген.
«Соттағы іс сағызша созыла берген соң 2 вагон мақтаның артынан іздеу салып Қытайға бардым. Барсам, «Достық» бекетінің адамдары «Сиюй» фирмасынан 2 вагон мақтаның ақшасын алып, «Құлжа-ӨКБ» ЖШС атынан «150 000 және 387 800 АҚШ долларын алдым» деп өтірік қолхат беріп кетіпті. Осы құжаттарды негізге алған қытайлар менен артық алған ақшаны қайтаруымды талап етіп, азаматтық паспортымды алып қойды. Себебі, қытайлардың бізден алған 760 тонна мақтасы келісімшарт бойынша 250 800 АҚШ долларына бағаланған еді. Ендеше өтірік қолхаттағы сонша артық ақшаны маған не үшін береді?», деген қария даулы істің Қытайда арнайы қаралып, сот сараптамасының шешімімен ол қолхаттардың жасанды екендігі дәлелденгенін де жеткізді. «Алайда, «Сиюй» фирмасы ақшаны «Достық» бекетіне бергендігін айтып, маған ақша төлеуден бас тартты. Сонымен мен алты ай Қытайда қорлық көріп, сол жақтағы қазақтардың көмегімен елге қайттым», дейді ауыр күндерін бір сәт есіне түсірген ақсақал.
Ол кісі Қытайдан елге қайта алмай жүргенде 1998 жылдың 20 мамырында ЖШС мен «Достық» бекеті арасындағы дау бойынша іс Алматы қалалық сотында қаралып кетеді. Алматы көлік прокуратурасы құлжалықтардың мүддесін қорғап сотқа талап-арыз және «Құлжаның» кінәсіздігін көрсетіп, талап қою мерзімін қалпына келтіруін сұрап сотқа хат жіберген. Бірақ істі қараған судья бұл хатты назарға алмай, керісінше «Құлжа»-ның өзін Өзбекстан мен Қытай арасындағы «делдал» ретінде көрсеткен. Осылайша талап қою мерзімінің өтіп кеткендігін желеу етіп, талап-арызды қанағаттандырусыз қалдырған.
«Серіктестіктің өз қаражатына сатып алған мақтасын «Достық» бекетінің басқа біреуге беріп жіберуге қандай қақысы бар? Істі қараған судья Өзбекстанның қабылдаған шешімін неге есепке алмайды? Өйткені судья Өзбекстан құжаттарымен мүлдем таныспаған. Ол құжаттар туралы сот шешімінде бірауыз сөз жоқ. Қабылданған сот шешіміне берген наразылық арызымыз да қараусыз қалды. Алматы көлік прокуратурасы сот шешіміне наразылық келтіруден бас тартып, қытайларға берген жасанды құжаттары үшін «Достық» бекеті қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғаудың орнына «Құлжаны» мақтаның егесі емес, ортадағы «делдал», олардың бұл іске араласуға қақысы жоқ», дегенді желеу етіп ақыр соңы істі қысқартып тастады. Бұл 2000 жыл болатын. Арада аттай 12 жыл өткеннен кейін менің арызыма байланысты 2012 жылдың 16 шілдесінде Бас көлік прокурорының орынбасары А.Тұрсынбековтің қайта тексеруінен кейін жоғарыда көрсетілген шешімдерден шикілік шығып, «Құлжаның» «делдал» емес, мақтаның егесі екені анықталды. Ал осының өзі ұят емес пе?», дейді шарасы таусылған қария.
Осыдан кейін де Аманқұл ақсақал әділдік іздеп, біраз сарсаңға түседі. Алайда істің ескіріп кетуіне байланысты ешқандай нәтиже шығара алмаған.
«Өткен жылы Әкімшілік рәсімдік процестік кодекс күшіне енгенде бір үміт оты тұтанғандай болды. Бар құжатымды қолтықтап, қарттық келгенде ең құрығанда «делдал», «алаяқ» емес екенімді дәлелдеп кетейінші деп, Алматы қаласының әкімшілік сотына тағы арыз бердім. Олар арызымды экономикалық сотқа сілтепті. Ал бұл сот істі қарау үшін алдын ала 1 146 007 теңге баж салығын төлеуді талап етіп, істі қарамастан кері қайтарып жіберді. Неге? Бұл іс алғаш рет Алматы көлік прокуратурасының талап-арызы бойынша 1998 жылы қаралып, сот шешімі шыққан жоқ па? Енді сол шешімнің дұрыстығын тексеру үшін неге баж салығын төлеуім керек?», дейді «Достық» бекеті мен құқық қорғау орындарының тарапынан жасалынған қиянатқа шыр-пыр болған қария.
Екінші іс – Мәскеу асып кеткен миллионға қатысты. Түсінікті болу үшін оқиғаны басынан бастайық. 1991 жылы «Құлжа-ӨКБ» ЖШС Мәскеу қаласындағы «Элитрон» серіктестігімен Тараз қаласында құрылыс мекемесіне қажетті заттарды шығаратын зауыт салмақшы болып келісімшартқа отырады. Келісімшарт талабы бойынша «Элитрон» ақшасы төленген соң зауытқа қажетті құрал-жабдықтарды өздері алып келіп орнатулары тиіс болған. Осылайша «Құлжа» Тараздағы «Таим-Банк»-тен несие алып, бір миллион үш жүз мың сом ақшаны Ұлттық банктің Жамбыл облыстық басқармасы арқылы Мәскеуге аударады. Тіпті «Таим-Банк» зауытты құлжалықтармен бірге салатын болып, үлескер ретінде келісімшартқа да тұрады. Бірақ Мәскеуге жіберілген миллион сол күйі жоқ болып кетеді.
«Жіберген ақшамыз «Элитронға» жетпеген соң олар келісімшартты бұзып жіберді. Мойнымызда қыруар қарыз қалды. Үстіне ақша қосып, несиеден әрең құтылдық. ЖШС шығынға батты. Ал жоғалған ақшаны Жамбыл облысындағы Ұлттық банк басқармасы іздестіруден бас тартты. Амал жоқ, өз бетімізше іздеуге кірістік. 10 жыл өткеннен кейін ғана ақшаның қайда жатқанын Ресей Үкіметінің көмегімен анықтадық. Ұлттық банктің Жамбыл облысындағы басқармасы ақшамызды сол кезде Мәскеуге жібермей өздері пайдаланған болып шықты. Өйткені 1992 жылы жіберген ақша Мәскеуге екі жылдан соң 1994 жылдың 18 ақпанында ғана түскен. Мұны Ұлттық банк бізге хабарламаған, бұл жайлы біз тек Мәскеудегі «Фонон» банкісінің хаты арқылы білдік», дейді мән-жайды бастан-аяқ баяндап берген ақсақал.
Алайда оның айтуынша, екі жылдан соң есепшоттарына ақша келіп түскенімен «Элитрон» бұл жайында құлжалықтарға жұмған ауыздарын ашпаған. Керісінше ЖШС-нің атын өзгертіп, әлі күнге ақшаны заңсыз пайдаланып келеді. Бұл іс бойынша да А.Нысанбаев көмек сұрап, талай есікті қаққан. Ресей прокуратурасы, Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне жазған хаттарынан да еш нәтиже шықпайды. Бұл іс бойынша қария Ұлттық банктің Жамбыл облысындағы филиалын ғана айыптап отыр. «Олар ақшаны уақтылы жібермегенімен қоймай, сол ақшаға қатысты қажетті құжаттарды қасақана жойып жіберіп, өздерінің заң бұзушылық әрекетін жасырып отыр. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1993 жылғы №1945-ХІІ қаулысына сәйкес, олар ақшаны 12 күннің ішінде жеткізіп беруге міндетті болатын. Ал олар болса ақшаны 720 күннен кейін аударып отыр. Заң бойынша Ұлттық банк қабылдаған ақшаның әрбір кешіктірген күніне сол қаржының 0,5% айыппұлын төлеуге міндетті. Бұл талап та орындалған жоқ», деген А.Нысанбаев Ұлттық банк тарапынан келтірілген залалдарды өндіріп алу мақсатында талап-арызбен бірнеше рет сотқа жүгінгенін де айтып берді. Алайда жеме-жемге келгенде сот ақсақалдың талап-арызын қарау үшін алдын ала мемлекеттік баж салығын төлеуді талап еткен. Осылайша еңбек ардагерінің 7 рет жолдаған талап-арызын кері қайтарған. «Прокуратура да біздің мүддемізді қорғап сотқа талап-арыз беруден бас тартты. Олардан «Сотқа жүгіну керек», деп кеңес беруден ары аспаған 100-ге жуық хат алдық. Сексенге келгенде мен осы істердің ақ-қарасын ажыратып берем деп жүріп кәнігі заңгерге айналдым. Заң мен кодекстерді жаттап алдым. Мәселен, Азаматтық кодекстің 353-бабына сәйкес басқаның ақшасын заңсыз пайдаланғаны үшін Ұлттық банк бізге айыппұл төлеуге міндетті», дейді кодексті құжаттарымен бірге қоса алып жүрген қария.
Ақша Мәскеуге сом кезінде аударылған. 1993 жылы төл теңгеміз шыққаннан кейін жоғарыдағы миллионнан астам сомның құнсызданып кеткені түсінікті. Алайда Аманқұл ақсақал мынандай дәйектерді алға тартты.
«Статистика комитетінің анықтамасына сәйкес 1992 жылдың 1 ақпанынан 1993 жылдың 15 қарашасына (Қазақстанның теңгесі шыққан күн) ақшаның құнсыздануы 13606,7% болған немесе 1 300 000 сом ақшамыз 353 774,2 теңге болған. Ендеше 1994 жылдың 18 қаңтарында, яғни ақша Мәскеуге түскен күні бұл қаржы 757 642,8 теңгені құраған. Демек, жоғарыдағы қаулыға сәйкес Ұлттық банк әрбір кешіктірген күніне 0,5% айып ақы төлеуге міндетті болған жағдайда 757642 теңге кешіктірген 720 күн үшін 2 727 511 теңгеге жеткен. Қаржы 1994 жылы «Элитрон» серіктестігінің есепшотына түскенде 757 642 теңгені құраған болса, бүгінгі күні ешқандай өсімсіз 51 375704 теңгені құрап отыр. Ал бұл қаржыны «Элитрон» 28 жылдан бері тегін пайдаланып келеді», дейді маңдай термен тапқан әр тиынына есеп жүргізіп келген ақсақал. Бізге ұстатқан бір бума құжатта осы іске байланысты барлық дәлелді ісқағаздар мен құжаттардың көшірмесі тіркелген екен.
ТҮЙІН. Рас, Аманқұл ақсақалдың осыншама жылдар бойы әділдік сұрап, ақиқатын анықтамақ болып жүрген бұл екі ісі де күрделі. Әр сөзін, әр дерегі мен әрбір хатын тиісті құжаттармен, құзырлы органдардың шешімдерімен шегелеп, дәлелдеп беріп отырған қарияның ыждағаттығы мен мұқияттылығына риза болдық. Алайда сан жыл сергелдеңге салған даулы істер қарияның денсаулығына да салмағын түсірген. «Менде қазір бір ғана мақсат бар – көзімнің тірісінде осы істерді түбегейлі шешіп, «Құлжаның» кінәсіз, өзімнің алаяқ емес екенімді дәлелдеу», дейді қария.