Сессия барысында Ұлытау облысының құрамына Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев қалалары мен Жаңаарқа, Ұлытау аудандарын қосу ұсынылды. Бұл өңірді мекен еткен халық саны 227 200 адам болады екен.
Ал Қарағанды, Балқаш, Саран, Теміртау, Шахтинск және Приозерск қалалары, сондай-ақ Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шет сынды жеті аудан бұрынғыша Қарағанды облысының құрамында қала береді. Мұндағы тұратын халықтың саны 1 145 000 адамды құрайды.
Сессияда облыстық экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов Ұлытау облысын құру бойынша әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелерін шешу алгоритмі әзірленгенін хабарлады.
– Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев қалаларында, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарында 12-13 сәуірде жоғарыда аталған өңірлерде құрылатын Ұлытау облысының құрамына енгізу мәселесі бойынша мәслихаттардың қалалық және аудандық сессиялары өткізілді. Сессия қорытындысы бойынша тиісті бірлескен актілер алынды, деп хабарлады А.Мұқанов.
Жалпы, өңірді бөлудің ойға қонымдылығы туралы ғылыми сараптама Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде жасалған екен. Бұл ретте жүзеге асырылып жатқан қайта құрулар бойынша тиісті экономикалық есептеулер егжей-тегжейлі жүргізіліпті. Сессия жұмысына қатысқан облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Қарағанды облысының шекарасын өзгерту жөніндегі схемалық карта жобалары әзірленіп, ол туралы ұсыныстардың Үкіметке жіберілетінін мәлімдеді.
– Шешім тексерілді. Аймақтың бөлінуі барлық жағынан қарастырылған. Тұрғындардың пікірлері ескерілді, – деп атап өтті ол.
Айта кету керек, облыстық мәслихат депутаттары қабылдаған шешім Жезқазған өңірінде тұратын кейбір азаматтардың көңілінен шықпағанға ұқсайды. Мәселен, жергілікті «Saryarqa» газетінің құрылтайшысы – бас редакторы, кезінде Ұлытау ауданы мен Сәтбаев қаласының әкімі болған Әнуар Омаров өзінің бұл тұрғыдағы ой-пікірін былайша жеткізді.
«Осылай болады деп межеленген Қарағанды облысы мен Ұлытау облысы туралы шешімнің жобасын таразының екі басына салып көрейікші. Бір басында 6 қала, 7 аудан, ал екінші басында 3 қала, 2 аудан. Бұл қандай әділдік? Қандай ниет? Президентке осылай болсын деп ұсынғанда не деп дәлелдемек? Қандай сөздермен жеткізбек? Қалай иландырамыз деп ойлап отыр? Түсініксіз. Қойындарына тыққан көзірлері «Халықтың қалауы осындай» деу шығар дәу де болса. Ал осы халыққа мәселенің мән-жайын түсіндіріп, қиындық тудырады деп ойлап отырған сұрақтардың оңтайлы шешімдері бар екенін жеткізіп отырған кім бар? Неге жеткізбейді? Жол қашықтығын көлденең тарту сылтау іздеу ғана. Мысалы, Балқаш қаласында қарапайым халықтың күнделікті тыныс-тіршілігіне қызмет ететін мекемелер қазір де бар. Егер әлдебір қызмет түрі жоқ болса, оны ашып беру әбден мүмкін нәрсе. Сонда облыс орталығына барудың түк қажеттігі болмайды. Балқаштың маңайындағы елді мекендерге де мобильді, жылжымалы қызмет көрсетуге болады. Ол қазір де тәжірибеде бар нәрсе. Қазіргідей жиналыс пен басқа да шаралардың 90 пайызы онлайн өткізіліп жатқан шақта аудан, қала деңгейіндегі жауапты қызметкерлер мүмкін ара-тұра облыс орталығына барар. Сонда ат төбеліндей лауазым иелеріне қиын болады-ау деп Президенттің тарихи шешімін тәлкекке салу керек пе?», деп қынжылыс білдірді Әнуар Омаров.
Ал Amanat партиясының Қарағанды облыстық филиалының атқарушы хатшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Бекзат Алтынбеков болса, әріптестерінің жоғарыдағы шешіміне оптимистік көзқараспен қарайды. «Мен Жезқазған қаласының тұрғынымын, сол аймақтан сайланған облыстық мәслихаттың депутатымын, – деді ол. – Жол жүргеннің қиындығын бір адамдай білемін. Ақтоғай, Шет, Балқаш тұрғындарының өтініш-тілегін түсінемін. Бәрі тамаша, цифрлы, мобильді дегенмен, мемлекетте шешілмеген мәселелер көп. Ал жерлестерімнің өкпе-назы түсінікті. Ол «Шағын облыстың болашағы қандай болады?» деген мәселеге келіп тіреледі ғой. Ұлытау облысы Жаратқанның нұры төгілген жер. Сәтін салса, ұлытаулық боламыз дейтін азаматтардың қатары көп болары анық. Мемлекет тарапынан үлкен қолдау, қомақты қаражат бөлінеді. Қаншама жұмыс орны, мекемелер құрылады. Жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады. Елде жеке кәсіпті дамытуымыз қажет. Халық тұтынатын тауарларды шығаратын өндірістерді ашуымыз керек. Ұлытау облысының тағдырын жалғыз «Қазақмысқа» байлап қоюға болмайды. Елдегі бар мүмкіндікті ұтымды пайдалану керек. Ұлытау – Жезқазған – табиғаттың төрт мезгілі әдемі үйлесім табатын өңір. Ұлытау керемет мүмкіндіктер аймағы. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек. Бір сөзбен айтқанда, біз Ұлытау аймағының дамуына жол ашамыз. «Азға – қанағат, жоққа – салауат» айтқан қазақтың баласымыз. Бір қаламен мемлекет болып тұрған ел де бар. Ұлытаудың әлем таныған аймақ болатынына күмәнім жоқ».
Иә, Бекзат Алтынбековтің сөзінде жан бар. Мысалы, Президент Қ.Тоқаевтың өзі халыққа Жолдауында жергілікті тұрғындардың жаңадан ашылатын облыс орталықтарына қатынаудың оңтайлы болуына ерекше мән берген еді. «Жұрттың облыс орталығына барыс-келісін оңайлатады. Ішкі көші-қон мәселесін реттеуге септігін тигізеді», деген болатын Мемлекет басшысы.
Әлбетте, кесімді сөзді Үкіметтік комиссияның айтатыны белгілі. Және ол көптің көкейінен шығатын, өнбес дауға нүкте қойып, өсіп-өнуге жол ашатын әділетті шешім болуға тиіс деген ойдамыз. Ал Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттары қабылдаған шешімді өңір тұрғындарының басым көпшілігі білдірген өтініш-тілекпен үндестік тапқан деп сенімді түрде айтуға болады.
Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтқан мына бір сөзін еске сала кетуге болады. «Кең-байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше, – деген болатын Мемлекет басшысы. – Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек. Бір сөзбен айтқанда, біз Ұлытау аймағының дамуына жол ашамыз».
Ал жаңадан ашылатын Ұлытау облысының дамуы қала, аудан және халық санына байланып қала ма, болмаса азаматтардың ынта-жігері мен туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілігімен өлшене ме, ол енді уақыттың еншісіндегі шаруа.
Қарағанды облысы