Бұл қадамды еліміздегі сарапшылар да, халықаралық қоғамдастық та оң қабылдады. Дін туралы заңнаманы жетілдіру, өлім жазасын алып тастау, әйелдерге қатысты саясат, құқық қорғау және сот жүйелерін оңтайландыру бағытындағы жұмыс жоғары бағаланды. Сондай-ақ мүгедек жандарға жасалған жағдай мен адам саудасына жол бермеу мақсатындағы жұмыстар да ерекше назар аударды.
Заңнамалық актілерге діни бірлестіктерді тіркеудің сандық цензін қысқарту, діни іс-шараларды өткізу, оларды өткізуге рұқсат беруден хабарлама сипатына көшуге қатысты өзгерістер енгізілді. Әйел еңбегін пайдалануды шектейтін жұмыстардың тізбесі алып тасталды. Полиция жұмысының қызметтік моделінің жеке элементтері енгізілді. Сотталғандар мен уақытша қамаудағыларды медициналық қамтамасыз ету функциялары Ішкі істер министрлігінен Денсаулық сақтау министрлігіне кезең-кезеңімен беріледі. Қазақстан Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасалды. Сотталғандарды жұмысқа орналастыру және оларды әлеуметтік бейімдеу жағдайлары кеңейтіледі.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында заң жобалары әзірленді. Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияның Факультативтік хаттамасы ратификацияланды. Азаматтық бастамаларды қолдау үшін коммерциялық емес ұйымдардың қызметін гранттық қаржыландыру механизмін қайта құру жоспарланған. Уәкілетті мемлекеттік органдар әлеуметтік бейімделмеуге және әлеуметтік депривацияға әкелетін қатыгездікті бағалау өлшемі бекітті. Бұл зорлық-зомбылық салдарынан болған дене жарақаттарын, психологиялық әсерді тіркейтін қанатқақты жоба атанып отыр.
Қазіргі таңда адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету елдегі саяси күн тәртібінің басым бағытының бірі. Сондықтан да адам құқықтары саласындағы іс-шаралар жоспарын кеңейту бойынша қосымша шаралар қабылдау қажеттігі туындады. Осы мақсатта Мемлекет басшысы 2022 жылғы 13 сәуірде «Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 9 маусымдағы № 597 Жарлығына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды.
Жарлыққа сәйкес, Үкіметке адам құқықтары және заң үстемдігі саласындағы шаралар жоспарын бекіту тапсырылды. Онда бірқатар жұмыс бағыттары көрсетілген. Атап айтқанда, әйелдерді кемсітуді жою, ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін ілгерілету мәселесі бар. Сондай-ақ бірлесу бостандығы құқығы, мүгедектігі бар адамдарға қатысты адам құқықтарын сақтау бойынша жұмыстар жүргізілуі тиіс. Қылмыстық сот төрелігі, жазаны атқару және азаптаулар мен қатыгез іс-әрекеттердің алдын алу саласындағы құқықтарын да сақтауды ілгерілету көзделіп отыр. Адам саудасы құрбандарының құқықтарын қамтамасыз ету, мигранттарға, азаматтығы жоқ адамдарға және босқындарға қатысты адам құқықтары, БҰҰ-ның органдарымен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру секілді мәселелер де ескерілген.
Жалпы, қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау және азаптау мен қатыгездіктің алдын алу саласындағы адам құқықтарына қатысты шаралар Президенттің ерекше бақылауында екенін де айтқан жөн. Сондай-ақ құқық қорғаушылар мен бүкіл қоғам да бұл мәселеге ерекше назар салып отыр. Мемлекет басшысы 16 наурызда Парламентте «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында осы мәселені көтерді.
Содан бір күн бұрын әлемде Халықаралық полиция қатыгездігімен күрес күні атап өтілді. Бұл дата 1997 жылдан бері атап өтіліп келеді. Оның бастамашылары – Монреальдағы «Полициялық қатыгездікпен күресу ұжымы» және швейцариялық «Қара ту» тобы ұйымдары. Бастапқыда 15 наурыз ыңғайлы болу үшін таңдалған-ды (1997 жылы жұмаға сәйкес келді). Бірақ 2000 жылдан бері Швейцария полициясының 11 және 12 жастағы екі баланы ұрып-соғуымен жиі байланысты айтылып жүр.
Жолдау қарсаңында Мәжіліс қабырғасында қаңтар оқиғасына қатысты тергеудің аралық қорытындысы талқыланды. Бұрын-соңды мұндай кең талқылау болған емес. Жиын барысында құқық қорғау органдарының басшылары, депутаттар, сондай-ақ Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова сөз сөйледі. Омбудсмен бірқатар дерек келтіріп, өз ұстанымын жеткізді.
«Азаматтардан менің атыма түскен 137 өтініштің 86-сы азаптау немесе басқа да қатыгездік әрекеттеріне қатысты. Ресми статистикаға сәйкес, 2022 жылға 13 наурызға дейін азаптау және қызметін асыра пайдалану фактілері бойынша 243 қылмыстық іс тіркелген. Біз қазір азаптау көрсеткендерге жауапкершілікті күшейту және азаптаудың алдын алу тетіктерін енгізу мәселесін құқық қорғау органдарымен бірлесіп талқылап жатырмыз. Азаптауды, күш қолдануды, қорқытуды, сондай-ақ өзге де қатыгездік тәсілі арқылы алынған дәлелдемелер заңға сәйкес жарамсыз деп танылады. Осыған байланысты қамауда ұстау мен тергеудің рұқсат етілмеген әдістері туралы істерді тергеуді кейінге қалдырмау өте маңызды», деді ол.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов депутаттарға аталған фактілер бойынша құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істер тергеліп жатқанын айтты.
Мемлекет басшысының Жолдауында қаңтар айында елімізде болған қайғылы оқиғаға өткір де тиянақты баға берілді. Президент «нағыз қылмыс жасаған адамдар заң алдында толығымен жауап береді. Басқаша әрекет ету, яғни, бедел жинау үшін байбалам салып, қосақ арасында жүргендер мен арандатушыларға жеңілдік жасау – жазықсыз құрбан болған жандардың аруағын сыйламау деген сөз», деді.
Сондай-ақ Президент осы орайда «Біз құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұсталған адамдарды тергеу барысында тыйым салынған тәсілдерді қолданғаны, тіпті оларды азаптағаны туралы фактілер болғанын ашық айттық. Орта ғасырлардан қалған осындай жабайылық кез келген өркениетті қоғамның қағидаттарына қайшы келеді. Бұл – біз үшін де мүлде жат қылық», деп ескертті. Сондықтан құқық қорғау институттарын нығайту маңызды.
Басқалар секілді полиция қызметкерлерінің де кемшіліктері бар, қауіпті және тез әрекет жасауды талап ететін оқиғаларға жиі тап келетінін бәріміз мойындаймыз. Бірақ баршаға белгілі құқық бұзушылық істерді «өте әсірелеу» немесе жекелеген «жаман полицейлердің» ісі деп мәлімдейтіндер мынаны естен шығарып алады. Мұндай қадам арқылы адам құқықтарын бұзуды ақтайтынымызды ұмытып кетеді. Осылайша, заңның әділдігін қамтамасыз етіп, оны күзетуі тиіс адамдар – полицияға деген сенімге нұқсан келтіреміз.
Жолдауда азаптауға байланысты қылмыстарды тергеуге жүйелі тәсілді енгізу қажеттігі айтылған. Бұған жауапты орган – Бас прокуратура. Бұл тәсіл тергеудің объективтілігі мен бейтараптығын қамтамасыз етеді. Құқық қорғау саласында озбырлық жасағандарды жазаға тартуға жол ашады.
Сондықтан Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығын жүзеге асыру жоспары еліміздің заңнамасын жетілдіруге басымдық бермек. Атап айтқанда, дене күші мен арнайы құралдарды қолдануды шектеу, Ыстанбұл хаттамасына сәйкес азаптау істерін тергеп-тексеру әдістемесі бойынша ұсыныстар әзірлеу көзделген. Сондай-ақ азаптауға қатысты шағымдар иесінің құпиялығын қамтамасыз ету де көзделген.
Жалпы, бұл Жарлық мемлекетіміздің саясатын адам құқықтары саласындағы баршаға ортақ халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге бағытталғанын көрсетеді. Сондай-ақ азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі міндеттерді мақсатты түрде жүзеге асыратынын білдіреді.
Зарема ШӘУКЕНОВА,
Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның
Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі,
Ұлттық ғылым академиясының академигі