15 сәуірде сағат 13.50-де Павлодар қаласы Ткачев көшесіндегі бассейндердің бірінің жанында Павлодар облысы полиция департаментінің жедел қызметкерлері ҰҚКД қызметкерлерімен бірлесіп ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысын ұстады.
Қазақстан Республикасы ҚК-нің 194-бабы 4-тармағының 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу істері жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.
Бұл бап бойынша мүлікті тәркілеп, жеті жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«Ұйымдасқан қылмыстық топтың 54 жастағы лидері 40 жастағы павлодарлықпен алдын ала келісе отырып, психологиялық қысым көрсету және күш қолданамын деп қорқыту арқылы ЖШС-лардың бірінің директоры мен оның орынбасарынан үшінші тұлғалардың пайдасына 52 миллион теңгеден астам қаражат аударуды талап еткен», деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Скляр.
Аяна Тоғанбек