Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Жаңа жүйенің басты тиімділігі – тұрғындарға ақша түсімін және қаражаттың жұмсалуын бақылауға мүмкіндік береді. Егер бұрын ПИК, КТ, ПИТК, ЖШС және тағы басқа басқару органдары бірнеше үйді басқарып, барлық үйге бір шот ұстаса, енді әр үйдің жеке шоты болады. Мүлік иелерінің бірлестігі – заңды тұлға. Оны басқаратын төраға меншік иелері қатарынан бір жылға сайланады. Бұл ретте, штатта аула сыпырушылар, электриктер, сантехниктер сияқты қызметкерлер болмайды. Бұлардың қызметін шарт бойынша сервистік қызмет көрсететін ұйымдар орындайды. Жаңа басқару нысанына өте отырып меншік иелері өзіне тиесілі пәтер ауыртпалығын көтереді, тұрғын емес үй-жайдың, сондай-ақ кондоминиум нысанының ортақ мүлкіне жауапкершілікті өз мойнына алады. Осыған байланысты МИБ төрағасы қарапайым серіктестіктің сенім білдірген адамы екінші деңгейлі банктерде ағымдағы және жинақ шоттарын ашады.
Қарапайым серіктестік – заңды тұлға болмай-ақ барлық меншік иелерімен тікелей бірлесіп басқару формасы. Мұндай жүйе 2-3 қабатты тұрғын үйлерді қоныстанған 10-15 шақты пәтер иелеріне тиімді болмақ. «ПИК-тің тағдыры не болмақ» деген сауал туындауы заңдылық. «Бес қаруын» сайлаған, сантехник сияқты бірнеше қызметкері бар әлеуетті ПИК-тер сервистік қызмет көрсетуге ниетті. Ал ұсақ ПИК-тер өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Салхановтың мәліметінше, бүгінде облыста 1 471 үй «жаңа өмір» бастаған. Оның 108-і МИБ, қалғаны қарапайым серіктестік ретінде тіркеліпті.
– Тұрғындарға жаңа жүйені түсіндіру жұмыстары ешқашан тоқтаған емес. Карантин уақытында ретін тауып, онлайн форматта кездесулер ұйымдастырып тұрдық. Өкінішке қарай, жаңа жобаға атүсті қарайтындар көп. Пәтер иелеріне ұжымдық жауапкершілік жетіспейді. Көбі жекеменшік мүліктің жөн-жосығын түсіне бермейді. «Әкімдік жөндеуге тиіс» деп қолды сілтейтіндер де бар. Заң қабылданды. Шекті уақыт бар. Сондықтан да пәтер иелеріне жаңа жүйеге көшуге ерте қамдана бастаған жөн, – дейді Е.Салханов.
Карантиндік шектеулер болмаса да, тұрғындардың жаңа жүйеге аяқ басуы екіталай сияқты. Түсіндіру жұмыстарының жүйелі жүргізілмеуінен бе, әйтеуір МИБ-ке бас ауыртып жүргендер аз. Көбіне зейнеткерлер қауымы қызығушылық танытып, көшті өрге сүйреуде. МИБ-ке өткен облыс орталығындағы Ткачев көшесі, 18-үйдің төрағасы Дулат Сайдахметовтің айтуынша, жаңа жүйенің тиімділігі мол.
– Ең қиыны, адамдарды жинап, түсіндіру. Осы орайда, әуелі тұрғындар арасында сауалдама жүргізілді. Онда үйдің төрағасы, кеңес мүшелері және ревизиялық топ құрамы көрсетіліп, ашық дауысқа салдық. Барлығы дерлік оң қабақ танытып, тиісті құжаттарды жедел реттедік. Жаңашылдықтан ұтарымыз көп. Бұған дейін ПИК-тер бірнеше үйге қызмет көрсетіп, біздің ақшамыз өзге үйдің жөндеу жұмыстарына жұмсалып келген-ді. Ендігі жерде екі есепшот ашылып, қаражаттың қайда бағытталатынын бақылап отыруға мүмкіндік бар. Бірінші есепшотта қызмет көрсетуші ұйымға, екіншісінде үйімізді жөндеу мақса-
тындағы қаражат жинақталады. МИБ-ке өткеннен кейін тұрғындар ортақ мүлікке жауапкершілікпен қарай бастады. Әзірге ауыз толтырып айтарлықтай өзгеріс болды деп айта алмаймын. Бірақ алдағы уақытта жаңа жүйе тиімділігін көрсетеді деген сенімдеміз, – дейді Д.Сайдахметов.
Қала тұрғыны Айтжамал Назарова ПИК-тен МИБ-ке ауысқанда тарифтің өзгермеуі маңызды екенін айтты.
– Тариф өсетінін естіген кейбір жұрт МИБ-тің құрылуына қарсы. Бірінші кезекте азғантай зейнетақыға күнелтіп отырған зейнеткерлер қауымының көңілінен шығып отырған жоқ. Егер ПИК-пен қош айтыссақ, сервистік ұйымдардың қызметі қымбатқа түсетіні түсінікті. Қазір сантехниктің қызметінің өзі 5 мың теңгеден кем емес. Сол себепті көбіне зейнеткерлер ПИК-пен дос болуға ынталы. ПИК қызметіне ай сайын төлемақыны уақтылы бермей отырған тұрғындардың өзі тариф бағасы өссе, мүлдем ат-тонын ала қашатынын болжау қиын емес. Қазіргі уақытта тұрғын үйді басқару сияқты жауапкершілікті ешкім мойнына алғысы келмейді. Мұндай өзгеріске пәтер иелері дайын емес. Сондықтан да арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін, барлық тарапқа тиімді жүйе енгізілсе екен, – дейді шаһар тұрғыны.
Қорыта айтсақ, бұл іске жауапты мекемелер жүйенің артықшылығын алға тартқанымен, пәтер иелері әзірге белсенділік таныта қойған жоқ. Көбі лифт сияқты ортақ мүлікті әлі күнге дейін әкімдіктің дүниесі деп ойлайды. Үйдің шатырын жөндеу, ішкі құбырларды реттеу қажет болса, кейбір тұрғындар ортақ шаруадан қалыс қалатыны рас. Көп қабатты тұрғын үйлердегі пәтер иелерінің басты мәселесі – осы. Не десек те, жылдар бойы бәленбай үйді қарамағына алып, жиналған қаражатты дұрыс жарытпаған ПИК-пен қош айтысатын уақыт келген сияқты...
ПАВЛОДАР