Мәселен, Тараз қаласынан Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылына қарай ары-бері өткен жолаушылар бұл жағдайды жақсы біледі. Қаладағы кәріз жүйелерінің тозғандығынан екі ортадағы бірқатар ауыл тұрғындары зардап шегіп отыр. Бұл мәселені жергілікті жұртшылық та талай рет көтерген. Тіпті әкімдердің есеп беру жиындарында да бұл өңірдегі күрделі мәселелердің бірі ретінде жиі айтылатын. Бірақ жауаптылар мәселені басшылыққа алғанымен, әйтеуір түрлі себеппен шешімін таппады. Жергілікті жұртшылықтың жанайқайы болып келе жатқан мәселені жуырда облыс әкімі Нұржан Нұржігітов көтеріп, тиісті сала басшыларына тапсырма берді. Енді бұл мәселенің қалай реттелетінін уақыт көрсетеді.
Тараз қаласындағы кәріз жүйелерінің құрылысы өткен ғасырдың елуінші жылдары басталған. Одан бері жетпіс жылдан астам уақыт өтті. Мәселе сол күйі қалып келеді. Тіпті бүгінде көптеген елді мекеннің тұрғындары пайдаланып отырған құдықтардағы су сапасы ешбір санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Бұл да тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіретін жайттың бірі. Сонымен қатар кәріз суларын тазалау қондырғысы еліміз бойынша Тараз қаласында ғана жоқ екен. Ал уақыт өткен сайын қаладан шыққан қалдық сулар Жамбыл ауданының аумағына жайылып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне кедергі келтіруде.
«Қаланың қалдық сулары Жамбыл ауданы, Қостөбе ауылының маңында орналасқан көлемі 197,07 гектарды құрайтын сүзгі алқабына төгіледі. Қазіргі таңда қаладан алқапқа кәріз жүйелері арқылы қабылданып жатқан қалдық су көлемі тәулігіне 65-70 мың текше метр болса, көктемгі және күзгі жауын-шашын кезінде ағып келіп жатқан су көлемі тәулігіне 100-120 мың текше метрді құрап отыр. Аумақтағы Жамбыл ауданына қарасты Бірлесу-Еңбек, Қостөбе, Өрнек, Ерназар, Тастөбе елді мекендерінде құдықтан алынған су сапасы ешбір санитарлық талапқа сәйкес келмейді. Сондай-ақ соңғы жылдары сүзгі алқаптың маңындағы ауыл шаруашылығына пайдаланып отырған жерлерде жерасты суларының деңгейі көтеріліп, батпаққа айналуда», дейді Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев.
Бұл ретте шаһар басшысы өзекті мәселені шешу үшін өңірді шұғыл түрде техногендік апаттағы төтенше жағдай аумағы ретінде қабылдап, апаттың алдын алуға бағытталған іс-шаралар жүргізу қажет екенін айтады.
Шынында да, тозығы жеткен кәріз жүйелерінің жағдайы аймақтағы күрделі мәселенің бірі. Ауыл тұрғындарының санитарлық талапқа сай келмейтін су ішуі, ауаның ластануы, бәрі де үлкен қатер екені анық. Дегенмен аталған мәселені шешу үшін өңірде тиісті сала басшылары әрекет етіп жатқанын да жеткізді. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жарылқасын Айтақовтың айтуынша, биыл облыс орталығына кәріз суларын тазарту қондырғысын салу бойынша еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер есебінен Тараз қаласында кәріздік тазарту құрылысын салу жобасын іске асыру жөніндегі «Жол картасы» әзірленіпті. Сондай-ақ ол 2018 жылы аталған мәселе бойынша техникалық-экономикалық негіздеме дайындалғанын, енді сол құжатты қайта қарап, жобалық-сметалық құжат әзірлеу мен мемлекеттік сараптама қорытындысын алу қажет екенін айтты. Егер жобалық-сметалық құжат дайындалған жағдайда жобаны іске асыру үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бюджеттік өтінім беру көзделген. Ал құрылыс жұмыстары 2024-2026 жылдарға жоспарланған. Сонымен қатар облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, республика көлемінде кәріз тазарту имараттарын салуды халықаралық қаржы ұйымдарының қаржысына іске асыру туралы шешім қабылданып, 53 қаланың тізіміне Тараз, Шу, Қаратау, Жаңатас қалалары да енгізілген екен.
Бұл мәселе биыл ғана көтеріліп отырған жоқ. Әулиеата өңірін басқарған әкімдердің бәрі де аталған жайдан хабардар болатын. Тіпті мәселені шешу үшін талай рет талпыныс та болған. Алайда жұртшылықтан сүйінші сұраудың сәті түспеген. Осы мәселеге байланысты өткен жиында да облыс әкімі Нұржан Нұржігітов аталған мәселенің маңызды екенін және тұрғындардың талай жылдан бері көтеріп келе жатқанын, алдағы уақытта шешілмесе мұның күрделі мәселеге айналатынын ескерткен. Тіпті ұзаққа созылатын құжат әзірлеу жұмыстарын күтпей, мәселені тез арада шешу жолдарын қарастыру керектігін де айтқан. Расында да, мұндайда құжат әзірлеу жұмыстарының көп уақыт алатыны белгілі. Қазіргі кезде Тараз қаласының қолданыстағы сүзу алаңдарының толуына байланысты қосымша карталардың құрылысына 20 гектар жер телімі алыныпты. Енді жұмысты жеделдету үшін тиісті зерделеу жүргізілсе, бұл да көптен бері келе жатқан күрделі мәселені шешуге деген оң қадамның бірі болатын еді.
Жамбыл облысы