Тау баурайындағы қиыршық тас шығаратын оннан астам ұсақ зауыт Мұғалжарды талқандап болған соң ғана кететін тәрізді. Жаз бойы қиыршық тас ұнтақтаушылардың техникасынан ұшқан шаң-тозаң төңіректегі ауылдарды басып тастайды. Әсіресе, жаз бойы шаң-тозаң жұтатын Бершүгір ауылының тұрғындарына тіпті обал. Бүгінде тау жоталарының орны қап-қара болып үңірейіп қалған. Бершүгірдің басынан бақ тайған соң баурайындағы оазисі – бұлақ көздері де жойылды. Осы төңіректегі ауа ағымын реттейтін тау-қырат жойылса, ізімен су да құрып, табиғаттың тепе-теңдігі бұзылады екен.
Аудан орталығы – Шалқар қаласының тіршілігі Шалқар көлімен тікелей байланысты. Оны қоректендіруші – бастауын Мұғалжар қыраттарының бір бөлігі Бершүгір бөктерінен алатын Қауылжыр өзені. Бұл жасанды көл 1907 жылы тұрғызылған. Орынбор – Ташкент теміржолы іске қосылғанда, Орынбор генерал-губернаторының пәрменімен Мұғалжар қыраттарындағы көлден Қауылжыр өзені арқылы канал тартылып, паровоздарға су алу үшін салынған.
Үш жылдан бері су келмегендіктен көлдің жағдайы әбден нашарлады. Тек биылғы сәуірдің басында Қауылжыр тасып Шалқар көлін толтырды.
Шалқар көлін тазарту жұмыстары Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бақылауына алынып, өткен жылдың 5 сәуірінде тазарту жұмыстары басталды. Екі жылға жоспарланған осы жобаның жалпы бюджеті – 3 млрд 052 млн теңге. Шалқар көлінің түбін тазарту жұмыстарына 2021 жылы Ұлттық қордан 1 млрд 300 млн теңге бөлінді. Қазірге дейін оның 925 млн теңгесі игерілді. Оған қоса 2022 жылы республикалық бюджеттен 1 млрд 250 млн теңге, жергілікті бюджеттен 15,7 млн теңге қосымша қаржы тағы бөлінді. Бас мердігер – Алматыда тіркелген «TOLAGAI – 2050» ЖШС, жобалаушы – «Актюбводпроект» ЖШС. Жұмыстың техникалық бақылаушысы – «Стройпотенциал» ЖШС. Биылғы 5 қыркүйекте аяқталуға тиіс.
Өткен аптаның соңында өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған стратегиялық жобаның қалай іске асып жатқанын бақылау мақсатында облыстық мәслихаттың депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері Шалқар ауданында болып қайтты. Шалқар ауылының тұрғындары көл тазарту жұмыстары сапалы түрде жүргізілген жоқ деп наразылық білдірген соң облыс әкімі Оңдасын Оразалин жобаға өзгеріс енгізуді тапсырды. Әкімнің тапсырмасы бойынша мердігерлер көлдің плотинамен жалғасқан тұсын көгалдандыруға тиіс. Тазалау жұмыстары кезінде жағалауға қалай болса солай төгілген шөгінділердің беті құнарлы топырақпен тегістеліп, бетіне жасыл желек отырғызылады.
Экскаватор-қайық екі жыл бойы не істеді?
Шалқар көлі табиғи жауын-шашынмен және Қауылжыр өзенінен келетін сумен қоректенеді деп жоғарыда айтқанбыз. Жарты ғасырдан бері тазартылмаған көлдің түбі тайызданып әрі шөгінді-қоқыстармен лайланып, жағасын қамыс-қоға басты. Көл ортайған соң жаз ортасында суы қызып, буланып, бұл балықтары мен ұсақ жәндіктерінің қырылуына әкеліп соқтырды.
Біз көл басында бас мердігер «TOLAGAI – 2050» ЖШС өкілін де, жобалаушы «Актюбводпроект» ЖШС мамандарын да кездестірмедік. Су жағасында үш ауыр жүк көлігі мен экскаватор-қайық қаңтарылып тұр. Жағалауда жалғыз прораб жүр. Ол өзін Ақтөбедегі қосалқы мердігердің өкілімін деп таныстырды да: «Бір жылдан бері атқарылған жұмысқа жауап бере алмаймын, 1 сәуірден бері жұмыс істеп жатырмын» деді. «Стройпотенциал» ЖШС өкілінің айтуынша, осы кезге дейін көлдің жағалауы кеңейтіліп, жан-жағы қамыс-құрақтан тазартылып, судың жайылу аймағы кеңейген. Ал ортасын тазарту жұмыстары әлі қолға алынбаған. Бірер күннен соң геодезист мамандар келіп, жағдайды зерделеген соң көлдің ортасындағы 4 гектар аумақ арнайы сорғымен тазартылады деп жауап берді.
Көлдің түбін жалпы шөгінділерден тазарту аумағы – 3 054, 04 мың текше метр. Тазарту жұмыстары басталғанға дейінгі көлдің орташа тереңдігі – 2,11 метр болса, аяқталған соң 3,23 метрге тереңдейді. Бүгінде көл суы 19,16 млн текше метрге тең. Әдетте көл жаз бойы булану кезінде 5,26 млн текше метрін, табиғи сүзгілену арқылы тағы да 2,28 млн текше метр суын жоғалтады. Сонда Шалқар көлінің табиғи су көлемі 7,08 млн текше метрге азаяды. Одан жаз бойы тұрғындардың бау-бақшасына 1,4 млн текше метр су тағы жіберіледі.
Облыстық мәслихат депутаты Евгений Лазарчуктің айтуынша, әдетте көл тазарту жұмыстарында жағалау бөлігі кеңейтіліп, содан кейін көлдің ортасына арнайы сорғы жіберіледі. Ауызекі тілде «земснаряд» аталып кеткен қуатты сорғы көл түбіндегі барлық лайды сыртқа алып шығады. Эколог-депутат мұнымен бір кезде көл түбіндегі шұңқырларды да тереңдету керегін жеткізді. Өйткені көл түбі тереңдетілмесе, судың қызуы мен булануы жоғарылап, тағы да балықтардың қырылуына әкеліп соқтыруы мүмкін. Сол үшін көл түбін 3,5 метр тереңдікке дейін қазу керек. Ал су астынан шығарылған лайдың құнарлылығы өте жоғары, оны қарашірікпен қосып, тал-терек отырғызса жақсы өнім береді.
Көл тазарту жұмыстары сұйылып бара жатқан соң жергілікті тұрғындар бірігіп «Шалқар көлінің жанашырлары» тобын құрған. Қазір оның 200 мүшесі бар. Олар осы кезге дейін атқарылған жұмыстар жөнінде мердігердің есеп беруін талап етіп отыр. Аудан тұрғындары Қуанышбай Дәулеталин және Ерлан Әбдікәрімов көл тазарту жұмыстары сапалы түрде жүргізілмегенін жеткізді. «Ең бастысы, көлдің ортасын лай-батпақтан тазалап, түбін тереңдету жұмысы іске асырылған жоқ. Әлі күнге дейін көлдің түбіндегі барлық лайды сорып, сыртқа төгетін сорғы қолданылған жоқ. Жобаның сметалық құжатында көлді тазартуға фин қондырғылары қолданылып, Норвегиядан гидролог мамандар шақыртылады делінген. Бұл жоспар іске аспады. Серіктестіктің су тазартатын арнайы техникасын да көрмедік. Жағалауда былтырдан бері жалғыз экскаватор-қайық жүр. Былтыр жағасын кеңейтіп, қамыс-құрағын шапқаны болмаса, ештеңе бітірген жоқ», дейді табиғат жанашырлары.
Аудан тұрғындарының «Көл тазарту жұмыстарына бір ғана экскаватор-қайық қолданылды. Техникаларыңыз қайда?» деген сұрағымызға, «Тиегіш көлігіміз бөгет басында тұр. Үш тиегіш пен екі экскаватор қаланың арғы бетіндегі мекемеміздің гаражында. Біз су инженерін күтіп отырмыз. Олар келіп көлдің ортасын тереңдетіп тазартуға қатысты ұсыныстарын айтқан соң барып, сорғылау жұмысын бастаймыз», деп жауап берді «Стройпотенциал» ЖШС қызметкері.
Шілденің аптап ыстығында көл суының булануын азайту үшін түбі тереңдетілмесе, табаны жарты ғасырдан бері жиналған шөгінділерден тазармайды, суы молаймайды. Қазірдің өзінде жағалау бойы судан шығарылған лай балшық. Үсті-үстіне үйіле берген. Көл жағасында суды ұстап тұрудың бір амалы, көгалдандырудың тіке жолы – көпжылдық бұталар мен ағаш егу. Өйткені көлдің жан-жағы жалаңаштанса, су кері қайтып кетеді. Ағаш-бұта тамырлары жерасты суын тартып, көлді буланудан қорғайды.
Шалқар ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Әлібеков «Көл жанашырларымен ақылдаса отырып, су түбінен шыққан шөгінділерді аудандық орман шаруашылығы мекемесінің құзырына беріп, көлдің жан-жағына тал егіп, көгалдандыру жұмыстарына қолданамыз», деген пікір айтты.
32 млн қалай құмға көмілді?
Осыдан кейін жол бойындағы Шалқар ауылдық округі Жылтыр елді мекеніне аялдадық. Бұл – құм басып жатқан ауыл. Жылтыр ауылының тұрғыны, зейнеткер Сәрсенғали Көпеновтің айтуынша, 2017 жылы Мұғалжар ауданы Ембі қаласынан бір кәсіпкер ауыл іргесінен 20 га жерді қоршап, 32 млн теңгеге тал отырғызды. Отырғызылды, бірақ ешкім күтім жасаған жоқ. Суарылмады. Ақыры жас көшеттерді мал жеп қойды. Бұл жақта күн өте ыстық, шілденің аптап ыстығында ауа температурасы 50 градусқа дейін жетеді. Талдың сұрауы болмады, ембілік жігіттер де қайтып оралмады. Содан Шалқар ауылдық округінің әкімі 2020 жылы облыстық прокуратураға арыз түсірді. Бірақ іс сотқа жеткенімен, көгалдандыруға жұмсалған 32 млн теңгенің соңы немен аяқталғаны белгісіз. Құм басқан ауылды көгалдандыру жұмысы осылайша 32 млн теңгені құмға көмумен аяқталды.
Келесі жылы Жылтыр тұрғындары ауыл шетіне шөлге төзімді жыңғыл, тобылғы, сексеуіл отырғызды. Сексеуіл тамырланып кеткенше екі-үш жыл үзбей суару керек. Құмды аймаққа тамыры терең, шөлге төзімді өсімдіктерді отырғызу керек. Суаруға тағы да су таппады. Жерасты суы 40-50 метр тереңдіктен шығады. Оны тек ұңғымен қазу керек. Арал аймағына кіретін шөлді өңірдің басты мәселесі де осы су, сондықтан да құмды ауылды көгалдандыру, сол арқылы құм тоқтатумен тек мамандар ғана айналысуы керек. Шалқар ауылдық округінің әкімі осы жұмысты аудандық орман шаруашылығы мекемесіне берсе дейді. Қазір қаржыландыру көздері болмағандықтан, аты бар да заты жоқ мекеме жабылу алдында тұр. Ал «ембілік жігіттер» сияқты көлденең көк аттының құмның ішіне сексеуіл тығып кеткенімен Жылтыр көгалданып кетпейді. Бұл жерде іске жаны ашитын нағыз мамандар жұмыс істеуі керек. Орман шаруашылығы мекемесі мамандары қаржы бөлінсе, суды ұңғымен қазып, тамшылатып суару әдісімен жыңғыл-тобылғыны өзіміз-ақ егеміз дейді. Тағы бір мәселе – Арал апат аймағындағы Шалқар ауылын тұщы сумен қамтамасыз ететін Үлкен Борсық және Кіші Борсық құмдарындағы тұщы су қорының деңгейі де анық емес. Тұрғындар құм астындағы су қоры азайып бара жатқанын біледі, бірақ нақты зерттеу жүргізілмеген. «Запказэнерго» мекемесі 1998 жылы жерасты су қорына барлау жұмыстарын жүргізді. Одан кейін ең соңғы рет 2013 жылы жүргізілген барлау жұмыстары жерастындағы тұщы су қоры деңгейінің төмендегенін көрсетті.
Айта кету керек, Арал апаты аймағына кіретін Шалқар ауданы бойынша Аққайтым, Байқадам, Шалқар ауылдық округтері еліміздегі құм басу аймағында тұр. Құмның жылжу жылдамдығы жылма-жыл өте жоғарылап барады. Барқын құмдар Жылтырға да төніп келеді. Қазір ауыл шетіндегі клубтың іргесіне жетті. Әрекет қылмаса, үш-төрт жылдың шамасында ескі клуб құм астында қалады.
Осылайша, аудан тұрғындары үшін ең бірінші кезектегі мәселе экологиялық ахуалды жақсарту болып тұр. Бұл жоғарыда атап өткен шараларды сапалы түрде қолға алғанда ғана мүмкін болмақшы. Ал қазіргі уақытта жұрт Бершүгір қыраттарындағы қиыршық тас өндіретін оннан астам шағын зауыттардың жұмысын тоқтатып, Шалқар көлінің түбін тереңдету жұмыстарын сапалы жүргізуді талап етіп отыр. Осы шаралар қолға алынбаса, өңірге экологиялық зор апат төніп келеді.
Ақтөбе облысы