Саясат • 21 Сәуір, 2022

Республикалық бюджет көлемі ұлғаяды

345 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында республикалық бюджетке өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Бұл мәселе жөнінде Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Тимур Жақсылықов баяндама жасады.

Республикалық бюджет көлемі ұлғаяды

«Заң жобасында Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшерін 4,03 трлн тең­геге дейін ұлғайту қа­рас­ты­рылған. Қаражат Мемлекет бас­шысының тапсырма­ларын іске асыру үшін қосымша қар­жыландыруды шеңберінде рес­­пуб­­лика­лық бюджеттің тең­­ге­рімін қамтамасыз ету­­ге ба­ғыт­талады. Ұлт­тық қо­р­дың ны­­­са­­­налы көр­сет­кіш­тері фис­кал­дық шек­­теу­лер шегінде сақ­талады», деді Т.Жақсылықов.

Заң жобасын талқылағаннан кейін депутаттар құжатты ма­құл­дады. Бұдан кейін «2022-2024 жылдарға арналған рес­публикалық бюджет туралы» Қазақ­стан Республикасының Заңы­на өзгеріс­тер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Бұл мәселе жөнінде Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Тимур Жақсылықов, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин баяндама жасады.

«Жыл басынан бері ел экономи­касы­ның өсуінің оң серпіні байқалған. Ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны қаңтар-ақ­пан айларда 3,5 пайызға жет­ті. Мұнайдың орташа баға­сы барреліне 98 долларды құра­ды. Бұл ретте Дүниежүзілік қар­жы ұйымдарының болжамы­на сәйкес 2022 жылы мұ­най бағасы 74 доллар мен 105 доллар аралығында бол­мақ. Осы­ған байланысты, макро­көр­сеткіштерді нақтылау кезін­де мұнайдың орташа жыл­дық бағасы барреліне 90 доллар деңгейінде айқындалды», деді Т.Жақсылықов.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрінің келтірген деректеріне сүйенсек, S&P Global Ratings агенттігі 2022 жылы әлемдік экономиканың өсуі 4,2 пайыздан 3,6 пайызға дейін тө­мен­дейді деп болжаған. Осыларды ескере келе, ми­нистр­лік ел экономикасының өсуі 3,9 пайыздан 2,1 пайызға де­йін төмендейді деп есептейді. Но­ми­налды ішкі жалпы өнім 91,5 трлн теңге көлемінде бағаланған.

«Өңдеуші өнеркәсіптегі болжамды көрсеткіштер әлемде протекционизмнің күшеюі­не және тарифтердің өсуіне байланысты металлургиядағы өндіріске шектеу қою салдарынан 3,5 пайыздан 2,9 пайызға дейін төмендетілді. Құрылыста өсім бұрын мақұлданған дең­гейде сақталады (3,8 пайыз).

Ақпарат пен байланыста ақпараттық қызметтерге сұра­ныстың төмендеуі салдарынан болжам 8,3 пайыздан 5 пайыз­ға дейін төмендетілді. Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт 72,2 млрд долларға дейін өседі. Им­порт 40,2 млрд долларды құрай­ды. Инфляция 8-10 пайыз ара­лы­ғында болмақ», деді Т.Жақсылықов.

Биыл республикалық бюд­жеттің кірісі 10,2 трлн тең­геге жетпек. Бұл бекі­тілген жос­­пардан 955 млрд теңге­ге жо­ғары. Кірістің ұлғаюы мұнай ба­ға­­­сының өзгеруіне байланыс­ты. Сон­дай-ақ долларға теңге бағамы өзгер­гендіктен, баж мөлшерлемесі де артады. Бұдан бөлек, макроэкономикалық көрсет­кіштердің өсуі есебінен корпора­тив­тік табыс салығы да көбеймек.

«Ұлттық қордан кепіл­ден­дірілген трансферттің мөл­­шері 4,03 трлн теңге­ге дейін неме­се 1 630 млрд теңгеге ұл­ғай­тыла­ды. Қаражат Мемлекет бас­шы­сы қойған міндеттерді іске асы­руға бағыт­талады. 2022 жылы бюджет тапшы­лығын 2,978 трлн теңге немесе ішкі жалпы өнімге қатысты 3,3 пайыз деңгейінде айқындау ұсынылады.

2022 жылы мұнай емес тап­шылықтың деңгейі баға­лау бойынша ішкі жалпы өнімге қатысты 10,2 пайызды құрайды. Республикалық бюд­­жеттің шығыстарын 2,7 трлн теңгеге ұлғайтып, 18,8 трлн теңге көлемінде айқын­дау ұсы­нылады», деді Т.Жақсылықов.

Бұдан кейін мінберге көтерілген Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев заң жоба­сын жан-жақты түсіндірді. Мемлекет бас­шы­сының тапсырмаларын және мем­лекеттің басқа да шұғыл міндеттемелерін іске асыруға ба­ғыт­талғанын жеткізді.

«Бұл бағыттар бойынша бюджет шығыстары 2,7 трлн теңгеге артып отыр. Бюджет шығыстары былай ұлғайтыл­ды. Бюджеттің өз кірістері 1,1 трлн теңге, Ұлт­тық қордан кепіл­­ден­дірілген трансферт 1,6 трлн тең­геге жетпек. Бұл ретте Ұл­ттық қордың түсімдері мен шы­ғыс­­тарының теңгерімі жыл соңында оң болады деп болжанған.

Кірістер мен шығыстардың қайта қаралуын ескере отырып, 2022 жылға арналған рес­публикалық бюджеттің пара­метрлері былай қалыптасты. Бюд­жет түсімдері 2,7 трлн теңгеге ұлғайып, 15,8 трлн теңгені құрайды. Ішкі жалпы өнімге шаққандағы тапшылық 3,3 пайыз деңгейінде сақтал­ды. Республикалық бюджеттің шығыстары 2,7 трлн теңгеге өсіп, 18,8 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр.

Президенттің тапсырмаларын іске асыру­ға 1,8 трлн теңге бағыттау ұсыны­лып отыр. Бұл күштік құрылымдар мен төтенше жағдайлар ор­ган­дарын жауын­гер­лік әзір­леуге және жарақтан­дыруға жұм­салады. Өңірлер мен биз­нес­ті қолдауға, халықтың та­бы­сын арт­ты­­руға, азық-түлік қауіп­сіздігін қам­та­­масыз етуге және экономиканы ди­вер­си­фи­­ка­циялауға арналған», деді Е.Жамаубаев.

Ведомство басшысының айтуынша, бюджетті нақтылау нәтижесінде нақты сектор мен өңірлерді қолдау күшейтілді. Бұны бюджет шығыстарының құрылымы көрсетіп отыр. Яғни шығыстар өсімінің басым бөлігі экономиканың нақты секторын қолдауға көзделген. Бұған 1,3 трлн теңге жұмсалады. Тиі­сін­ше, шығыстардың жалпы көле­міндегі осы бағыттың үлесі 5 пайызға ұлғайды.

«Нәтижесінде, аталған са­ла­­ға арнал­ған шығыстар 3,4 трлн теңге немесе жалпы шы­­ғыс­тардың 17,9 па­йыз мөл­­шерінде жоспарланып отыр. Осын­дай ын­таландыру орта мерзімде ел­дің да­муына муль­типликативтік әсер етеді. Әлеу­меттік блоктың шы­ғыс­тары 581 млрд теңгеге ұлғай­тылды. 8,6 трлн тең­ге немесе бюджеттің жал­пы шы­ғыс­тары­ның 46 па­йыз деңгейінде жоспарланған.

Қосымша қаражат әлеу­меттік төлем­дерді индекс­теуге, медициналық көмек көрсетуге, «Қоғамдық жұмыстар» және «Күміс жас» жобалары арқы­лы еңбек нарығын дамытуға, «Бірінші жұмыс орны» мен «Түлектерге арналған жастар практикасы» шеңберінде жас­тарды қолдауға бағытталады.

Күштік құрылым шығыс­тары 446 млрд теңгеге өсіп, 2,2 трлн теңге сомасында жос­парланған. Жалпы, көзделген шығыстардың 30 пайызға жуығы нысаналы трансферттермен өңірлерге беріледі. Олар­дың жалпы сомасы 818 млрд теңгені құрайды. Соның ішінде дамуға арналған трансферттер – 475 млрд теңге. Нақ­тылауды ескере отырып, өңір­лерге республикалық бюджеттен жалпы шығыстардың 5,5 трлн теңгеден астамы немесе 29,3 пайызы бағытталады», деді Е.Жамаубаев.

Ал Ұлттық банк төрағасы­ның орынбасары Виталий Тутуш­киннің мәліметтеріне сүйенсек, биылғы геосаяси жағ­­дайдың ушығуы тауар нары­ғындағы бағаның құбы­луына жол ашып отыр. Осын­дай сын-қатерлердің салдары­нан әлем­дік экономика күткеннен де баяу дамып келеді.

«Тауар жеткізу проблема­ларының күрделенуі жаһандық инфляциялық жағдайды нашарлатып, әлемдегі шикізат тауарлары мен азық-түлік бағасының өсуіне алып келді. Осыған байланысты Халықаралық валюта қоры инфляция болжамын қайта қарап, оның айтар­лықтай жоғары деңгейі бұрын болжаған­ға қарағанда ұзақ уақыт сақталады деп пайымдайды», деді В. Тутушкин.

Сондай-ақ Ұлттық банк төрағасының орынбасары Қазақ­станда инфляция өсуі мүм­кін екенін айтып отыр. Мәсе­лен, биыл наурызда Қазақ­станда инфляция 12 пайызға жетіп, 2016 жылғы қыркүйектен бергі ең жоғары мәнге жетті.

«Азық-түлік тауарлары инфляцияға ең көп үлес қосқан, мұндағы баға өсімі 15,4 пайызға дейін жеделдеген. Наурызда біз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірден қым­баттап кеткенін байқа­­дық. Бұл Ресей­ден импорттауға ты­йым салу аясында бір­қатар азық-түлік тауарының тапшылығына байланысты. Соның әсерінен наурыздың екін­ші аптасында азық-түлік та­уарлары бағасы 5,6 пайызға өсті. Осыдан кейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының апта ішіндегі өсімі наурыздың соңғы ап­та­сында 1,3 пайыз, сәуірдің бірін­ші жә­не екінші аптасында қатарынан 0,9 па­йыз деңгейін­де сақталып, біртіндеп тұрақ­­тана бастады», деді Ұлттық банк өкілі.

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бөлінетін қаржы Мемлекет басшысының тапсырмаларын және Жолдауды жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті.

«Қоғамдағы ең өзекті деген мәсе­ле­лер­дің шешілуіне біраз қаржы қарас­тырылып отыр. Халықтың табысын арттыру, жаппай жұмыспен қамту, әлеуметтік төлемдерді индекс­теу, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бас­ты назарда. Бір ғана мысал, өңірлердегі ауыз су, жол, тұрғын үй сияқты қор­даланған мәселелерді шешуге ғана 476 млрд теңге бөлінеді. Бұл тақырыпты жуырда ғана талқылаған болатынбыз. Сонымен қатар еліміз үшін үлкен сынақ болған қаңтар оқиғасының салдарын жою мәселесі де қамтылды. Президентіміз 11 қаңтарда Мәжілісте сөйлеген сөзінде күш­тік құрылымдардың іс-әрекетіне қа­тысты тиісті қорытынды жасауды тап­сырды. Соған сәйкес олардың жауын­­герлік әзірлігі мен жаб­дықталуын арт­тыруға қосымша қаржы бөлінеді. Бұл қара­жат­тың нәтижелі әрі тиімді жұм­салуын қадағалау – біздің, яғ­ни депутаттардың басты мін­­деті. Бүгін бірқатар депу­тат тарапынан Үкіметке біраз сын-ескертпелер айтылды. Ми­нистрлер соны назарға алып, тиісті қорытынды жасауы қажет», деді Палата Төрағасы.

Сонымен қатар жалпы отырыста Мәжіліс деутаттары «Қазақстан Рес­пуб­­ликасының кейбір заңнамалық акті­лері­не баланың құқықтарын қор­ғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мә­се­лелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгеріске келісімін берді.

«Сенаттың түзетулері ба­ла­ға зиян келтіретін, ты­йым са­лынған немесе өзге түр­де таратылуы шектелген ақ­па­ратты орналастыруға жол берген интер­нет ресурстар мен мем­лекеттік ор­ган­дардың өзара іс-қимыл жасау тетігін өзгертуге бағытталған. Сенат депу­таттары бұқаралық ақпарат құрал­дары саласындағы уәкілетті ор­ганға балаға қатысты кибер­буллинг фактілері бойынша сараптама жүргізу тәртібін айқындау жө­нінде құзырет беруді, сондай-ақ интернет-ресурс­тарға қол жет­кізуді тоқтата тұруға не­гіз ретінде кибер­буллинг факті­лерін заң­намалық түрде ай­қын­дауды ұсынды. Бұл ретте заң жобасынан уәкілетті ор­ган­ның тыйым салынған ақ­па­ратқа қол жеткізуді шек­теу тәртібін айқындау жөнін­дегі құзыреті алып тасталды. Тұтастай алғанда, Сенат ұсын­ған өзгерістер мен толық­тыру­лар Мәжіліс мақұлдаған заң жоба­сының тұжырымдамасы мен маз­мұнын өзгертпейді», деді құжат жөнінде баяндама жасаған депутат Жәмилә Нұрманбетова.

Жалпы отырыста депутаттар «Қазақ­стан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Респуб­ли­касының Министрлер Каби­неті арасындағы Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін қам­тамасыз етуде әскери-техни­калық жәрдем көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын жұмысқа алды.