Ішкі істер министрлігінің М.Есболатов атындағы Алматы академиясында да Жаңа Қазақстан құруға бағытталған жұмыстар атқарылып жатыр. Жаңарудың негізгі тетігі білікті кадрларға тікелей байланысты. Бұл орайда ішкі істер органдарында жүзеге асырылып жатқан реформалар аясында полиция кадрларын даярлауда да жетістік пен жаңашылдық жетерлік. Қазақстанның ішкі істер органдары үшін заман талабын терең түсінетін, жаңаша ойлайтын және қолынан іс келетін кәсіби басшылар даярлау қолға алынды. Полиция басшыларынан талап етілетін міндеттердің бірі – азаматтардың конституциялық құқығын қорғауда қоғамдық қауіпсіздіктің сервистік моделін меңгере отырып, азаматтардың полицияға деген сенімін арттыру, халықпен ашық диалог орната білу. Бұл мақсатта 2021 жылдың наурыз айында Алматы академиясының базасында ішкі істер органдарының басшы құрамын және орта басшы құрамын даярлайтын екі факультет ашылған болатын. Оны ашпас бұрын оқыту процесін жетілдіру үшін шетелдердің озық тәжірибесіне сүйеніп, кәсіби білім берудің ұтымды механизмдерін зерделедік. Аталған факультеттердің ең басты тиімділігі – құқық қорғау органдарындағы реформаларды жергілікті жерден бастап жүзеге асыра алатын, кәсіби басшылар даярлау. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдарына қойылатын ерекше міндеттерді талапқа сай орындау, полиция мен қоғам арасында әрiптестiк орнату, яғни полиция қызметінің жаңа стандарттарына көшуді жергілікті жерлерде жүзеге асыратын аталған факультеттерді бітірген басшылар болмақ. Сондықтан да ішкі істер органдарының жоғары және орта буын басшыларын даярлайтын факультеттерге қабылдау қатаң конкурстық жүйеде жүзеге асырылады.
Алматы академиясының №1 және 2 факультеттерін ойдағыдай аяқтау жоғары лауазымдарға тағайындалудың шарты болып табылады. Факультеттер ашылғаннан бері білім алған түлектер Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Атырау облыстарындағы облыстық полиция департаменттерінің бірінші басшысы лауазымдарына тағайындалды. Сонымен қатар 5 тыңдаушы полиция департаменттері басшыларының орынбасары лауазымына тағайындалды.
Мұнда оқығандар полицияның бірінші басшысына қажет менеджмент, әкімшілік-шаруашылық қызмет, қаржылық-құқықтық сауаттылық саласынан да арнайы білім алып шығады. Сонымен қатар дағдарыстық жағдайда бірінші басшы ретінде қалай әрекет етудің тиімді жақтарын да оқып-үйренеді. Мысалы, биылғы қаңтар оқиғасы кезінде факультеттің түлектері өздерінің басқару қабілеттерін іс жүзінде көрсете білді. Олар оқыту барысында сіңірген заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету кезінде Қазақстан халқына деген адалдығын, психологиялық күйзеліске төзімділігін және басқа да қасиеттін іс жүзінде пайдалана алды деп сеніммен айтуға болады.
Тағы бір атап өтетін мәселе – факультет тыңдаушыларына HR менеджмент, шешендік өнер, бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс істеу тәсілдері жайлы да білім беріледі. Себебі қазіргі басшылардан халық алдында шешен сөйлей алу мен БАҚ-пен шебер байланыс орнату талап етіледі. Кезінде ата-бабаларымыздың от тілді шешендердің бірауыз жүйелі сөзімен бір елдің дауына нүкте қойған қасиетке ие екенін ескерсек, бұл қасиеттің қадірі қазір арта түспесе кеміген жоқ. Сондай-ақ ішкі істер органдарының барлық жұмыстары мен реформаларын халыққа жеткізетін – бұқаралық ақпарат құралдары. Сондықтан басшы кадрлардың БАҚ-пен іскерлік байланыс орната алуларының маңызы зор.
Аталған факультеттер ашылған уақыттан бері жоғары басшы құрамды оқытатын №1 факультетті 19 адам, орта басшы құрамды даярлайтын №2 факультетті 39 адам бітіріп шықты.
Полиция қызметкерінің жаңа стандартын бекіту, халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматтарын енгізу, полицияны бағалаудың критерийлерін түбегейлі өзгерту болса, бұл орайда білікті де білімді мамандар даярлаудың атқаратын рөлі зор. Кадр әлеуетін арттыруға оқу орындарындағы оқыту процесі мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жетілдірудің нәтижесінде қол жеткізуге болады. Өйткені білікті кадрлар даярлау – ішкі істер органдары жүйесін реформалау мен дамытудың негізгі бағыттарының бірі. Алматы академиясында магистратура мен докторантура бойынша білім алу мүмкіндігі де бар. Атап айтқанда, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша бейіндік және ғылыми-педагогикалық магистратураға, сонымен қатар PhD докторантурасына қабылдайды.
Бүгінде діни экстремизмнің қаупі туралы жиі айтылып жүр. Бұл орайда академияның экстремизмге қарсы іс-қимыл бойынша мамандарды даярлау орталығында маңызды дәрістер ұйымдастырылып, арнайы мамандар дін мен саясаттың өзара байланысын қарастырып, экстремизмнің мәнін тек философиялық және тарихи тұрғыдан ғана емес, саяси тұрғыдан да талдайтын сабақтар өтуде. Мұнда діни экстремизмнің саяси аспектілері мен оның пайда болу себептерін түсіндіреді. Сабақ барысында тыңдаушылар терроризмді насихаттайтын негізгі интернет сервистер және оларды бұғаттау тәсілдерін, WhatsApp, Viber, iMessage, Facebook сияқты танымал мессенджерлерде шифрлау әдістерін үйренеді. Ақпарат алмасу мен сауданың негізгі алаңы болып табылатын әлеуметтік желілер мен әртүрлі интернет платформаға қатысты мұндай білім түлектер үшін өте қажет.
Қазір цифрлану дәуірі десек, бұл орайда IТ мамандарын даярлауға да ерекше назар аударылмақ. Бүкіл әлемді тығырыққа тіреп отырған киберқылмыстардың алдын алуда, ашуда осы саланы жақсы меңгерген мамандар ішкі істер органдарына ауадай қажет. Осы талап үдесінен шығу мақсатында интернет алаяқтық саласындағы қылмыспен күрестің өзектілігін ескере отырып, криминалдық полиция бөлімдерінің мамандарына арналған біліктілікті арттыру курстарында киберқылмыстарды ашу тәсілдері оқытылады. Академияда сондай-ақ «Детектив» және «Жедел іздестіру – із кесуші» атты ғылыми үйірмелер жұмыс істейді. Ғылыми үйірмелердегі сабақтар магистратура мен докторантурада оқитындар мен жоғары оқу орнынан кейінгі білім алушылардың ғылыми әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Академияның оқытушы құрамының білімін жетілдіруге де баса назар аударылады. Бұл орайда «Болашақ» бағдарламасы бойынша М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде ғылыми тағылымдамадан өту жүйелі жолға қойылған. Бүгінде екі оқытушы аталған университетте үш айлық тағылымдамадан өтіп, оқу-әдістемелік және ғылыми-зерттеу қызметімен танысуда.
Академия АҚШ, Германия, Франция, Италия сияқты елдердің полиция қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттырудағы «Халықпен жұмыс» арнайы теориялық курсын басшылыққа алып, жұмыс істеуде. Сонымен қатар оқу орнында Қазақстан полициясының беделін көтеру мақсатында да түрлі имидждік жұмыстар жүйелі түрде ұйымдастырылады. Бұл жұмыстар Жаңа Қазақстан құру жолында белсенді түрде қолға алынып жатқан іс-шаралар аясында қарқын ала түсті. Дегенмен полицияның беделін арттыру аясында олардың әлеуметтік жағдайын арттыру мәселесі үнемі жалғасын тауып отыруы керек.
Қазіргі уақытта ішкі істер органдарындағы ведомстволық оқу орындары педагогтерінің мәртебесін көтерудің тағы бір алғышарты – олардың еңбекақы мөлшерін арттыру. Бұл бізге педагогикалық қызметке тәжірибелі мамандарды тартуға мол мүмкіндік береді. Сонымен қатар ішкі істер органдары қызметкерлерінің ішінде пәтер жалдап тұратындарға өтемақы төлеу жеңілдігі ведомстволық оқу орындарының қызметкерлеріне де көрсетілсе, жас мамандардың жұмыс істеуге деген құлшынысын арттырып, ғылыми және оқытушылық қызметпен кәсіби түрде айналысуға мүмкіндік тудырар еді.
Айдар САЙТБЕКОВ,
ІІМ Алматы академиясының басшысы, полиция полковнигі