Жарыс кестесіне сай алғашқы күні сайыстар 5 салмақта өтті. Чемпионатты бірден ширек финалдан бастаған жерлестеріміздің барлығы да тұсаукесер кездесулерінде жеңіске жетіп, жүлделі орындар үшін таласу мүмкіндігіне ие болды. Атап айтсақ, талай байрақты бәсекеде жүлде алған Аманғали Бекболатов (55 кило) үндістандық Аржун Халакуркидің тас-талқанын шығарып, жартылай финалда моңғолиялық Даваабанди Мұңх-Ерденді оңай еңсерді. Әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Азия ойындарында үшінші сатыға жайғасқан Мейрамбек Айнағұлов (63 кило) сириялық Ахмад Әл-Накдалиді сан соқтырса, іле-шала ирандық Иман Хоссейн Мохаммадиді бас көтертпей ұтты.
Осыдан 5 жыл бұрын Азияда алдына жан салмай, одан бөлек дәл сол жарыста тағы төрт рет жүлдегерлер санатына қосылған Мақсат Ережепов (77 кило) Үндістан өкілі Сажан Сажанды еш қиналмай ұтқанымен, жапониялық Кобай Сакурабаға қарсы сайыста біраз тер төгуіне тура келді. Отандасымыз өте шиеленісті өткен кездесуде бір ғана ұпай айырмашылығымен жеңіске жетті. Алыптармен айқасқан Әлімхан Сыздықовтың да (130 кило) қарқыны қуантты. Өзінен әлдеқайда еңселі әрі салмақтары да зор қырғызстандық Роман Ким мен жапониялық Арата Сононы едәуір ұпай айырмашылығымен ұтқан ол жанкүйерлердің қошеметіне бөленді. Осылайша, төрт балуанымыз шешуші сынға жолдама алса, Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кило) жартылай финалда Парсы елінің мықтысы Насер Гасем Әлизадеге жол берді.
Финалда Аманғали Бекболатов (55 кило) жапониялық Ю.Шиотанимен белдесті. Күн- шығыс елінің өкілі былтыр Алматыда өткен Азия чемпионатында алдына жан салмаған еді. Ұланбатырдағы жарысқа да ол өте тамаша бабында келген екен. Бұл бәсекеде Шиотани Бекболатовты 13:2 есебімен шаң қаптырып кетті. Ең жеңіл салмақтың қола медалі Жасурбек Ортыкбаев (Өзбекстан) пен Хиокинжин Жеонға (Оңтүстік Корея) бұйырды.
Мейрамбек Айнағұлов Тынар Шаршенбековпен кездесті. Бұл балуанның да есімі қазақ жанкүйерлеріне жақсы таныс. Осыдан үш жыл бұрын Қырғызстанның өкілі Нұр-Сұлтандағы әлемдік доданың қола медалі үшін белдесуінде біздің Алмат Кебісбаевтан ұтылған еді. Шаршенбековке қарағанда Айнағұловтың атағы әлдеқайда зор. Бірақ шешуші сайыста Мейрамбек қеңінен көсіле алмай, қарсыласына 0:5 есебімен есе жіберді. 63 кило салмақта Нераж Нераж (Үндістан) бен Иман Хоссейн Мохаммади (Иран) үшінші орынды иеленді.
77 кило салмақтағы Мақсат Ережепов тағы бір «айыр қалпақты» ағайынымыз Акжол Махмудовпен күресті. 23 жастағы қырғыз спортшысының атағы алысқа жайылған. Ол – Токио Олимпиадасы мен Жакартадағы Азия ойындарының күміс жүлдегері, 2018 жылғы Азия чемпионы. 23 сәуірде Мақсат 32 жасқа толғалы отыр. Шешуші айқаста Махмудовтың мерейі үстем болды. Есеп – 3:1. Қола медальды Кобай Сакураба (Жапония) мен Әреф Музафар Хабиболлахи (Иран) еншіледі.
Финалда үш балуанымыз да сәтсіздікке ұшыраған соң Әлімхан Сыздықовтың жолына зор үмітпен қарадық. Оның қарсыласы да тым азулы еді. Ким Менсок Токио Олимпиадасынан құралақан оралғанымен, есесіне одан басқа да көптеген жарыста бұл апайтөстің атой салғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Атап айтсақ, Оңтүстік Кореяның оғланы 2018 жылғы әлем чемпионатында күміс медальды мойнына ілді, екі рет құрлық біріншілігінде жүлдегерлер санатына қосылып, Азия ойындарында үшінші тұғырға табан тіреді. Десек те, атақты қарсыласынан еш қаймықпаған қазақтың нар тұлғалы жігіті бәсеке басталған бетте оны әрі де, бері де лақтырып, айқын жеңіске қол жеткізді. Әлімхан – Азия чемпионы! Ал Муминжон Абдоллаев (Өзбекстан) пен Роман Ким (Қырғызстан) үшінші орынды иеленді.
87 кило салмақтағы Нұрсұлтан Тұрсынов қола медаль үшін бәсекеде Мэлс Айтбековпен айқасты. Бірінші кезеңде қырғызды бозкілемде шыр айналдырып, едәуір ұпай қорын жиған қандасымыз одан кейін де өте сауатты қорғанып, жеңіс тұғырына көтерілді – 8:2. Екінші қоланы Кумар Сунил (Үндістан) иемденді. Ал Насер Гасем Әлизаде (Иран) мен Жалғасбай Бердімұратовтың (Өзбекстан) арасында өткен шешуші сын алғашқысының пайдасына шешілді.
ТҮЙІН: Осылайша, Азия чемпионатының алғашқы күнін Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері 1 алтын, 3 күміс және 1 қола медальмен қорытындылады. Яғни бозкілемге шыққан бес балуанымыз да жүлде алды. Алайда дәл қазір қазақ жанкүйерлерін алтын медальдың аздығы алаңдатып отыр. Ал онсыз жалпыкомандалық есепте үздіктер қатарынан көріну қиынға соғатыны анық. Олай болса, екінші күні өнер көрсететін бес жігітіміз сол олқылықтың орнын толтырады деген ойдамыз.