Экологиялық шарада облыс басшылығы да төбе көрсетті. Өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов қала жастарымен бірге өзен жағалауын тазалауға қатысты. Jasyl Cross экологиялық марафоны 2018 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп жүр. Мұнда плоггинге мән беріледі. Яғни қатысушылар жүгіріп жүріп, белгілі бір аумақта қоқыс жинайды. Ең көп қоқыс жинаған адам жеңімпаз деп танылады.
– Тазалық пен тәртіп – кез келген қаланың табысты дамуының кепілі. Бұл жағынан Павлодар басқаларға үлгі болуға тиіс. Экомарафон бір реттік акция емес, оны жиі өткізу керек. Бұл денсаулыққа да, табиғатқа да пайдалы, – деді облыс әкімі.
Ә.Сқақов Ткачев көшесінде орналасқан №3, 5, 5/1 мекенжайларында орналасқан көпқабатты баспаналардың тұрғындарымен кездесіп, сенбілікке жәрдемдесті. «Вера ПВ» ЖШС басшысы Евгения Шквираның айтуынша, ауланы тазалау – осы үйлердің тұрғындары үшін бұрыннан қалыптасқан дәстүр. Балалар да тазалық сақтауға дағдыланған.
Белгілі болғандай, үш үйдің тұрғындары мүлік иелерінің бірлестігі немесе қарапайым серіктестік түріндегі үйді басқарудың жаңа формаларына көшуге дайындалып жатыр. Евгения Шквираның айтуынша, тұрғындар өздерінің пәтерлері үшін ғана емес, жалпы үй үшін де жауапты екенін түсінеді. Іске сәт!