«Қазақстан микроқаржы ұйымдары қауымдастығының» басшысы Ербол Омарханов жақында өткен онлайн-конференцияда ережеге енетін өзгерістер МҚҰ мен банктер жұмысына тең емес жағдай туғызады деді. Мәселен, қазір көлік сатып алу үшін сол транспорт құралын кепілге алу арқылы микронесие ұсынатын МҚҰ-лар ондай займдар бойынша борыштық жүктеме коэффициенті (БЖК) есептеуінен босатылады.
«Жоспарланып отырған түзету бойынша транспортты кепілге алу арқылы тұтынушылық мақсаттарға микронесие беретін МҚҰ-ларға 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап БЖК есептеу міндеттеліп отыр. Займ бойынша борыштық жүктеме коэффициенті қазіргі уақытта 50 пайыздан аспауы керек. Яғни несие бойынша ай сайынғы төлем сомасы қарыз алушы табысының 50 пайызынан асып кетпеуі керек. Несие мақсатына қарамастан екі жағдайда да транспорт құралы кепіл болып саналады. Статистикаға қарасақ, автонесиелеу бойынша 90 күннен асқан мерзімі өткен берешектер үлесі 1 пайыздан да аспайды. Транспорт түріндегі өтімділігі жоғары мүлік кепілде тұрғандықтан ондай займдардың тәуекелі төмен болады. Сондықтан біз автокөлікті кепілге алу кезінде займ беру бойынша ұсынылып отырған түзетуді негізсіз деп санаймыз», дейді Е.Омарханов.
Көлік кепілге қойылғандықтан, заемшы қалай болса да несиесін жабуға, сөйтіп, темір тұлпарынан айырылып қалмауға тырысады. Ал «ай сайынғы төлем сомасы клиент табысының 50 пайызынан асып кетпеуі керек» деген тәртіп, көптеген қарыз алушының тәбетін тежеп тастауы кәдік. МҚҰ қауымдастығының басшысы осыны айтып шыр-пыр болып отыр.
Автокөлік кепілімен несиелеу бойынша компаниялар қауымдастығының басшысы Дулат Тастекеев қазақстандықтар өз бизнес-мақсаты үшін көлігін кепілге тастап, жиі несие алатынын айтады.
«Қарыз алушылар бізге көлігін кепілге қою арқылы несие алу мәселесімен хабарласқан кезде де-юре – жеке тұлға, де-факто – кәсіпкер болып саналады. Олар үшін жеке тұлға ретінде несие ресурсын алған әлдеқайда тиімдірек. Қарыз алушылар автокөлікті де негізінен жеке тұлғаның атына тіркейді, өйткені салығы да төмен. Ал жаңа түзетулер күшіне енер болса, онда бизнес үшін мұндай мүмкіндіктер тоқтайды. Ондайда микроқаржыландырудың көлеңкелі нарығы белең алады», деп қауіп қылады Д.Тастекеев.
Қазір микроқаржы ұйымдары тарапынан берілетін несиелердің 80 пайызы тұтынушылық емес, кәсіпкерлік мақсатқа бағытталып жатыр екен.
– Автокөлік кепілдігімен берілетін несиелерге қатысты жоспарланып отырған түзетулерден кейін, бұрын МҚҰ-лардан несие алып келген халық енді займға өтініш берсе, бас тартуға тап болады. Олардың банктердегі өтінімі мақұлданбағаннан кейін МҚҰ-ларға келетіні жасырын емес. Демек, МҚҰ – олар үміттене алатын соңғы қаржылық құрылым. Егер кей қарыз алушылар несие ресурстарын алу мүмкіндігін жоғалтса және оның орнына ештеңе берілмесе, онда көлеңкелі несиелеу саласының кеңею қаупі өсе түседі. Қаржы қадағалаушысы бірнеше рет өздерін МҚҰ деп таныстырған ұйымдардың микронесие берумен айналысып отырғанын мәлімдеген еді. Оларды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қадағаламайды, тиісінше олар ешқандай нормативтік талаптарды орындамайды. Бұл қауіпті сигнал халық тарапынан қолжетімді қаржыландыруға қажеттілік бар екенін анық аңғартады. Заңды МҚҰ-ларды түрлі ережемен қыспаққа алу заңсыз субъектілердің көбеюіне жол ашып береді, – дейді Е.Омарханов.
Қауымдастық басшысының айтуынша, МҚҰ-лар қарыз алушының өзге банктер мен МҚҰ-ларда өтелмеген қарызы болмаған жағдайда ғана БЖК-ны есептемей минималды жалақы мөлшеріне (қазір 60 мың теңге) дейін микронесие бере алатынын айтады.
Қазіргі кезде МҚҰ-лардың активі 1,5 трлн теңгеге жуықтайды. Соның 714,7 млрд теңгесі микронесие берумен айналысатын ұйымдарға, 579,5 млрд – несие серіктестіктеріне, 206,6 млрд теңгесі ломбардтарға тиесілі.