Пікір • 22 Сәуір, 2022

Тәуелсіздік тіректері

1862 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты маңызды мақаласында: «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуел­сіз­дік үшін нағыз күрес күнделікті ең­бекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мем­ле­кетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақ­таламыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұс­тануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс» деді.

Тәуелсіздік тіректері

Расында, қазіргі қазақ үшін тәуелсіздіктен қымбат дүние жоқ. Өйткені бұл бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысып, талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халық есінде сақталып, ұрпақ жадында берік орнығуға тиіс.

Осы орайда айтпағымыз, тәуелсіздіктің ұғым шарттарын әлем социологтері саяси һәм әлеуметтік тұрғыдан бес тірекке жіктепті. Атап айтсақ:

  1. Әкімшілік басқару тәуелсіздігі;
  2. Атамекен – территориялық тәуелсіздігі;
  3. Ата-баба қанымен жалғасқан гендік тәуелсіздік;
  4. Тұрмыстық (экономикалық) тәуелсіздік;
  5. Рухани тәуелсіздік.

Осының біріншісі, әкімшілік-басқару тәуелсіздігінің ұстыны: армия, күштік құ­ры­лымдар. Бұлар мемлекетті сыртқы және ішкі жаудан қорғайды. Сонымен қатар саясаттанушылар елдің ішкі шаруасын реттеуші мемлекеттік қызметкерлерді де осы топқа жатқызыпты. Ағылшын әлеуметтанушысы Энтони Гиденстің тұжырымына жүгінсек, шенеуніктердің адалдығы мен кәсібилігі әкімшілік басқару тұрақтылығының кепілі.

Ал атамекен – территориялық тәуел­сіздігінің тірегі – ұлағатты ұрпақ. «Қара қазан, сары баланың қамы үшін қылыш сермедік...» деп Махамбет бабамыз айтқандай, аталарымыз ұлы даланы ұрпағы үшін қорғап, аманат еткен. Мемлекет басшысының жоғарыдағы мақаласында: «Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу» дегені ежелгі бабалар арманымен үндесіп жатыр.

Тәуелсіздіктің үшінші тірегі – ата-баба қанымен жалғасқан гендік тәуелсіздік. Яғни ұлы ойшыл-қаламгер Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең бесігіңді түзе» дегені осы.

Төртінші тірек – тұрмыстық (эконо­микалық) тәуелсіздік. Оның ұстыны – еңбекшіл бұқара. Бесінші рухани тәуелсіздіктің ұстыны – оқымысты-ағартушы ғалымдар һәм тіл мен дін бірлігі. Осы бес ұстын қолдың бес саласындай толысқан жағдайда сол қауым қуатты ұлысқа айналады.

Ал қауым қуатының өлшемі – әскери-күштік құрылым, дипломатиялық мәміле, экономикалық әлеует, ақпараттық басымдық. Сол сияқты жоғарыда айтқанымыздай, территориясы (атамекені), халқы (жер иесі), билігі (әкімшілік басқару жүйесі) болма­йынша ол ел жеке Ұлыс болып есептелмейді.

Ұлыс дегеніміз – көшпенділер ұғымында – ұлт. Яғни ұлт ретінде толық қалыптасқан қауым ғана ұлысқа айналады. Осыны саясат тілімен тәпсірлесек ұлыс деп – тәуелсіздігі бар, яғни жеке мемлекет ретінде әлем қа­уым­дастығы мойындаған, одан кейін – тоқтамды территория қалыптасқан, шекара сызығы халықаралық заңмен бекітілген, экономикасы, мәдениеті, салт-дәстүрі, тілі, т.б. қажеттіліктер жиынтығы бір мақсатқа тұтасқан қауымды айтады.

Қазіргі таңда дүние жүзінде 230-ға жуық ұлыс немесе мемлекет бар. Әлем социо­лог­те­рінің пайымдауынша олар: супер державалар (АҚШ, РФ, Қытай), мәдени-экономикалық тұрғыдан кемел елдер, өркениетке ұмтылушы мемлекеттер, дамудың тұрақты сатысына қол жеткізген республикалар, экономикалық тұрғыдан отар елдер, болашағы бұлыңғыр қауым, т.б. деп қаралуда. Мысалы, АҚШ әкім­шілік, тұрмыстық тұрғыдан толық тәуелсіз ел есебінде болса, Қытай әлемдегі гендік тұтастығы берік бірден-бір ұлыс. Ал біз ше? Ақын Қадыр Мырзалиев айтқандай: «Ұл болып, содан құл болып, Біраз жыл естен таныппыз, Құл болып, одан гүл болып, Қайтадан өнген халықпыз».

Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз. Енді алашты ешкімнің, қорлығына бермейміз!» деп өткен ғасыр басында қайраткер ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров жырлағандай немесе «Азаттық пен тыныштық, көксегенім» деп дана Абай атамыз айтқандай, бүгінгі қол жеткізген тәуелсіздігіміз бәрінен қымбат.