«Қаланың бас жоспарында көліктік даму бөлімі бар. Бірақ уақыт талабы мен урбанизацияны, жаңа сын-тегеуріндерді ескере отырып, бұрылу алаңдары, жаяу жүргіншілер, бағдаршамдар және басқа да мәселелерді жазып, кешенді көлік схемасының дамуын жеке бөліп көрсету қажет. Әлемдік тәжірибеде қалалық және көліктік жоспарлау – қала құрылысының өзара байланысты және өзара тәуелді элементтері», деді Б.Игенбердинов.
Сонымен қатар көлік компаниясының басшысы қалалық көлікті басқаратын ұйымдар арасындағы үйлестіру жұмыстарын күшейту қажет екенін атап өтті.
«Бұған қоса магистралды көшелер мен өзен арқылы өтетін көпірлер санын арттыру қажет. Тұрғын орамдары құрылысын көліктер ауқымын ескере отырып жоспарлау керек. Бұл ретте қалалық көлікті басқару саласындағы стратегиялық құжат – кешенді көлік схемасын жасау ең дұрыс шешім болады», деді Б.Игенбердинов.
Кешенді көлік схемасы (ККС) қалада қалалық көлікті ұйымдастыру мен басқаруға қатысты қолданыстағы құқықтық жүйедегі олқылықтар мен қайшылықтарды анықтайды, жер пайдалану мен қалалық көлікті жоспарлауды, қалалық көлік саласына тартылған органдардың функциялары мен өкілеттіктерін біріктіреді. Сондай-ақ қоғамдық көлік, жол-көлік инфрақұрылымы, жол қозғалысын ұйымдастыру, көлік ағындарын басқару, тұрақ кеңістігі және т.б. салалардағы проблемаларды шешуді ұсынады.
Кешенді көлік схемасының тұжырымдамасын қалалық мәслихат бекітті. Үкіметпен, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп қаржыландыру көздері келісіледі. Бұдан әрі ККС-ті іске асыру қолға алынады. ККС әзірлеумен қатар Нұр-Сұлтан қаласының аумағын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасында нысаналы көрсеткіштерді назарға алу қажет.
Айта кету керек, елорда әкімдігі жол инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Осы жылы 100-ге жуық көше салынып, жөнделеді. Кейінгі екі жылда 300-ге жуық көше жөнделді, оның жартысы – тұрғын үй алаптарындағы көшелер.
Сонымен қатар Ұлы дала даңғылында екі автокөлік көпірінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл осы жылы аяқталады. Есіл өзені арқылы Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің құрылысы 2023 жылы аяқталады. Бұл жұмыстар аяқталса, жолдағы трафик айтарлықтай жеңілдейді. Сондай-ақ Алаш тас жолы бойындағы көпірге («бүкір көпір») күрделі жөндеу, жаңа жолайырықтарын жобалау және т. б. жұмыстар жүргізіліп жатыр.