«Тұрғындар мен қаланың өсу динамикасын, яғни жаңа құрылыс аудандарының ашылуын ескере отырып, алдымен жылу, электр, су беру қуатын арттыру қажет. Осы факторлар өмір сүру жайлылығына, қаланың дамуына, инвестиция тартуға тікелей байланысты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы мәселені шешу үшін бірқатар стратегиялық нысанның құрылысын жүргізіп жатырмыз. Мысалы, суға қатысты мәселелерді шешу үшін өткен жылдан бастап сорғы-сүзгі стансасының (ССС-3) құрылысына кірістік. Нысан осы жылдың соңына қарай ішінара пайдалануға беріледі. Ал 2023 жылдан бастап жаңа ССС-3 жұмысының қуатын ұлғайтамыз. Бұл болашақ құрылыс алаңдарын ауызсумен қамтамасыз етіп қана қоймай, қазіргі су беру қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Мәселен, қазір тәулігіне 300 мың текше метрді тұтынатын болсақ, онда ССС-3 қуаты тәулігіне қосымша 100 мың текше метрден астам қуат береді. Сондай-ақ ССС-3-ке ұзындығы 18 км субұрғыш саламыз», деді А.Көлгінов.
Елордада соңғы 3 жылда 8,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Сол себептен жылумен қамту қуатын арттыру қажет. Бұл үшін қала әкімдігі ЖЭО-3 құрылысын жаңғыртудан бөлек үш жергілікті газ қазандығын жобалауға кірісті. Газ қазандықтарының қуаты сағатына 1 мың гигакалориядан асады, бұл ЖЭО-3 қуатынан үш еседен аса көп. Бұл құрылыс жүретін перспективалы аудандарды жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ елордада қаланы газдандыру жұмысы жүріп жатыр. Алматы және Сарыарқа аудандары толығымен газдандырылды. Бұл ретте 680 шақырымнан астам газ тарату желісі салынды. Бұған қоса газ тарату желілері қалған екі ауданда салынады.
Сонымен қатар кәріз тазарту құрылыстарын жобалау (КТҚ-2) бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сол сияқты электр желілерін жаңғырту, «Арай», «Жұлдыз» және басқа да қосалқы стансаларды жобалау және реконструкциялау бойынша жүйелі жұмыстар атқарылады. Сондай-ақ қала мәслихаты тұрғындар саны жыл сайын өсіп келе жатқанын, тиісінше қала көшелеріне түсетін күштің ұлғаюын ескере отырып, қалалық көліктің 10 және одан да көп жылға арналған бірыңғай техникалық бақылауды әзірлеуге мүмкіндік беретін кешенді көлік схемасының (ККС) тұжырымдамасын қабылдады.