Әдебиет • 22 Сәуір, 2022

Жеңімпаз Жюль Верн

378 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Зерделеп қарасақ, алғашқы ғылыми фантастикалық роман 1818 жылы жарық көрген екен, оны жазған Мэри Шелли, ал оның төл туындысының аты «Франкенштейн» еді. Бұл роман 1831 жылы алғашқы нұсқасымен оқырманға ұсынылды. Ол кездегі шығып жатқан кітаптардың дені романстық үлгіде, нақтырақ айтқанда, готикалық романстағы шығармалар болатын. Франкенштейнде Шелли ғылымды еш қисынсыз пайдаланған кезде әлемде не өзгеретіні, қоғамда қандай жағдайлар орын алатыны және оған жеке адамның қандай рөл атқаратыны туралы алаңдаушылық сезімін білдіреді.

Жеңімпаз Жюль Верн

Ғылыми фантастика ғылыми фантастика деп аталмас бұрын, ғылыми романтика деп аталға­ны бәрімізге белгілі. Фэнтези, реализм және фу­туристік идеялар мен балама технологияларға тән элементтерді өзара біріктіретін бұл жанр орта ғасыр мен қазіргі заман арасындағы алтын көпір болды. Бұл мақаламызда біз осы саланы дамытуға үлесін қосқан француз жазушысы Жюль Верннің әдеби мұралары хақында сөйлемекпіз. Оның аты аталған жерде тұтас дүние жүзіне таралған кітабы «Теңіз астындағы жиырма мың шақырым» атты фантастикалық романы басты назарда болады. Верн қаламы тудырған сан хикметтің бірі есебіндегі бұл туындының ғылыми романтика және фантастиканың дамуындағы ерекшелігін айта кеткен жөн.

Жюль Верннің тағдыры оның әр жазған кітабына байланысты өзгеріп отырған деседі. Демек шығармашылық әлемнің сан қырлылығы, міне, осында. 1862 жылы Верн Пьер-Жюль Хетцельмен кездесті. Көп өтпей Хетцель Верннің баспагері болды. Екеуінің шығармашылық байланысы да сол сәтте басталды әрі бұл қарым-қатынас жазушының өмірінің соңына дейін жалғасын тапты. Жанашыр Хетцель Вернді жылына үш том жазса, оған тұрақты жалақы беруге уәде береді. Достықтан ұласқан шығармашылық одақ «Теңіз астындағы жиырма мың шақырым», «Ерекше саяхаттар» сияқты әлемдік классикалық шығармаларды жазуға себепкер болды. Нәтижеде елу төрт кітап өмірге келді, әрине, бұрын ешкім оқымаған, оқимыз деп мүлде ойламаған тақырыптарда.

Қазір «Теңіз астындағы жиырма мың шақырым», «Жер кіндігіне саяхат», «Сексен күнде әлемді шарлау», «Айдың арғы бетіне» және «Жұмбақ арал» сияқты кітаптар ғылымға, тіпті әдебиеттің осы жанрына қызыққан әр оқырманға өмірлік оқулық ретінде оқылып жүр. «Теңіз астындағы жиырма мың шақырым» 1871 жылы сериялық түрде жарыққа шықты, көп өтпей жеке кітап болып басылды. Бұл роман жұмбақ капитан Немоның өмірі, оның қызметшісі Консель мен Нед Ленд атты кейіпкердің «Наутилус» кемеге соқтығысқаннан кейін капитан Немоның тұтқынына айналғаны жөнінде қызықты оқиғаларды айтады. Профессор Арронакс су асты қайықтарының терезелерінен теңіз өмірін зерттеумен айналысқанды ұнатса, Нед еркіндікті аңсайды. Олар «Наутилустың» экипажымен бірге акулалармен тынбай күреседі. Бұл күрес қоғамдағы әр адамның, жеке тұлғаның өмірмен күресімен барабар. Бұл шығарманы оқыған қазіргі оқырмандар «Наутилусты» футуристік құрылғы ретінде елестетуі әбден мүмкін, бірақ көп жағдайда олай емес. Верн бұл шығармасын жазғанда сүңгуір қайықтар әлі тапқырланбағаны айдан анық. Жазушы суреттеген «Наутилустың» басты қасиеті – ол электр қуатымен жұмыс істейді. Жазушының қиялының шексіздігі сонша, әлемде болмаған ғажайыпты ең алғаш оқырмандарға осылай таныстырады. Дегенмен бұл кітаптың басым бөлігі балық түрлерінің тізімінен тұрады. Біз үшін бұл да кезінде ашылмаған бір әлем сияқты еді. Жазушы ойының жүйріктігі, көп білетіні, адамзат баласы нені қажет етсе, соны жазуды мұрат еткен Верннің шығармашылық биігі барған са­йын биіктей берді. Ол «Ғаламшардағы бес апта» атты кітабы туралы: «Мен бұл кітапта ғаламшар туралы жазған жоқпын, Африка туралы жаздым» дейді. Сол сияқты «Теңіз астындағы жиырма мың шақырымда» жазушы сүңгуір қайықтар туралы емес, алып мұхит, ондағы қайшылықты өмір, біз білмейтін мүлде басқа әлем туралы жазды. «Теңіз астындағы жиырма мың шақырымда» жазушы қабілетінің қайнары, көрегендік элементтер де бар, соның ішінде «Наутилустың» көлемі, күші және суға түсу барысы, ішінің безендірілуі бәрі-бәрі ашылмаған аралдың кейпінде. Біз олардың сипатын тек осы шығарманы оқыған соң ғана біле аламыз. Бұрын Мэри Шелли ғылыми фантастиканың сардары ретінде аталатын, ал Жюль Верн керемет кітаптары арқылы фантас­тика саласындағы өз орнын иеленді әрі мәңгі мызғымастай болып бекіді. Шындығында, ол әр шығармасында мына дүниедегі кез келген ғажайыпқа таңырқайтын сезімде болды, сөйтіп, өзін де, өзгені де таңғалдырудан жалықпады. Оның барлық кітаптары ғылыми романтиканың мысалдары ретінде оқырманға қызмет ету үшін ғылымға деген қызығушылыққа, тіпті қиялдың шексіздігіне сүйенді. Сол үшін ол жазушылық көзбен барлауды негіз ете отырып, әлеуметтік тақырыптарды бір арнаға тоғыстыру арқылы табиғи және қоғамдық құбылыстарды зерттеуді жалғастыра берді, бұл еңбек оны жеңімпаз етті.