Әлем • 24 Сәуір, 2022

Францияда президент сайлауының екінші туры басталды

272 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парижде француздар таңертеңнен бері сайлау учаскелеріне елдің болашақ президентіне дауыс беру үшін келіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz РИА Новости-ге сілтеме жасап.

 

Францияда президент сайлауының екінші туры басталды

Сайлау учаскелері жексенбіде жергілікті уақыт бойынша 8.00-де ашылған, онда президенттік сайлаудың екінші және шешуші туры өтіп жатыр. Келесі бес жыл ішінде мемлекетті басқару құқығына ие болу үшін қазіргі президент Эммануэль Макрон және оңшыл «Ұлттық бірлестік» партиясының жетекшісі Марин Ле Пен бақталасып жатыр.

Париждегі бірнеше учаскеде таңертең адамдар жаңа президентке дауыс беру үшін кезекке тұрды. Кейбір учаскелерде бірнеше полиция қызметкері тәртіпті қамтамасыз етіп тұр. Қалада жағдай қалыпты екені айтылды.

Франция президенті жалпыға бірдей тікелей жасырын дауыс беру арқылы бес жылға сайланады. Сайлауға 49 миллионға жуық сайлаушы қатыса алады. Дауыс беру екі тур бойынша өтеді, біріншісі 10 сәуірде өтті, оған 12 кандидат қатысқан еді.

Екінші турға Макрон мен Ле Пен өтті. Францияның Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қазіргі президент 27,84 пайыз дауыс жинаған, «Ұлттық бірлестіктің» жетекшісі 23,15 пайыз дауыс жинаған.