Жиынды Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры, социология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Серік Сейдуманов ашып, сарапшылар талқылауына түсіп отырған тақырыптың маңызы, қоғамда дұрыс көзқарас қалыптастыру, жаңа конституциялық реформаны талқылау мәселелерінің өзектілігін атап өтті. С.Сейдумановтың айтуынша, бұл мәселеге қоғам тарапынан қажеттілік бар, сондықтан оны түбегейлі сарапшылар талқысына салуды жалғастыру қажет.
Дөңгелек үстел модераторы, Философия, саясаттану және дінтану институты Саяси зерттеулер орталығының директоры, философия ғылымдарының кандидаты Айдар Әмребаев жиында талқыланатын негізгі мәселелерді атап өтті. Сонымен бірге Қазақстанды демократияландыру, саяси режімді трансформациялау ішкі қажеттілік пе, әлде сыртқы қысымның салдарына байланысты ма? Жаңа Қазақстан не үшін қажет, саяси құрылымның негізгі жүйелік элементтері қандай болады?» деген сауалдар төңірегінде ой тастай отырып, еліміздің алдағы даму жүйесінің басымдықтарына тоқталды. Жиын барысында сарапшылар Жаңа Қазақстанды құрудағы нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Рүстем ҚАДЫРЖАНОВ,
Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, профессор:
– Президент белгілеп берген саяси реформалар пакеті дамудың жаңа бағдарын көрсетіп отыр. Мемлекет басшысы ел дамуына қатысты негізгі кемшіліктерді атап көрсетті. Осы орайда суперпрезиденттік кезеңде құқық жүйесінде қаншама заң бұзушылықтарға жол берілгеніне көз жеткізіп отырмыз. Отыз жыл мерзімде қолдан жасалған саяси үрдістерде өмір сүріп келдік. Дегенмен Президент басымдық беріп отырған стратегиялық міндеттер, әсіресе күшті парламенттік жүйені құрудың өзіндік тәуекелдері бар екенін жоққа шығармаймыз. Тәуелсіз Парламент тәуелсіз сайлау барысында ғана іске асады. Ендігі кезекте барлық сот жүйесі автономды болуға тиіс. Ал билік оған қаншалықты дайын екенін демократиялы сайлау барысы көрсетеді. Демократия тек тәуелсіз сайлау жүйесінде ғана дамиды. Бүгінде демократиялық қоғам құру үшін сайлау жүйесін дамыту уақыт күттірмейтін мәселелердің бірі болып отыр.
Синтия КАПЛАН,
Санта Барбара университетінің профессоры, АҚШ, Калифорния:
– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл халқына жолдаған «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауы өзгермелі кезеңде дәл уақытында жарияланды. Сонымен бірге Жолдауда ұсынған реформалардың саяси, әлеуметтік және экономикалық тұрғыда өзекті әрі маңызы жоғары, қоғамды демократияландыру үрдістерін дамытуға барынша ықпал ететінін ерекше атап өтер едім. Дегенмен мажоритарлық-пропорционалдық жүйенің реформалармен әрі қарай үйлесім табатындығы ойлантады. Сонымен қатар «Ұлттық құрылтай» құру идеясының дәл қазіргі кезеңде саяси нәтижелі болатындығына күмәнмен қараймын. Өйткені экономикалық дағдарыстарды, санкцияларды басшылыққа алғанда, ішкі тәуекелдердің бар екенін ескергенде оның демократиялық сипат алуы қиындау.
Хайдар ЕФЕ,
Биналы Йылдырым атындағы Ерзинжан университеті, саяси
ғылымдар докторы, профессор, Түркия:
–Түркия Республикасындағы саяси реформалардың, демократияландыру үрдісінің Қазақстандағы жағдаймен ұқсастығы бар. Демократия адам құқығы, секуляризм, толеранттылық, құқықтық мемлекет, азаматтық қоғам, зайырлы мемлекет сияқты құрамдас бөліктерден тұратыны белгілі. Дегенмен Ислам қоғамындағы мемлекеттерде демократияның дамуына көңіл толмайды. Зайырлылық, секуляризм тұрғысынан алғанда өте төмен деңгейде екенін көреміз. Бұл елдерде мультипартиялық жүйенің маңызды мәселе екені белгілі. Көптеген елде еркін сайлау жүйесі жоқ, тиімділігі, демократиялығы бәсең. Ал еркін сайлау үйлесімі маңызды тұжырымдарды демократиялыққа айналдырады, секуляризмге әкеледі, жетістікке бастайды. Демократиялық қоғам мәселесін сөз еткенде, оппозициялық партиялар мен бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігін де айта кеткен жөн.
Андрей ЧЕБОТАРЕВ,
«Альтернатива» аналитикалық орталығының жетекшісі, саяси ғылымдар кандидаты:
– Қазақстанды демократияландыру – қоғамның ішкі сұранысы. Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстан, оның элитасы жабық саяси жүйені құрып, көп мәселені биліктегі сол элита шешіп келді. 2011 жылдан кейін партиялық саяси кеңістіктегі орын алған жағдайлардың салдары қоғамда қарама-қайшылықтардың туындауына әкеліп соқтырды. Шешілмеген мәселелер әлеуметтік теңсіздікке тіреді, ал саясатқа араласу негізсіз болып қалды. Бірқатар партияға қысым жасалып, олар билікпен күресін тоқтатты. Осындай жағдайлардың болғанын негізге ала отырып, трансформация кезеңін оңай жүзеге асады деуге келмейді. Бірқатар тәуекел бар екенін де жоққа шығаруға болмайды. Өйткені тамырланған жемқорлық жүйеден біржолата арыла қою қиын. Президент мемлекеттік аппараттың дебюрократтығына қатысты Жарлық шығарды. Қазірдің өзінде ішінара қарсылықтарды байқауға болады. Осы орайда айтатын басты жайт, қоғамда пікірталас мәдениетінің жоғалып бара жатқандығына назар аудару маңызды. Жаңа реформалар партия құруға, Конституциялық сотқа жүгінуге, жергілікті өзін-өзі басқаруда молынан мүмкіндіктер беріп отыр. Сондықтан дамуды төменнен бастап, саяси алаңға келетін жаңа партиялар да тың идеяларымен ерекшеленуі қажет. Осы орайда экономикалық жүйемен қатар саяси жүйені де қатар алып жүрудің маңызы зор. Еліміздегі реформалар Жаңа Қазақстанды құруға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз. Президент және командасы осыған орай нақты қадамдарды жүзеге асырып келеді.
Юрий БУЛУКТАЕВ,
Философия, саясаттану және
дінтану институтының бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы:
– Жаңа Қазақстанды құруда саяси партиялардың даму институты ретіндегі қызметіне назар аударғым келеді. Партия жүйесінің тиімділігі оның бәсекеге қабілеттілігімен тығыз байланысты. Осы орайда мажоритарлы-пропорционалдық үлгіде сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс тауып, Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатыны, алдағы уақытта еркін бәсекелестікке мүмкіндік берілетіндігін атап өткен жөн. Пропорционалдық үлгі елімізде саяси партиялардың және көппартиялы жүйенің дамуына ықпал етеді. Елімізде қазіргі таңда қалыптасып отырған ахуалға «Қасіретті қаңтар» оқиғасы мен Президент Жолдауының әсерін жоққа шығармаймыз. Қазіргі кезде партиялық жүйеде белсенділік байқала бастады. Яғни электоралды ойындарда партия институттарының жаңа нысандары бой көрсетуде. Ендігі кезекте Amanat партиясы да саяси күш ретінде өз қызметіне өзгерістер жасай бастайды. Соңғы саяси өзгерістер Қазақстанда партиялардың жандануына ықпал етеді дейтін болсақ, ықпалды Парламент бәсекеге қабілетті партиялардың әрекетімен ерекшеленеді.
Толғанай ҮМБЕТАЛИЕВА,
Орталық Азия демократияны
дамыту қорының жетекшісі, саяси ғылымдар кандидаты:
– Президенттің келуімен басталған реформалар кезеңін «демократизация үрдісі» деп атаймыз. Дегенмен де тәуелсіздік жылдарында елімізде болып жатқан саяси құбылыстарды сапалы сипаттайтын өз саяси тілімізді қалыптастыра алған жоқпыз. Біз тек Батыста, АҚШ-та қолданған дикурстарды қабылдап алып, сынауға машықпыз. Расында, өз әзірлемеміз болмағандығына қарамастан, демократия тұрғысында сөз етеміз. Еліміздегі қазіргі жағдайды көңілге қонымды дегенімізбен де, оны демократиялық деп айта алмаймын. Ал ішкі ықпалдарға келетін болсақ, қазіргі кезде ашық қоғам құру жолына көштік. Осы орайда әртүрлі әлемдік трендтерге дайын болуымыз маңызды. Өйткені жаһандану көпвекторлы. Азия, Араб елдерінің эмиграциясы, Шығыстың Батысқа мәдени ықпалына қатысты әсерлерді жоққа шығармау керек. Осылайша, әлемдік трендтерден керегімізді алшақ ұстай алмаймыз. Ал дамудың жаңа моделі кезеңінде климаттық ерекшеліктердің маңызына назар аудару қажет. Ол билік тармақтарына, әртүрлі аймақтардағы қоғамдық құрылымдарға әсер етіп, жаңа теңсіздіктер туғызуы ықтимал. Оның экономикаға әсерін де жоққа шығармаймыз. Суперпрезиденттік жүйеден президенттік басқару жүйесіне өтуде Президенттің рөліне назар аудару қажет. Ал Парламент мықты саяси партияларсыз күшеймейтіні анық. Мажоритарлық-пропорционалдық жүйенің реформалармен қалай үйлесім табатындығына да мән беру керек. Егер Парламент саяси партиялармен жасақталатын болса, Үкімет те осы партиялар негізінде құрылымдануы керек. Сонда ғана осы екі институттың тәуелсіздігі күшейеді. Ол үшін партияларға бәсекелестікке жағдай жасау керек.
Қазбек МАЙГЕЛДИНОВ,
Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма
төрағасы:
– Қазіргі кезде өңірлерде Мемлекет басшысының Жолдауына байланысты түсіндіру жұмыстары жалғасын табуда. Осы орайда Президент тоқталған идеологемма – Жаңа Қазақстанды құру және Екінші Республика екеніне басты мән берген жөн. Еліміз отыз жылдық кезеңнен өтті. Орталықтандырылған билік жүйесі осы жылдарда қауіпсіздік, ішкі тұрақтылық, шекара мәселесі, еліміздің халықаралық кеңістіктегі рөліне баса мән бергені белгілі. Мұны бірінші республика дейтін болсақ, Президент ұсынып отырған Екінші республика мәселесінде ескеретін бірқатар мәселе бар. Бүгінде Қазақстан демократия жолында келеді. Соңғы үш жылда еліміз эволюциялық даму жолына түсті. Конституцияға, заңнамалық актілерге өзгерістер енгізіледі. Елімізде тіркелген алты партия бар болса, олардың барлығы дерлік саяси жүйеде белсенді емес. Бәсекеге қабілеттілігін көрсете алмай отыр. Осы орайда көппартиялы жүйені құруға жағдай жасалуда. Бұл жердегі маңызды мәселе партиялар нағыз ойыншылар екенін дәлелдесе, электорат мүддесін көздеп, диалогқа бара алуы маңызды. Жаңа Қазақстанға аяқ басқанда қоғамдық трансформация, құндылықтарды қайта қарастыру керек. Ұлттық құрылтайды жаңа бастама дей алмаймыз, ол Ұлы даланың басқару жүйесінде де болды. Канада, Дания, Аустралия, АҚШ сияқты әлемнің көптеген елінде кеңесудің демократиялық үлгілері бар. Бастысы, ортақ келісімге келу. Бүгінде сайлау жүйесі, адам құқығы, партиялық жүйеде реформалар нәтижесі қалай болатыны маңызды. Шынайы бәсекелестік болмаса, саяси партиялардың саны көбейгенінен ешқандай пайда жоқ. Реформалар жергілікті жерлерде нәтижесін беруге тиіс. Жергілікті өзін-өзі басқаруға байланысты аймақтық элита пайда болғаны өңірлік өзгерістерге жол ашады.
Әділ КӘУКЕНОВ,
Қазақстан стратегиялық
зерттеулер институтының
бас сарапшысы:
– Президент өз өкілеттігіне кіріскен күннен бергі аралықта демократиялық қоғам қағидаттарына мән беріп келеді. Жолдауда көрсетілген басымдықтар азаматтардың лайықты өмір сүруіне негізделген. Осы орайда демократия ұғымының қоғамда қалай қабылданатынына назар аудару қажет. Жаңа Қазақстан бізге не үшін керек? Президент демократиялық реформаларды бастады. Демократия – жүйелі құқықтық базасы бар кешенді пакет. Қазақстандықтар бостандығы мен жетістіктері, құқықтарына кепілдік берілген қоғамда өмір сүргенді қалайды. Ал оны қамтамасыз етуге, демократиялық қоғам болуға дайындық бар ма? Бұл жерде сөз бостандығы, мәдени дискуссия алаңдарының да маңызына назар аударуымыз қажет. Бір-бірімізді тыңдай білу мінез-құлық трансформациясынан да көрініс табуы қажет. Отыз жылғы суперпрезиденттік жүйенің елімізге не бергені белгілі. Осы орайда Президент демократиялық қадамдар ұсына отырып, бюрократиялық аппарат қарсылығына тап болды. Ендігі кезекте мықты мемлекеттік аппараттың қалыптасқаны маңызды. Демократия кешенді пакет ретінде құқықтық, сот жүйесі жүйелігімен ерекшеленеді. Жаңа Қазақстанның ұстанған бағыты, Президент ұсынған реформалар еліміздің тура жолмен жүріп келе жатқандығын көрсетеді.