Халықаралық жиында Қазақстанның БҰҰ және Венеция комиссиясымен ынтымақтастығының нәтижелері мен жетістіктері сараланды.
«БҰҰ бағдарламалары еліміздегі көптеген саланың қарқынды дамуына ықпал етті. Соның ішінде іргелі құқықтық құжаттарға негізделген адам құқықтарын қорғау саласы да бар, оның көптеген басымдығы еліміздің негізгі заңында көрініс тапты», деп атап өткен Конституциялық Кеңестің төрағасы Қайрат Мәми Жолдаудағы құқық қорғау институттарын одан әрі нығайту саласындағы реформаларға да тоқталды. Бұл бағыттағы шаралар БҰҰ және Венеция комиссиясымен ынтымақтастық аясындағы стратегиялық басымдықтармен үйлесім тауып, еліміздің жаңа тарихындағы қадамдарына оң ықпалын тигізеді.
«Конституциялық Кеңес қорытынды шешімдер қабылдаған кезде БҰҰ-ның жалпыға бірдей танылған және ратификациялаған халықаралық актілерінің ережелерін негізге алып келеді. Ұзақ жылғы әріптес ретінде Венеция комиссиясы Қазақстанда конституционализмнің дамуында жоғары рөлге ие. Венеция комиссиясының ұсынымдары елімізде кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Қазақстан тәуелсіз консультативтік-кеңесші орган ретінде Комиссияға конституциялық реформалар мен жекелеген заңнамалық актілердің жобалары бойынша қорытындылар алу үшін бірнеше рет жүгінген. Осы орайда комиссия Қазақстанның мемлекеттік органдарына әдістемелік қолдау жасап, заң үстемдігі негіздерін бекітуде институционалдық және эксперттік тәжірибесімен бөлісіп келеді», деп атап өтті Қ.Мәми.
Конференция модераторы – Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы, Еуропа Кеңесінің Венециялық комиссиясының мүшесі Игорь Рогов Конституциялық бақылау органдары арасындағы идеялар және ақпарат алмасу комиссия қызметінің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Көп жылдық әріптестік нәтижесінде Венеция комиссиясымен конституциялық бақылау органдарының халықаралық қауымдастығы ретінде Дүниежүзілік конференция бекітілді. Бұл ұйым негізгі заңдар үстемдігін қамтамасыз ету саласында конституциялық соттар және эквивалентті институттар арасында халықаралық тығыз байланыс орнатуды мақсат етеді. 1998 жылы Венеция комиссиясының бақылаушысы болған Қазақстан, арада 14 жыл салып оның толыққанды мүшесіне айналды.
«Іс жүзінде тәуелсіздігімізді бірден ондаған жетекші әлемдік держава мойындады. Егемен Қазақстанның заңды түрде мойындалуының негізгі қадамы БҰҰ-ға мүшелікке қабылдануы болды. Бұл оқиға 1992 жылы 2 наурызда өтті. Ал 20 жылдан кейін Қазақстанның «Құрылтай құжаттарында» жарияланған демократиялық және құқықтық мемлекет құруға деген ұмтылысы халықаралық құқықтық қауымдастық тарапынан кеңінен мойындалып, қолдау тапты. 2012 жылғы 13 наурызда еліміз Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясының толыққанды, тең құқылы мүшесі болды», деді И.Рогов.
Еуропа Кеңесі Венеция комиссиясының президенті Клэр Бази-Малори Қазақстанның Венеция комиссиясына қосылу тарихына тоқталып, соңғы жылдарда жүзеге асқан бастамалар жайында айтып өтті. «Қазақстанның өтініші бойынша көптеген заң қабылдады. Венеция комиссиясы мен Қазақстан Конституциясының арасындағы қарым-қатынас өте жоғары деңгейде қалыптасқан. Қандай да бір мемлекетте құқық үстемдігін бақылау үшін Венеция комиссиясы арнайы құжат әзірлеп шықты. Мысалы, сот жүйесі мен судьялардың мәртебесіне, адам құқықтары жөніндегі уәкілге, Әкімшілік рәсімдер мен сот төрелігі және сот этикасы кодекстеріне қатысты көптеген пікір қабылданды. Венеция комиссиясы, сондай-ақ Қазақстан Конституциялық Кеңесінің құқықтық базасын жетілдіруді және жоғары судьялар кеңесінің реформасын қолдады. Ал құқықтық айқындылық заңның қолжетімділігін білдіреді. Заң айқын, болжамды және түсінікті болу үшін қарапайым болуы керек», деп атап өтті өз сөзінде Клэр Бази-Малори.
Құқықтық үстемдік мәселелеріндегі ынтымақтастық, сонымен қатар ұзақ жылдардағы әріптестіктің адам құқықтарын қорғауда жан-жақты дамуы осы жиында сөз алған БҰҰ Женевадағы бөлімшесі бас директорының аппарат басшысы А.Чикваидзе, БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, Еуропалық одақтың Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаукас, Францияның Алматы қаласындағы Бас консулы Алексис Шахтахтинский, т.б. халықаралық ұйымдар өкілдерінің пікіріне негіз болды.
«Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы сот жүйесінде әкімшілік-құқықтық институционалдық және саяси реформалар арқылы елдегі үстемдікті нығайту жөнінде шаралар қолданып келеді», деп атап өтті осы жиын барысында Әділет министрі Қанат Мусин. Ведомство басшысы атап өткендей, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында билік пен сот арасында кандидаттық тепе-теңдікті сақтау туралы саяси пакет, Парламенттің депутаттық корпусын қалыптастыру, президенттік басқаруға қатысты өзгерістер енгізу бастамасының маңыздылығы ерекше назар аударуды қажет етеді. Бұл өзгерістердің құқықтық мәртебесі еліміздің ары қарайғы дамуы үшін аса маңызды.
Конференция жұмысында құқық үстемдігін нығайту, өзара іс-қимыл бағдарламаларын жүзеге асыру барысы талқыланды. Осы орайда сарапшылар БҰҰ мен Венеция комиссиясы тарапынан жүзеге асып жатқан реформалар адам құқығы, заңнама құжаттарының заманауи бағытта жетілдіре отырып, Қазақстанның құқықтық жүйесінің әлемдік талаптар үдесінен шығуына ықпал ете беретініне сенім білдірді.