Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Өкінішке қарай, сол ежелгі дұшпанның жаны сірі екен. Оған дініміз де, салт-дәстүріміз де, тіпті қоғамға арқау мемлекетіміз де қанша қарсы тұрса да, етек-жеңімізге жабысып, жан-жағымыздан шырмауықтай қармап-ақ келеді.
Шілдехана сүйіншісінен бастап, әр деңгейдегі торқалы той мен топырақты өлім арасындағы аста-төк ысырапшылдық, астамшылық, бекер мал шашпақ туралы аз айтылып, кем жазылып жатқан жоқ. Тіпті ақырғы тұрақ - зират пен мазаратта қымбат мұңтастар мен зәулім кесенелер жарысы да толастар емес. Әрине, мақсат - біреудің қалтасына үңілу мен байлығын санауда емес. Дүниеде өркениет көшіндегі әр халық жаңа өмірге лайық дәстүрін, әдет-ғұрпын қалыптастырып жатқанда, қазақ елі де әлдеқашан пендешілік бәсекеден, «социалистік жарыстан» біржола құтылуы абзал еді.
Тізгінді бір демде тартқызған ғаламдық індет кезіндегі жағдайды есепке алмасақ, айылын жиған ағайын көп емес, тоқтамға келіп, сабасына түскен жұртшылық та кемдеу болып тұр. Иә, «ауру қалса да әдет қалмайды», енді қарасақ, қайтадан бәз-баяғы қалпына келген сыңайлы.
Қай саланы алсаңыз да ысырапшылдықтың етек жайғаны, дақпырт пен дандайсу дарақылыққа жол ашқанын байқау қиынға соқпайды. Кешегі қаңтар сойқанының да бір ұшы соған барып тіреледі.
Жұрт бұрын ақшаны, дүниені оңды-солды шашуды, даңғаза той-томалақ, ас-жиын, форум бәсекесін ұзын құлақтан, ел аузынан естісе, енді заманауи құрал – әлеуметтік желіден алақандағыдай күнде көріп-біліп отыр. «Талғамға талас жоқ» дегендей, мұны біреу қуанып, біреу көзге шұқып, көпке жарыса таратып, қаңқу сөз бен қауесетке жел беруі қалыпты ахуалға айналды. Айлығын шайлығына жеткізе алмай жүрген жұртшылық «әлеуметтік ашуына» тиетіндерді сырттай тілдеп, оларға кектенетіндей дәрежеге жетті. Жекелеген бизнес серкелері, байбатшалар қалың қауымнан тыс өмір сүретіндей айналадағы тіршілікті елемейтіні, көрші-қолаң, ауылдасты менсінбейтіні, көңілге қаяу түсіретіні өтірік емес. Дана халқымыз «Біреу тойып секірсе, біреу тоңып секіреді» дегенді осындайда айтатын болар.
Шіріген байлықтың батпағына батып, күнә арқалаудың ауыр екенін біле тұра аяғын шалыс басатындар көбейді.
Бұдан он ғасыр бұрын жазылған «Қабуснамада» ел билеушісі перзентіне: «Мал, дүние үшін басыңды тікпе!» деп өсиет айтуы тегін емес.
Соған қарамастан, қарашыдан қараға дейінгінің пенделік портреті – «Қапқа тезек толтырғанның да буы болады», «Жаңа жейденің де екі күндік буы бар»... Талайлар менменсіп, мансаптың, байлықтың буына мастанып билік басындағыларды сатып алуға, қалғанын үркітіп-қорқытуға, әлсізді басынуға тырысқанына бұрынғы-кейінгі тарих куә.
Бай болудың да өзіндік мәдениеті, еңбек жемісін көрудің де өзіндік жөн-жосығы болатынына әлем тәжірибесі мысал. Оны оқып-шоқып білмесе, көргендіден үйренбесе, сірә, сатып ала алмайды. Меценаттық жасау ойына кіріп шықпайтын байшыкештер де бой көрсетіп үлгерді. Тұрғын үй, мектеп, балабақша салу қаперіне кірмейтіндер, тапқанының бір бөлігін зекет қорына аудару, шүлен тарату сияқты ата дәстүріміз екенін місе тұтпайтындар тағы бар.
Қанағатшыл адам – ең бай адам.
Біздіңше, дарақылықтың, еліріп-есірудің, ысыраптың кесірі елге де, ерге де тиеді. Ал сол «мал шашпақтың» неден басталып, немен аяқталатыны баршаға бес саусақтай белгілі.
Қасиетті дініміздің де айтары: уақытты босқа кетіріп, зая қылу, мал-мүлікті орынсыз шашу, керек-жараққа, құралға, киім-кешекке, ішіп-жемге артық шығын шығару, яғни шегін, мөлшерін білмеу – байлыққа маталған астамшылыққа, көрінеу көрсеқызарлыққа, нағыз ысырапқорлыққа жатады. Өкінішке қарай, біздің жағдайда оған жеке адамдар ғана емес, мекеме, ұйым, аудан, қала, облыс басшылары мен қосшылары жол беріп отырғаны рас қой. Әсіресе, салық төлеушілердің есебінен жиналатын мемлекет қаржысын орынсыз жұмсау ақшаны далаға шашқанмен бірдей емес пе?.. Әр түрлі бағдарламаны желеулетіп, желге ұшырылған ел қаржысының обал-сауабы кімнің мойнында? Бүгінде көзі ашық, көкірегі ояу ел бәрін байқайды, талдайды, есептейді.
Былтыр салынған қымбат ғимарат биыл бұзыла салады, кеше ғана басылған таралымы көп оқулық қатесі үшін туралып тасталады да, бүгін мемлекет қаржысына жаңадан басылады. Пәленбай қаражат жұмсалған жолдар, тротуарлар қайта жөндеуді қажет етеді, парктер, ойын жабдықтары, жарық беруші қондырғылар, интернетпен жабдықталған орындықтар қараусыз қалады, қыруар қаржы, күш жұмсалып егілген ағаштар қурап қалады. Қап-қанармен күресінге шығып жатқан қағаз, пластик қалдықтарында есеп жоқ. Бір сөзбен айтқанда, «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасынның» дәл өзі. Тағысын, тағылар, кез келген қала, аудан тұрғындары оның мысалын, дерегін жыр қылып айтып бере алады.
Бұқара халықты шашып-төгу, бүлдіріп-қирату психологиясынан арылту үшін әуелі қоғамдық санада өзгеріс жасау қажет деп санаймыз. Осы орайда, Мемлекет басшысы айтқандай, азаматтық белсенділікті, қоғамдық пікірді жандандыру өте маңызды әрі көкейкесті. Шынайы қоғамдық позиция айқындалған жерде ғана ашкөздікке, ысырапшылдыққа, жемқорлыққа қарсы ұлттық сана, азаматтық мәдениет пен отаншылдық сезім қалыптасады.
Осы бағытта, тыңайған егісте арам шөптей қаптаған «қоғам белсендісі» атын жамылушылар жеке бастың мүддесінен аса алмай жүргендігі, әрине, өкінішті. Әйтпесе, мынадай ашық заманда тек бәз біреудің тапсырысымен жұмыс істеуге құмарлығы, біреуден, екеуден кек алумен әуестенетіні тіптен жараспайтын қылық. Алайда халық жоғын жоқтаушы шынайы қоғам белсендісіне мың рахмет айтуға тиіспіз. Оларды ел іші әлдеқашан елеп-іріктеп, мойындап қойған. Жұртшылық оны да ашық айтады. Аталарымыз дөп меңзегендей, жоқшылықта, тоқшылықта болып тұратын сынақтарда ешкімнің де сүрінбегені жөн.
Өркениетті, орнықты елдерде адамға ең қажетті азық-түліктің, нанның, тамақтың қоқысқа төгілуі, отын-судың рәсуә болуы, әр деңгейде өктемшіл, әміршіл мінез-құлықтың өріс алуы қылмыспен пара-пар.
Дүниеқорлық, дүниеқоңыздық салдары қашанда азғындауға апарып соғады. Мұны өмірге де, қызметке де, билікке де қатыстырып айтуға болады.
Сондай-ақ бүгінгі қоғамдағы елеулі де күрделі мәселе – әр отбасыдағы, әр мектептегі бала тәрбиесі. Бұл – қоғам жауапкершілігі. Өйткені, адамның қалыптасуы өскен, қоршаған ортасына тікелей байланысты. Өмірдің өзі, жақсы адамдардың ісі – тәлім.
Бірде дәрігер Икрам досымыздың ауылдағы анасы қалаға қонаққа келеді. Тамақ алдында ұлы қол жуатын бөлмеде жылы суды мөлшерімен ағызып даярлап қояды. Қолын жуып болған соң, апамыз күбірлеп сөйлей бастайды. Баласы:
– Апа, кімге бата беріп тұрсыз? – деп күлсе, анасы:
– Осы суды бір жерден бір адам жылытып, жіберіп тұрған шығар. Сол кісіге рахмет, бала-шағасының рахатын көрсін! – дейтін көрінеді.
Міне, бұл – имандылық, еңбек мәнін түйсіну! Судың да сұрауы болатынын білген кісінің сөзі.
Әйтпесе, жалпы суды тұтыну жөнінен елімізде көзқарас, амал өзгерді деп әзірге айта алмаймыз. Мысалы, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстан АҚШ-пен салыстырғанда, суды 3 есе, ал Аустралияға қарағанда 6 есе көп пайдаланады екен. Бұл жаппай ысырап емей немене?
Сондай-ақ, үлкен қалаларымызда тозып үлгермеген киім-кешекті, төсекті, басқа да бүтін, аздаған кем-кетігі бар заттарды қоқыс орнына шығарып тастайды. Ал өркениетті елдерде арнайы жәшіктер орнатылған, жинақталған соң оңдысын тазалап, реттеп аса мұқтаж адамдарға берудің үлгісі бар. Елімізде жасақтала бастаған волонтерлер осындай бастамаларды қолға алса, жақсылыққа жол ашар еді.
Мұндай іс-шара, біріншіден, елді қанағат пен қайырымдылыққа баулыса, екіншіден, жаңа үрдіс үнемшілдікке үйретеді. Сондай-ақ, оқу орындарында қоршаған ортаға жанашырлық танытуды, табиғатты қорғауға қатысты нақты пайдалы істерді үйретсе, саламатты салтты ұстанатын, сергек жүруге бейім жастар, әлбетте, көбейеді. Олардың интернет пен смартфонға телміріп, уақытын бекер өткізуден сақтануына, жастық шағын ысырап етпеуіне ықпал етер еді. Жастайынан ұқыптылыққа, үнемшілдікке үйренген бала есейгенде де ыждағатты болары сөзсіз.
XVІІІ ғасырдың тұлғасы, экономика ғылымының негізін салушылардың бірі Адам Смит: «Кез келген ысырапқор – қоғамның жауы, кез келген үнемшіл адам – жарылқаушы» деп жазған екен. Бұдан шығатын қорытынды: бізге жарылқаушылар өзге елден келмейтінін ұғатын кез келді.
Тағы бір тәмсіл еске түседі. Бірде биліктегі Омар шадиярға жолдасы келеді. Сонда басшы алдындағы майшамды өшіріп, басқасын жағады. Оның бұл ісіне таңданған Әбідрахман:
– Уа, мұсылманның басшысы, бір майшамды өшіріп, екіншісін жаққаныңыз қалай? – деп сұрайды. Сонда шадияр:
– Сен келгенде мен мемлекеттік істермен айналысып отырған едім және ол майшам – қазынанікі. Ал сенімен жеке шаруамыз жайлы әңгімелесемін. Екеуміздің әңгімемізге мемлекет шығынданбауы керек. Сондықтан өзімнің майшамымды жақтым, – деп жауап беріпті.
Мұндай өнеге қызметтік жайды, көлікті, мүлікті, пайдаланушыларға, әсіресе, лауазым иелеріне неге үлгі бола алмайды? Тіпті үй жағдайында балаларды электр энергиясын, жылуды, суды үнемдеуге үйреткеннің несі айып?
Қазіргі қоғамда жоғарыда келтірілген саналы қадамдарға зәрулік бар деп айта аламыз. Тіпті көрші елдердің бірінде мейманхана, ресторан, дүкен, шаштараз қызметшілеріне жұмыс орындарында жеке қалта телефондарын пайдалану реті, ережесі жасалған, көбіне рұқсат етілмейді. Бізде жұмыс уақытын жеке шаруасына пайдаланып, телефоннан түспейтін сабаздарға бұл да сабақ болуға тиіс. Ысырапшылықпен күресті әркім өзінен, өз үйінен, жұмыс орнынан бастағаны дұрыс. Сонда әр адам өз уақытымен бірге кісінің есіл уақытын үнемдеуге дағдыланады.
Қазіргі қымбатшылық заманда барлық елдердің, экономикалық қатынастардың басым көпшілігі бір-біріне тәуелді екеніне көзіміз жетіп отыр. Осыған байланысты ауылдар мен қалаларда энергия қуат көздерін жеткізуде, пайдалануда және тұтынуда жаңа көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік туып отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, экономикадағы монополия жойылуға тиіс. Яғни, жең ұшынан жалғасатын артықшылықты пайдаланып, ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп екі ортада ауадан ақша жасайтындарға енді қоғамдық бақылау күшейеді. Сонымен бірге, күнделікті жеткізілетін тауарлардың стандарт өлшемдерін, соның ішінде газ отынының сапасын тексеретін лабораторияны әр өңірде ұйымдастыруды талап еткен сайлаушылардың тілегі де далада қалмас деп ойлаймыз. Дүниеде бәрінің мөлшері, есебі бар, тек «есептемеген кісіде бәрі түгел» деген даналық сөзді ұмытуға болмас. Еліміздегі ауқатты адамдар ақшасын бостан-босқа шашудың орнына кәсіп түрін көбейтіп, жұмыс орнын ашуға немесе ауылды қалпына келтіруге, жаңа шағын аудан, кент салуға немесе елімізде кенжелеп қалған түрлі сақтандыру шараларына жұмсайтын болса, өз қайырымдылығынан қанағат тауып, ел-жұртының рахметіне бөленері сөзсіз. Сөйтіп, өз табысының тарихын ұрпаққа аманат етуге мүмкіндік алады.
Жалпы ысырапты тоқтату – тоғышарлыққа, тоқмейілсуге және мейірімсіздікке жол бермеу деген сөз. Әрине, елімізде мұндай мақсатты істі идеологиялық жағынан қолдайтын қоғамдық-саяси бірлестіктер, волонтерлік ұйымдар, қайырымды жандар арнайы бағдарлама түзсе де артық болмас еді. Өйткені бұл – кез келген дамыған, өркениетті елдің сана-сезімін, талғам-түсінігін айқындайды, азаматтардың дүниетанымы мен жоғары мәдениетін көрсетеді.
Дархан МЫҢБАЙ,
Мәжіліс депутаты