Қоғам • 25 Сәуір, 2022

Бала құқығын қорғауға заманауи әдістеме қажет

324 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президент тапсырмасына орай «Балалар жылы» нәтижелі болуы қажет. Осыған орай республика өңірлерінде түрлі мазмұндағы шаралар жалғасын тауып келеді. Ал мамандардың айтуынша, балалар қауіпсіздігі мен құқығын қорғауға байланысты міндеттер қараусыз қалған балалар тағдыры, жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы, кибербуллинг сияқты қоғамға жат әдеттерге тосқауыл болуға тиіс.

Бала құқығын қорғауға заманауи әдістеме қажет

Алматыдағы Оқушылар сарайында өткен «Қа­зақ­стан Республикасындағы білім беру үдерісіне қатысушыларға тиімді психологиялық-педагогикалық көмек көрсетудің инновациялық технологиялары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында балалар денсаулығы, білім жүйесін­дегі көкейкесті мәселелер мамандар талқысына салынды.

Балалар омбудсмені Аружан Саин бала құқығы жайында сөз еткенде ата-ана жауапкершілігін ұмыт­пау қажет­тігін қаперге алды. А.Саинның айтуын­ша, тәрбие негізі отбасында қалыпта­сатындықтан, бала тағдырына немқұрай­ды қарайтын ата-аналармен жұмыс істеу­ге баса назар аудару қажет. Отбасын­да жағдайы жақсы болса, бала неге үйден безеді, мектепте қамқорлық күшті болса, неге қиын балалар қатарына қосылады?

Бұл бүгінгі қоғамда жиі қойылатын сұрақтар. Ал оның жауабы отбасынан бастап, бүтіндей қоғамдық деңгейде қолға алынып отырған шаралардың өз деңгейінде жүзеге аспай отырғандығымен байланысты.

«Осы орайда ата-анасының балаға зияны тимеуін қамтамасыз ету, мек­тептегі дағдарысты жағдай мен қа­рама-қайшылықтардың сауатты, кә­сіби деңгейде шешілуі де алаң­да­тады. Мемлекет тарапынан балаларды спортқа, мәдени шараларға тарту, біліммен қамтамасыз ету, денсаулығына қарау – саламатты ұлт қалыптастырудың алғышарты. Ал бала бойында тұлғалық қасиетті қалыптастыруда білім, ғылым, мәдени саладағы жетістіктер маңызды. Бо­йында ізгілігі, білімі бар, отбасында, білім мекемелерінде қамқорлыққа, ата-ана махаббатына бөленген балалар ешқашан жат әдетке бой алдырмайды. Олай болса, баланың бақыты – отбасының, мектептің, бүтіндей бір қоғамның жауапкершілігіне тікелей қатысты міндет», деп атап өтті А.Саин.

Жиынның модераторы Білім және ғылым вице-министрі Ғани Бей­сем­баев балалар жылына орай елі­міздің барлық өңірінде қолға алынған игі іс-шаралар барысына тоқ­­талып, тиісті министрлік тара­пынан балалар құқығын қорғау мәсе­лесіне орай нақты тапсырмалар жүктелгенін атап өтті. Осы мақ­сатты шаралардың ары қарай да жал­ғасын табуы қоғамның игілігіне, балалардың жарқын бола­ша­ғына арналады.

Осы орайда Алматы қаласындағы білім беру мәселесіне тоқталған әкімнің орынбасары Әсем Нүсіпова мега­полисте 300 мемлекеттік және жеке­­­меншік білім ұйымы бар екенін атап өтті. Сту­дент­тік жас­тар қаласында бүгінде 350 мың­нан астам білім алушы үшін қолай­лы жағдай жасалған. Мек­теп, бала­бақ­шалардағы орын жетіспеу­шілігі, инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге байланыс­ты нақты жұмыстар іске асып келеді. Биылғы оқу жылынан бастап әлеуметтік жағдайына қара­мас­­т­ан, 1-4-сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Ал оқыту әдістемесі, тәрбие ісі, бала­лардың мінез-құлық мәселесі ерекше назар аударуды қажет етеді, ал бұл бағытта кәсіби мамандармен ық­палдастық аясында тиісті жұмыс­тар қолға алынған.

Мемлекеттің болашағы – бала­лардың жарқын келешегін қамта­масыз етуге бағытталған маңызды қадам­­дарға Білім және ғылым ми­нистр­­лігі Бала­лардың құқықтарын қор­­ғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иман­ғалиев тоқталды. Президент атап өткендей, еліміздің келешегі балалардың қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған іс-шаралар жалаң ұран, мерекелер түрінде емес, тиісті органдар тарапынан білім, денсаулық, әлеуметтік салада жүзеге асатын ауқым­ды міндеттермен жалғасын та­бу­ға тиіс. Е.Иманғалиев осы орайда мем­лекет тарапынан балалардың қауіп­сіздігін арттыруға бағытталған ша­ралар мен еліміздің әлемдік ке­ңістіктегі рөлін арттыруға байланыс­ты жобалар әзірленіп жатқандығын жеткізді.

«Президент 2020 жылы балалар игілігі индексінің ұлттық мо­ниторингтік механизмін әзірлеуді тап­сырған болатын. Осы орайда маңызды деген 56 ин­дикатор азаматтық қоғаммен талқыланып, Үкі­мет деңгейінде бекітілді. Мем­лекет тарапынан ба­лаларға жұмса­латын бюджет әдістемесін да­йындау жұмыстары басталды. Сонымен қатар Ба­ла­­лар құқығы жөнінде БҰҰ конвенциясының фа­культативті про­­токолына қол қоюға байланысты іс-шара­лар қабылдануда. Бүгінде ба­лалар құқығын қорғау жөніндегі мем­­лекеттік саясат халықаралық та­лаптарға сай жаңа білім жүйесін құ­ры­лымдауды қажет етеді», деп атап өтті.

Е.Иманғалиевтің айтуынша, бү­гінде балалар жоғары интеллектуалды қабі­летке ие, мобилді, креа­тивті. Олар ақыл­ды, тәуелсіз әрі ерекше қабілетті. Тех­нологияларды, мәдениетаралық қа­тынастарды жақсы меңгерген. Алай­да алдыңғы буынға қарағанда, олар қоғамдық құбылыстарға тәуелді. Mackenzie институтының мәлі­мет­теріне қара­ған­да, жаңа заман ұр­па­ғы­ның өмірге деген көзқарасы қарама-қай­­шы. Көңіл күйі, әлеуметтік жағ­дайы жете көңіл бөлуді қажет етеді. Олар мінез-құлқына қатысты және психологиялық жағдайларда көмекке сирек жүгінеді. Осы орайда еуропалық кеңес сарапшылары балалардың ақыл-ой, физикалық денсаулығының маңызды екендігіне назар аударып отыр. 2021 жылы Давос форумында экономист Клаус Шваб экономикалық жүйені қайта қарастыра отырып, азаматтардың игі­лігіне негізделген әлемге қадам жа­сауымыз керек деген болатын. Сондықтан бізге кәсіби педагогтер керек. Транслятор емес, ұйым­дас­тырушы, оқу үрдісін, шығар­ма­шылық жұмыстарды жүйе­лей білетін, жасөспірімдердің әлеу­меттік қызметінің жан-жақты­лығын жақсы түсінетін, жастармен жұмысты жолға қоя білетін білікті мамандар қажет. Бүгінде қоғамды алаңдатып отырған тұрмыстық агрессия, әлеуметтік желі­лердің ықпалы, буллинг сияқты мә­селелермен 7 мыңнан астам педагог-психолог, 4 мыңға жуық әлеуметтік педагог, 3 мыңнан астам вожатый, 25 мыңнан астам мектеп әкімшілігі мүшелері жұмыс істеуде. Ал еліміздің білім саласында 340 мың­нан астам педагог еңбек етіп келеді. Дегенмен де салада кәсіби мамандар қа­тарын арттыру мен ескірген әдіс­те­ме­лер, жалған инновациялардан арылуды уақыт талап етуде.

Жиында психология ғылым­да­рының докторы, академик Х.Шериаз­данова еліміздің білім беру са­ла­сындағы педагогикалық пси­холо­гия­ның рөліне қатысты баяндама жасаса, С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университетінің профессоры, академик Қ.Сарбасова, тағы басқа ғалымдар білім гуманизациясы, сапалы білім беру мен балалар психологиясы тұрғысында кәсіби ойларымен бөлісті.

Ары қарай халықаралық сарап­шы­лар пікіріне ұласқан кәсіби жиын балалар мен жасөспірімдердің ауто­де­­­структивті мінез-құлқының алдын алу, ба­ла­лар­дың өмір сапасын жақсарту бойынша іс-шара­лар­ды уақытында іске асыру, оқушы­лар­дың өмірге тө­зімділігін және сабырлылығын қа­лыптастыру, әлеуметтік осал жағ­дайдағы жасөспірімдер мен отба­сы­лар­ға жеке кешенді көмек көрсетуге арналған шеберлік сағаттарымен жалғасын тапты.