Көктемгі дала жұмыстары үшін техника дайын, жанар-жағармай қоры жеткілікті. Көктемгі далалық жұмыстар үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінен өңір шаруаларына бөлінген 9,6 мың тонна жағармай бағасы 1 литріне 184 теңге деп белгіленді. Бұл қазіргі нарықтағы бағадан 23%-ға арзан. Биыл бидай егістігі көлемі азайтылса, керісінше майлы дақылдар егістігі 16 мың гектарға көбейтіледі. Ақтөбелік шаруалардың майлы дақылдар егісін ұлғайтуға ел Үкіметінің күнбағыстың әр тоннасы үшін 15 мың теңге субсидия беру жөніндегі шешімі себеп болды. Бұл жөнінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов мәлімдеді.
Осы қолдау арқылы өңірдегі 107 шаруашылық майлы дақылдар тұқымын егуді жоспарлаған. Қазіргі күннің өзінде Хромтау ауданындағы май өндіретін зауыт жиын-терім аяқталғаннан кейін шаруалардан 45 мың тонна күнбағыс сатып алуға келісім жасауға кірісті.
Сондай-ақ облыста 250 мың гектарға біржылдық және көпжылдық мал азығы өсімдігі түрлері егіледі. Былтырғымен салыстырғанда мал азығы үшін егіс көлемі 38 мың гектарға ұлғайтылды. Соның ішінде құрғақшылыққа төзімді еркекшөп тұқымдары шөлейтті және топырағының құнары аз Ойыл, Шалқар, Байғанин аудандарында егіледі. Суармалы алқаптарға маусымында үш рет өнім алуға болатын жоңышқа дәні себілетін болады. Жергілікті шаруаларға былтырғы құрғақшылық ауыр тиді. Қатты бидай сортын өсіруші шаруашылықтар өткен жылы гектарына 5 центнерден төмен өнім алып, біраз шығынға ұшырады.
Осы кезге дейін Азық-түлік корпорациясынан Ақтөбе облысына бөлінген 10 мың тонна бидайдың 7 200 тоннасы жеткізілді. Осы астықтан тартылған ұнның бағасы килограмына 105 теңгеден бағаланып, Ақтөбе қаласындағы үш нан комбинатына жіберілді. Қордан бөлінген ұн арқылы қаладағы сауда нүктелерінде екінші сортты бидайдан пісірілген әлеуметтік нан 85 теңгеден сатылып жатыр.
Далалық өзендер мен қала іргесіндегі Ақтөбе, Қарғалы, Сазды су қоймаларына жеткілікті су мөлшерінің жиналуы суармалы алқап көлемін ұлғайтуға себеп болды. Осы кезге дейін Ақтөбе облысында 10,6 мың гектар суармалы алқап болса, оған биыл қосымша 3,5 мың гектар қосылды. Көп жылдан бері Ақтөбе облысында 10 шағын су қоймасын салу туралы мәселе көтеріліп жүрсе де, әлі күнге дейін оның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп болған жоқ.
Өңірде картоп, сәбіз, қырыққабат бағасы шарықтап кетті. Жергілікті тауар өндірушілердің көкөністері дүкен сөрелерінен жоғалды. Шаруалардың өңір тұрғындарын картоппен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ете алмай отыру себебін Исатай Еспағанбетов былай деп түсіндірді: «Өйткені шаруашылық иелері өздері өсірген картопты күзде арзанға сатқысы келмей, көрші облыстарға, тіпті Ресейдің шекаралас облыстарына қымбат бағаға өткізеді. Тұрғындарға өз өніміміз жетпеген соң картоп пен сәбізді Қостанай, Павлодар облыстарынан сатып аламыз. Өткен жылы жергілікті тауар өндірушілерге форвардтық әдіспен сатып алуды ұсынсақ та, белсенділік танытқандар болмады. Өйткені Үкімет ұсынған форвардтық тәсіл бойынша сатып алу бағасы алдын ала белгіленіп, тауар өндірушілермен келісімшарт жасалып, қаржы ертерек аударылады. Баға құбылмалы болғандықтан, тауар өндірушілер өз пайдасын ойлайды. Соған қарамастан келесі айда картоп өсіруші шаруашылықтармен форвардтық келісімдер жасасып, күздегі картоп бағасын тұрақтандыруға кіріспекшіміз».
Бірер күн бұрын Ресейден жеткізілетін 400 тонна картоп тұқымы шекарада жіберілмей тұрып қалып, келіссөздер нәтижесінде шешімін тапты. Шаруалар минералды тыңайтқыш бағасына да алаңдап отыр. Өйткені еліміздегі минералды тыңайтқыштар өндіретін «Қазфосфат» және «ҚазАзот» кәсіпорындарындағы баға былтырға қарағанда екі есе өскен. Соған қарамастан ақтөбелік шаруалар «ҚазАзот» ЖШС-нан тыңайтқыш тоннасын 160 мың теңгеден сатып алып отыр.
2021 жылы Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін субсидиялауға 22,7 млрд теңге бөлінсе, оның 16,8 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен қарастырылды. Осы қаражаттың 14,4 млрд теңгесі жемшөп әзірлеуге бөлінді. Ақтөбе облысында 2021-2025 жылдарға ауыл шаруашылығы саласында 315,3 млрд теңгеге 75 ірі инвестициялық жоба қолға алынды.