Туризм • 25 Сәуір, 2022

Саяхат саласының соңғы трендтері

525 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Атакент» көрме орталығында дәстүрлі «Туризм және Саяхат» KITF-2022 20-шы халықаралық мерейтойлық көрмесі ұйымдастырылып, қазақстандық және шетелдік мамандар саладағы соңғы трендтерді талқылады.

Саяхат саласының соңғы трендтері

Пандемиядан кейін қайта жалғасқан биылғы іс-шараға Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев, Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Айдос Сәкенов, Алматы қаласы туризм бас­қармасының басшысы Сабина Амангелді және көрмеге қатысушы елдердің, атап айтқанда, Мажарстан, Индонезия, Иран, Оң­түстік Корея, Литва, Өзбекстан мем­лекет­терінің Бас консулдары мен бизнес-қо­­ғамдастық және туризм саласы­ның өкілдері қатысты.

Орталық Азиядағы ең ірі салалық көрменің біріне айналған «Туризм және саяхат» жобасына қызығушылық танытатындар мен көрмеге қатысушылардың саны жыл сайын артып келеді. 2001 жылдан бері өткізіліп келе жатқан көрмеге биыл әлемнің 18 елінен 211 компания өкілдері қатысты. Олардың ішінде Әзер­байжан, Беларусь, Германия, Грузия, Үндіс­тан, Индонезия, Италия, Испания, Қазақ­стан, Малайзия, БАӘ, Польша, Сло­вения, Таиланд, Түркия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан және Жапония елдері бар.

Көрме барысында Әзербайжан, Индо­незия, Қазақстан, Малайзия, Польша, Оңтүстік Корея өз елдерінің ұлттық стенд­терін ұсынды. Ал KITF 2022-де не­гізінен келу және ішкі туризмге ерек­ше назар аударылды. Іс-шарада Қазақ­станның барлық өңірі шетелден келген меймандарға еліміздің әрбір өңірінің тарихи құндылығы мен мәдени мұрасын таныстырды. Сондай-ақ көрмеде биыл алғаш рет Аджария аймағы, Беларусь Республикасы және Кельн қаласының туристік бағыты таныстырылды.

KITF-2022 мерейтойлық туристік сала­ның алаңында мамандар кейінгі жылдары сұранысы күрт артқан халықаралық туризм, ішкі туризм, медициналық және сауықтыру туризмі, MICE-іскерлік туризмі және шетелде жылжымайтын мүлік туралы ойларын ортаға салып, бір-бірімен тәжірибе алмасты. Мәселен, іскерлік іс-шара­лар бойынша сала өкілдерімен «тренд бағыттары» туралы дөңгелек үстел ұйымдастырылса, саяхатшылар клубы, медициналық туризм бойынша арнайы форум өткізілді.

– Биылғы көрме толыққанды офлайн көзбе-көз форматта өтіп, барлық карантин, визалық және шекаралық шектеулердің жойылуы ерекше қуантады. Көрме туристер мен туристік компанияларға өңіраралық және халықаралық салалық байланыстарды нығайту үшін сенімді алаң бола білді», деп атап өтті Ержан Еркінбаев. Вице-министрдің айтуынша, карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдетудің арқасында Қазақстанда бірқатар көрсеткіштің, соның ішінде ішкі туризмнің жақсарғаны байқалады. Мәселен, 2021 жылдың қорытындысы бойынша отандық туристер саны 6,9 млн адамды құраған. 2019 жылдың пандемияға дейінгі кезеңімен салыстырар болсақ, көрсет­кіштің екі есеге жақсарғанын бай­қай­мыз.

Сонымен қатар өткен жылы ұлттық саябақтарға келушілер саны өсіп, тарихи көрсеткішті тіркеген. 2019 жылғы статис­тикамен салыстырғанда олардың саны былтыр 300 мың адамға артып, 1,5 млн туристке жетті. Сондай-ақ былтыр ЕҚТА-ға, оның ішінде ұлттық парктерге келуші отандық туристердің де санының өсуінің тарихи көрсеткіші тіркелді.

– Әсіресе, Алматы кластерінің ұлттық парктеріне, атап айтқанда, Іле-Алатау (212 мыңнан 430 мыңға дейін), Көлсай (83 мыңнан 160 мыңға дейін) және Шарын (16 мыңнан 35 мыңға дейін) Ұлттық парктеріне келушілердің еселеп өскенін атап өткім келеді. Бұл – ұлттық парктерге турист тарту бойынша қабылданған зәкірлік инвесторлардың тиімділігінің бас­ты айғағы», деп атап өтті вице-министр.

Сондай-ақ Е.Еркінбаев еліміздегі орналастыру орындарының саны 172-ге артып, олардың бір жолғы сыйымдылығы 9 мыңнан аса өскенін мәлімдеді. «Мемле­кеттің едәуір ресурстары елдің туристік дестинацияларының инженерлік-ком­муникациялық инфрақұрылымын да­мытуға жұмсалып жатыр. 2021 жылы 59,8 млрд теңге сомасына 39 жоба қар­жыландырылып, бизнестің инвестициялық белсенділігі артқан. Мысалы, 2021 жылы 226 млрд теңге сомасына 100-ден астам инвестициялық жоба іске қосылған», деді ол.

Алматы қаласы туризм басқармасының басшысы Сабина Амангелді ұсынған дерек бойынша 2021 жылдың қорытындысында Алматыда туризм саласында көрсетілген қызметтер көлемі 27,9 млрд теңгені құрап, 2020 жылғы көрсеткішімен салыстырғанда 66%-ға артқан. Ал туризм саласына инвес­тиция көлемі 46,3% өсіммен 100,7 млрд теңгеге жеткен.

– Алматы – Қазақстанның ең ірі мегаполисі және келген шетелдік туристер саны бойынша абсолюттік көшбасшы. Қала іскерлік, экологиялық, мәдени-этнографиялық, тау шаңғысы туризмін, сондай-ақ отбасылық демалыс­ты дамыту үшін үлкен мүмкіндіктерге ие. Қазақстанға келген әрбір екінші шетелдік туристің Алматыға келетінін айта кету керек. Былтыр қаламызға кел­ген туристер саны 65%-ға өсіп, 1,2 млн туристке жетті, бұл республикалық көр­сеткіштің бестен бір бөлігі – 5,4 млн адам. 2025 жылға қарай 2,3 млн турист тар­туды жоспарлап отырмыз», деді С.Амангелді.

Кейінгі жылдары Қазақстан ішкі туризмге ерекше назар аудара бастады. Өйткені әлемдік аренада Қазақ­станның туристік әлеуеті зор. Қазақ­станға келетін туристерді тау шаңғысы курорттарындағы белсенді демалыс, экс­тремалды туризм (өзендер бойымен жүзу, тау шыңдарына шығу), сон­дай-ақ экотуризм және тарихи және мәдени көрікті жерлер, оның ішінде Ұлы Жібек жолының бойымен саяхат­тау қызықтырады. Сондықтан аталған көрме ұлттық туристік бағытты ілгерілету мен танымал етудің тиімді құралы. KITF шеңбе­рінде Қазақстанның 16 өңірі, оның ішінде Алакөл, Алматы облы­сындағы тау шаңғысы курорты, Баянауыл, Балқаш, Каспий теңізіндегі жағажай курорты, Щучье-Бурабай курорт­тық аймағы, Түр­кіс­тан облысы және басқалары жыл сайы­н өз тур­өнімдерін таныстырады.

KITF шеңберінде Президент тапсырмасына сәйкес Алматы агломерациясында туризмді дамыту жөніндегі Жол картасын әзірлеу бойынша Kazakh Tourism ҰК мен Kaz Alpine Club қоғамдық бірлестігі арасында туризм саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.