Сәбилердің ата-анасын алғашқы болып облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құттықтапты. Аймақ басшысының сәлемі мен нәрестелерге сый-сияпатты облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Сәбит Пазылов табыстады.
– Өңір басшысының «Дүние дидарына келіп, әулетті қуанышқа бөлеген бауыр ет балапандарыңыз еліне елеулі, ұлтқа адал қызмет етер азамат атансын. Шаңырақтарыңызды қуанышқа кенелтіп жатқан үшемдердің бауы берік, өмір жасы ұзақ болсын. Ата-анасының үмітін ақтайтын, болашағы жарқын, бақытты балалар болып өсіп, ер жетсін» деген тілегіне ризамыз. Жалпы, менің анам 9 құрсақ көтерген, мен үйдің кенжесімін. Кезінде анамның сыңары туа сала шетінеп кеткен екен, келіншегімнің нағашылары арасында егіздер бар. Сондықтан да былтыр дүниеге егіздер келгенде «тұқымда бар ғой» дескенбіз. Қазір олар аяғын апыл-тапыл басып жүр. Ал мына сәбилердің үшем екенін алғаш білгенде сенер-сенбесімізді білмей қалдық, – дейді қуаныштан толқыған Бақытбек.
Үшемдердің әкесі Бақытбек Қиясов жеке көлігімен жүк тасиды. Аналары Эльвира Әбдіғаппарова заңгерлік мамандығын баланың базарына айырбастаған бақытты жан.
Жасай беріңдер, қазақтың алтын құрсақ аналары!