10 Сәуір, 2014

«Тыңдалмаса – сөз жетім!»

699 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
10-04-OralТілшілер қосынына облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен телефон шалынып, осында қызмет жасайтын бас маман лаңкестік пен діни экстремизмге қарсы күрес комиссиясының отырысына қатысуымызды өтінді. Бардық, қатыстық. Мұнда лаңкестік пен экстремизмге қарсы оң қоғамдық сана қалыптастыру – бұл бағытта өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі жөнінде Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айгүл Есекенова және діни экстремизмнің алдын алу жөнінде Батыс Қазақстан облыстық дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметовтер қағаздан бас алмай құр, жалаң деректерді тізбелеп берді. Мұның екеуі де қапелімде ішін оңайлықпен алдыра қоймайтын, екінің бірінің тісі бата бермейтін күрделі мәселе деуге болады. Сондықтан да бұл арада пәленбай адамды қамтыған пәленбай шара өткізілді. Мынадай іс-шаралар жоспары жасалды. Осыншама ақпарат – насихат топтары құрылды деп қолда бар деректерді талғамсыз түрде тізбелей берудің қажеті шамалы болса керек. Әрине, оның бәрінің қажеттілігін жоққа шығаруға болмайды. Басты мәселе тиісті талдаулар мен сараптамалар және салыстырулар жасай отырып, аталған шаралардың қандай ықпалы болғанына ой жүгіртуде емес пе?! Әйтсе де, жоғарыда аталған басшылардың алдын ала жазылып алынған деректерді қағаздан бас алмай, сартылдатып оқып беруден әрі аса алмай жүргендері де батысқазақстандықтарға жақсы белгілі. Бұл жолы да солай болды. Сондықтан да оны отырысқа қатысқандар өте селсоқ тыңдады. Ал «тыңдалмаса сөз жетім емес пе?». Біздің ойымызша қағаздан бас алмау,  тіпті оған жабысып айырылмау – басшының терең зерделілігін, оның ой-өрісінің биіктігі мен кеңдігін таныта алмайды. Бүгінде республика облыстарындағы ішкі саясат пен дін істері жөніндегі жергілікті ведомстволарға жүктеліп отырған жауапкершілік өте жоғары. Аталған құрылымдардың қызметінің жүйелі әрі нәтижелі болуы көп жағдайларда иірімдері мен қия-қалтарыстары көп осы салалардың басы-қасында жүрген жетекшілердің сараптамалық қарым-қабілетінің деңгейі мен таным-түсінігіне, қоғамда әртүрлі ой-пікірлер туғызып жүрген лаңкестік пен діни ахуал төңірегінде белгілі бір құбылыстың оң немесе теріс жақтарына адамдардың көздерін жеткізе білулеріне байланысты. Осы арада жергілікті жетекшілердің алдын ала қағазға түсірілген деректер төңірегінен аса алмай, адамдармен тікелей әрі ашық үн қатысуға келуден кей жағдайларда бой тасалап жүретіні де олардың қызметінің тиімділігі мен пәрменділігін көтере алмайды дер едік. Иә, біліктілік талаптары мен көріністері жергілікті басшылардың өзінен басталғанына не жетсін! Тек сонда ғана олар өз қарауындағы мамандарға оң жол мен өнеге көрсете алары анық. Алайда, олардың таптаурындылық пен бірсарындылықтан және қағаздың көмегінен әріге аса алмай келе жатқаны қынжылтпай қоймайды. Әлбетте жүректен шықпаса, жүректерге жетпейді емес пе?! Темір Құсайын. Батыс Қазақстан облысы. Фото: Yvision.kz.