Аудандық Мәдениет үйінде өткен кездесу барысында ақпарат саласын дамыту, азаматтық қоғам, жастар және отбасы саясаты, дін, этносаралық қатынастар, қоғамдық сананы жаңғырту мәселелері талқыланды. Кездесуге Алматы облысы әкімінің орынбасары Б.Байжұманов, Талғар ауданының әкімі Қ.Әбдіханов, қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар мен этно-мәдени бірлестіктердің жетекшілері, аудан тұрғындары мен жастары қатысты.
– Елімізде азаматтық қоғам институттарын дамыту бойынша үлкен жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда республика бойынша әлеуметтік маңызды жұмыстармен айналысатын 22 мың үкіметтік емес ұйым бар. Мемлекет тарапынан барлық үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетілуде. Осы бағыттағы жұмыстарға Алматы облысының тұрғындары да белсенді үлес қосуда, – деді министр А.Омаров.
Мәселен, былтыр Алматы облысында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша 92 жобаға 199 млн теңге қаржы бөлінген. Биыл бұл сома 495 млн теңгені құраған. Бұған 112 жоба қатысатын болады. Өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге өсім бары байқалады. Әрине, бұл іс-шаралар азаматтық қоғамды дамытуға серпін беріп отыр. Осы жерде азаматтық қоғамның қалыптасуы мемлекеттің дамуында айтарлықтай маңызға ие екеніне басымдық беруі тиіс. Сондықтан да, министр
аудан тұрғындарымен кездесуде облыстық әкімдіктің азаматтық қоғамды дамытуға ерекше назар аударуы қажеттігін атап айтты.
– Қазіргі уақытта қоғамдық кеңестер құрамын нығайту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Кейбір өңірлер бойынша министрлік тарапынан сын бар. Бірақ Алматы облысы бойынша кемшілік жоқ, – деді министр еріктілер қозғалысына да ерекше мән беріліп жатқандығын сөз етіп.
Министрліктің маңызды жұмыс бағытының бірі – бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту екені белгілі. Мемлекет басшысының халыққа арнаған биылғы Жолдауында бұл бағытта айқын тапсырма жүктелді. Қазір сол бойынша бірқатар іс-шара қолға алынған екен.
– Біз қазір БАҚ туралы заңды қайта әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жақында «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты» алаңында Бас редакторлар клубының мүшелерімен кездесуде БАҚ-қа қатысты бірталай мәселе көтеріліп, ұсыныстар айтылды. Қазіргі уақытта медиа саласындағы заңнаманы жетілдіру үшін жұмыс тобы құрылып, жұмысын бастады, – деді министр.
А.Омаров сөз кезегінде Алматы облысында БАҚ-ты дамытуға баса назар аударылып отырғандығына да кеңінен тоқталды. Бүгінде өңірде 218 ақпарат құралы жұмыс істейтіндігін атап өткен министр сөз кезегінде мемлекеттік ақпараттық тапсырысты уақтылы өткізуді қамтамасыз ету қажеттігін де құлағдар етті.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тағы бір бағыты еліміздің Жастар саясатын жүзеге асыру болып отыр. Дерек бойынша, Қазақстанда 3,7 млн жас болса, оның 40 пайызы ауылдағы жастар екен. Ал Талғар ауданында ресми статистика бойынша елді мекенде 49 мың жас азамат тұрады. Қазір жастарды қолдау бойынша көптеген механизм мен жаңа жобалар жүзеге асуда. Айталық, «Алғашқы жұмыс орны» және Zhas Project жобалары, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттарымен қаржыландыру шеңберінде тиісті іс-шаралар жүзеге аспақ. Осы жобалар бойынша еңбекке араласып, кәсібін ашудың мүмкіндіктері мол екендігі де егжей-тегжей айтылды. Өткен жылы бизнесті жаңа бастаған жас кәсіпкерлерге 30 грант бөлініп, байқау жарияланған. Жобаға Алматы облысынан екі жас қатысыпты. Бірі Жамбыл ауданындағы Әсет Бейсеуов атындағы мектептің мұғалімі биомеханикалық протез дайындау үшін грант иеленсе, екіншісі жиһазды қайта қалпына келтіретін жобасы үшін грант ұтып алғандығын атап өтті. Грантты Президент өзі тапсырған.
Ресми жиыннан кейін министр А.Омаров аудан тұрғындарымен ашық диалогқа көшті. Министрмен кездесуге келген тұрғындарға сөз кезегі тиісімен ащы да болса ақиқатын іздеген маңызды мәселелердің тиегі ағытылды. Ол әрине, алдымен көпбалалы аналардың баспанаға қол жеткізе алмауы, үй алу кезегінің жылжымауы сынды жанайқайы болса, енді бірі ауыл жастарының жұмыссыз жүргендігін, кәсібін ашуға қолдау таппайтындығын алға тартты. Сондай-ақ қоғамдық кеңестің мүшелерін қайта сайлау, ауылдағы ҮЕҰ-ның мәселелері, аккредитация, тіпті жол мен ауыз судың проблемалары да еш кедергісіз министр назарына ұсынылды.
Кездесуде Талғар ауданының тұрғындары, танымал қаламгерлер Мұса Жанәділов, Қорғанбек Аманжолов, Бексұлтан Көлбаев, Тұрсынбек Жалғасбаев, Камнұр Тәлімұлы, кәсіпкер-ұстаз Найля Үмбетова дін мен тіл, аудандық газетке қатысты өткір де өзекті мәселерді жайып салып, нақты шешім қабылдауға ықпал етуді сұрады.