Осыған дейінгі конституциялық, мемлекеттік және саяси институттардағы дәстүрлі көзқарастар мен жүйелі бағыттар бүгінгі таңда түбегейлі өзгерген. Яғни әлеуметтік теңсіздіктерді жою, сөз бостандығы мен демократиялық заңдар аясындағы іске асырылып жатқан саяси транформациялау туралы Жолдаудағы жаңашыл бастамалар қоғамда жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Мемлекеттің өсіп-өркендеуіне, тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне жауапты мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген мекемелердегі жұмысшылар жалпыұлттық деңгейдегі әртүрлі жағдайларда өзіндік шешім қабылдап, жергілікті деңгейде өзін-өзі басқару, адал қоғам құру, қалалық және аудандық деңгейде халыққа қызмет етуші органдардағы басшы мамандарды әділетті сайлау сияқты тұғырлы ел болуға талпынған қабілетті қоғамды қалыптастыруға бағыт алды.
Әлемді әбігерге салған соғыс ошақтарының салдары мен бір-біріне шектеу салумен тірескен бұрынғы ынтымақтас елдердің бүгінгі алауыздығы өршіп тұрған заманда аумақтық тұтастықты қорғау – басты міндет екенін әр азамат сезініп отыр. Елімізге нақты қадамдар мен ұқыпты сұрыпталған саяси шешімдерді талап етіп отырған аумалы-төкпелі кезеңде, ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған игілікті бастамаларға қанық бұл Жолдау көпшілік қолдауына ие. Демек «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа алған Мемлекет басшысының алдымызға қойған тапсырмалары мен міндеттерін уақтылы жүзеге асыруды біз әл-ауқатты қоғам құруға қосқан үлесіміз деп тануымыз керек.
Бұл тұрғыда, ХХ-ХХІ ғасырлардағы Қазақстанның саяси-әлеуметтік тарихының құнды құжаттарын сақтап отырған Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві, еліміздің алдағы уақыттағы даму жолының стратегиялық, идеологиялық бағыттарын қалыптастырудағы өзіне жүктелген тарихи жауапкершілікті сезініп отыр. Осы орайда, архивтің алдында бірнеше кешенді іс-шараны жүзеге асыру міндеттері тұр.
Біріншіден, архивтік қызметтерді жаңғырту. Ең алдымен, архивтік құжаттар кешенінің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында оларды цифрлы жүйеге көшіру қарқынын арттыру.
Екіншіден, азаматтарымыздың ел алдындағы жауапкершілігін, халқымыздың тарихына деген құрметін арттыру, отансүйгіштік, ұлтжандылық қасиеттерін ояту мақсатында архивте сақтаудағы тарихи құжаттарды әйгілеп, насихаттауға бағытталған шараларды ұйымдастыру.
Үшіншіден, ғылыми айналымға енбеген құжаттық деректерді ғалым-зерттеушілер кеңінен қолданып, солардың негізінде тың тарихи еңбектер жариялауына жағдай жасау.
Осы көтеріліп отырған отандық архив саласындағы өзекті мәселелер Мемлекет басшысының Жолдауда айтып өткен, «біз ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, елімізді жаңғырту жолында ұйысуға тиіспіз» деген міндеттеріне сәйкес келеді.
Әлия МҰСТАФИНА,
Президент Архивінің директоры