«Жердің және табиғи ресурстардың иесі халық» деген норманы Конституцияда біржола бекітудің саяси мәні зор болмақ және болашақта бұл мәселені әртүрлі түсіндіруге жол берілмеуі керек. Осыған байланысты, Негізгі Заңның 6-бабын мынадай редакцияда беру ұсынылады:
«Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Мемлекет халық атынан меншік иелігін жүргізуге құқылы», деген Президент сөзін толық мақұлдаймын. Өйткені жер расында да халықтың игілігі екені рас.
«Конституцияда халықтың жер мен табиғи ресурстардың меншік иесі екендігі туралы норманың түпкілікті бекітілуі үлкен саяси мәнге ие болады, болашақта кез келген қарама-қайшылықтарды болдырмайды» деген Президент пікірінің мәні де тым тереңде жатыр деп пайымдаймын.
Негізгі Заңның осы бабының қазіргі ережелерінің түпкі мәні «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін», деген жолдармен нақтыланғаны жөн.
Конституцияның 6-бабының редакциясын өзгерте отырып, біз оны «мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген тұжырыммен түйіндеп, билік бүкіл Қазақстан халқына тиесілі деп айтылатын Конституцияның 3-бабына сәйкес келтіреміз.
Жерге қатысты барлық қағидатты мәселелерді, мемлекеттің шекарасы мен аумақтық тұтастығы мәселелерін Қазақстан халқы референдумда шешуге тиіс. Бұл ереже менің ойымша, Конституцияның 6-бабына енгізілуге тиіс. Қазіргі жер заңнамасына Қазақстан Конституциясының 6-бабының жаңа ережелеріне сәйкес өзгерістер мен толықтырулар енгізген жөн.
Президент жерге қатысты мәселелерді нық шегелеп айтты. Осы орайда біз байтақ даламыздың шынында да халықтың баға жетпес байлығы екенін ұмытпауымыз керек.
Марат СӘРСЕМБАЕВ,
Заңнама және құқықтық ақпарат институтының бас ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының докторы