Қазақстан • 26 Сәуір, 2022

Меншік иесі – халық

670 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалы­ғымен өткен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі кеңесте маңызды мәселелер қамтылды деу­ге толық негіз бар.

Меншік иесі – халық

«Жердің және табиғи ресурс­тардың иесі халық» деген нор­маны Конституцияда біржола бекітудің саяси мәні зор болмақ және болашақта бұл мәселені әртүрлі түсіндіруге жол берілмеуі керек. Осы­ған байланысты, Негізгі Заң­ның 6-бабын мынадай редакцияда беру ұсынылады:

«Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Мемлекет халық атынан меншік иелігін жүргізуге құқылы», деген Президент сөзін толық мақұлдаймын. Өйткені жер расында да халықтың игілігі екені рас.

«Конституцияда халықтың жер мен табиғи ресурстардың меншік иесі екендігі туралы норманың түпкілікті бекітілуі үлкен саяси мәнге ие болады, болашақта кез келген қарама-қайшылықтарды болдырмайды» деген Президент пікірінің мәні де тым тереңде жатыр деп па­йымдаймын.

Негізгі Заңның осы бабының қазіргі ережелерінің түпкі мәні «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануар­лар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады. Жер, сондай-ақ заңда бел­гі­ленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін», деген жолдармен нақтыланғаны жөн.

Конституцияның 6-бабының редакциясын өзгерте отырып, біз оны «мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген тұжырыммен түйіндеп, билік бүкіл Қазақстан халқына тиесілі деп айтылатын Конституцияның 3-бабына сәйкес келтіреміз.

Жерге қатысты барлық қағи­датты мәселелерді, мемлекеттің ше­карасы мен аумақтық тұтас­тығы мәселелерін Қазақстан халқы референдумда шешуге тиіс. Бұл ереже менің ойымша, Конституцияның 6-бабына енгізілуге тиіс. Қазіргі жер заңнамасына Қазақстан Конс­титуциясының 6-бабының жаңа ережелеріне сәйкес өзгеріс­­­тер мен толықтырулар енгізген жөн.

Президент жерге қатысты мәселелерді нық шегелеп айтты. Осы орайда біз байтақ дала­мыздың шынында да халық­тың баға жетпес байлығы екенін ұмытпауымыз керек.

 

Марат СӘРСЕМБАЕВ,

Заңнама және құқықтық ақпарат институтының бас ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының докторы