Қоғам • 26 Сәуір, 2022

«Қасіретті қаңтар»: Ұрлыққа барғандардың көбі – алғаш рет заң бұзған жастар

221 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда қаңтар оқиғасы бойынша тергеу органдарының өндірісінде 5 041 қылмыстық іс бар. Оның 49-ы жаппай тәртіпсіздікке қатысты тіркелсе, 45-і – терроризм актісі. Бұл жөнінде Орталық коммуникация қызметінде өткен брифингте Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлімдеді. Ал ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов полиция органдары үшін қаңтар қырғынына байланысты әр ақпараттың маңызды екенін жеткізді.

«Қасіретті қаңтар»:  Ұрлыққа барғандардың көбі – алғаш рет заң бұзған жастар

«Қасіретті қаңтарға» байланыс­ты қылмыстық істердің тергелу барысы туралы соңғы мәліметтермен бөліскен Елдос Қилымжанов жаппай тәртіпсіздіктер мен терроризм ак­тілері Алматы мен Шымкент қа­ла­­ларында, сондай-ақ Ақтөбе, Аты­рау, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелгенін айтты. Мәселен, Шымкент қалалық прокуратурасы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде дүние-мүлікті қиратып, көліктерді өртеген 8 күдіктінің ісін сотқа жіберген. Ал Қызылорда өңірінде дәл осындай айып­­пен 7 адамның ісі сотқа жолданған. «Кү­діктілердің кінәлары бейнежазба арқылы толықтай дәлелденіп отыр», деді ол.

Брифингте Бас прокуратура өкілі бұл қылмыстық істердің сотта қаралу ерекшеліктеріне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, егер күдікті айыптау, дәлелдемелерге және келтірілген залал көлемімен дауласпаса, сондай-ақ жазаның түрі мен мөлшерімен толық келіссе, кінәні мойындау туралы ке­лі­сім жасалады. Мұндай істер сотта 10 күн ішінде қаралып, жаза мөлшері ең жоғары мерзімнің жартысынан аспайды. Е.Қилымжановтың мәлімдеуінше, дәл осы келісім бойынша 3 адамға бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындалған.

Ал жалпы қаңтар оқиғасына қа­тысты сотқа 265 қылмыстық іс жол­данса, 243 адам сотталып, тағы 585-і кү­дікті ретінде қамауда отыр. Е.Қи­лым­­жанов олардың барлығы жаппай тәр­тіпсіздік кезінде қирату, ғима­рат­тарды өртеу, қару ұрлау, мем­ле­кет­тік және құқық қорғау органдары ғимараттарына қарулы шабуыл жасауға «белсенді түрде қатысқанын» айтады. «Қамауда отырған әр күдіктіге қа­тысты мәліметтер жеткілікті. Бұл де­ректер олардың осы қылмыстарға қа­­тыс­тылығын айғақтап береді», дей­ді ол.

Бұдан кейін спикер Алматы қала­сы әуежайына шабуыл жасаған кей­бір қылмыскерлердің рөлі туралы тү­сіндіріп өтті. Оның айтуынша, 5 қаң­тарда жанында бірнеше жақтасы бар «Н» есімді азамат әуежайдың ұшу-қону жолағының жарығын әдейі өшіріп тастаған. Соның салдарынан ішінде жолаушылары бар бірнеше ұшақ ұшу-қону жолағында 10 сағаттан артық тұруға мәжбүр болған. Ал дәл осы сәтті пайдаланған қарулы топ әуежай ғи­маратын қиратып, тонай бастаған. Кейіннен «Н»-нің іс-әрекеттері терроризм актісі, яғни Қылмыстық ко­дек­стің 255-бабымен сараланып, оның қылмысқа қатыстылығы толық дәлел­денген.

Е.Қилымжанов тергеу барысында қаңтар оқиғасын ұйымдастырушылар мен қатысушыларын анықтауға ерекше мән беріліп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл екі санаттағы адамдарды жауапқа тарту жұмыстары әлі де жалғасуда. Мәселен, Талдықорған қаласында әлеуметтік желі арқылы 5 қаңтар күні 400 адамды жинап, оларға облыс әкімдігін басып алу үшін толық нұсқау берген қос күдікті ұс­тал­ған. Оның бірі бұрын сотты болған. Орталық алаңға ұйымдасқан түрде шыққан осы топ жолай тас және металл кесінділермен қаруланған.

«Агрессивті топ қолдарындағы құ­ралдардың көмегімен полицияның қоршауын бұзып өтіп, облыс әкім­ді­гінің ғимаратын өртеп жібер­ді. Ал бұл «жетістіктерімен» тоқтамаған екі ұйым­дастырушы бұл топқа тағы 500 адамды қосып алып, бар­лы­ғы Тал­дықорған қалалық полиция бас­қар­масын басып алуға барған. Жаппай тәр­­тіпсіздік кезінде полиция ғимара­­­тының 80 пайызы жойылды», деді спикер.

Бірінші қызмет басшысының орынбасары сондай-ақ тергеу кезінде аза­мат­тардың құқықтарын сақтау мен заңдылықты қамтамасыз етуге ерекше назар аударылып отырғанын жеткізді. «Тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолдануға қатысты барлық факті бо­йын­ша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүр­гізілуде», деген Е.Қилымжанов кей­бір арыз иелерінің азаптаулар тура­лы шағымды қорғану мақсатында жа­са­­ғанын да алға тартты.

«Мысалы, Жамбыл облысында 5 қаңтарда «Б» есімді азамат өзгелерге еріп, мемлекеттік объектілерді өртеген, одан кейін полиция департаментінен «Калашников» автоматын, «Макаров» тапаншасын, 2 аңшы қаруы мен 3 травматикалық тапаншаны ұрлап кеткен. Күдіктінің бүкіл қылмысы бей­некамераға жазылып қалған. Алайда ұс­талғаннан кейін ол «полиция қыз­мет­керлері мені азаптады» деп арыз түсірген. Бұл факті бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тәуелсіз адвокаттың қатысуымен тергеп-тексеру жүргізді. Ыстанбұл хаттамасы секілді азаптауларға қарсы адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық стандарттарға сәйкес психологиялық-психиатриялық са­рап­­тама да тағайындалды. Нәти­же­сінде, күдіктіге қатысты тергеу ор­ган­­дарының қандай да бір пси­хо­ло­гия­лық қысым жасамағаны анық­тал­ды. Сондықтан іс қылмыс құ­ра­­­мының болмауына байланысты тоқтатылды», деп мәлімдеді ол.

Бұдан бұрын өткен брифингте Бас про­куратура Қызылорда, Атырау, Шым­кент және Тараз қалаларында бол­ған террористік шабуылдар туралы жан-жақты мәлімет берген еді. Бұл жолы Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарындағы оқиғаларға кеңінен тоқ­талған Е. Қилымжанов қанды оқи­ға кезінде ажал құшқан адамдар тура­лы әр ақпараттың жіті тексеріліп жат­қанын айтты.

Спикердің хабарлауынша, қаңтар оқиғасы кезінде Алматы облысында 16 адам қаза болған. Оның 5-уі құқық қорғау органдарының қызметкері. Ал Шығыс Қазақстан облысының екі ірі қаласында бір уақытта болған шабуыл­даушылар мен полицияның қақ­тығысынан 124 полиция мен Ұлт­тық ұлан әскери қызметкері жара­қат­танған. Жалпы саны 2500 адам қатысқан қақтығыс кезінде агрессивті топ Семей қалалық әкімдігін басып алып, полицияның 12 көлігін қиратып кеткен. Өскеменде шабуылдаушылар әкімдік, «Халық банкі», «Сулпак» дүкенін, коммерциялық дүкендерді қиратып, 10 қызметтік көлікті төңкеріп тастаған. Мұнымен тоқтамаған олар «Бекет-2» стационарлық полиция бекетін түк қалдырмай қиратып кетті. «Осы оқиғалар кезінде өңірде 7 адам қаза тапты. Полиция департаментінде қаза болған 3 адамның өлімі бойынша тергеуді Бас прокуратураның арнайы прокурорлары жүргізуде. Сондай-ақ 4 адамның ажалына қатысты істі полиция органдары тергеуде», деп мәлімдеді Е.Қилымжанов.

Сөзінің соңында ол қаңтар оқиға­сын тергеу кезінде анықталған жаңа мәліметтер мен мән-жайлар туралы халыққа дер кезінде ақпарат беріле­ті­нін, сол себепті тек ресми деректерге се­нуге және жалған ақпарат таратпауға шақырды.

ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділовтің мәлім­деуінше, қаңтар оқиғасы ке­зінде ұрлық пен тонаудың ең көбі Алматы қаласында тіркелген. Бұл қалада 2 мыңнан астам дерек анықталса, Ал­маты облысында – 204 және Жамбыл облысында 23 факт тіркелді. Дүкен, компания кеңселері, мейрамхана, банктер мен ірі сауда орта­лықтары – барлығы 1 502 бизнес нысаны тоналған. С.Әділов белсенді азаматтардың көмегімен бірқатар қылмыстың ашылғанын да мәлімдеді.

«Қазіргі таңда тергеушілер 410 айып­талушыға қатысты 261 қыл­мыс­тық істі сотқа жолдады. Мұндай іс­тердің ең көбі Алматы қаласының «ен­шісінде» – 185, Алматы облысында – 49, Жамбыл облысы және Көліктегі департаментінде – 10, Қызылорда және Түркістан облысы бойынша 4 іс бар. Тергеу материалдарын талдау кезінде ұрлыққа барғандардың дені алғаш рет заң бұзған жастар екені анықталып отыр. Мұндай кезде олардың жеке басы және оң сипаттамалары ескеріле отырып, бас бостандығынан айыруға байланысты емес бұлтартпау шарасы қолданылады», деді ол. ІІМ өкілінің айтуынша, бүгінде осы негіздер және келтірілген залалды өтеу бойынша 326 күдікті қамаудан босатылған.

Қазіргі уақытта ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісіндегі қыл­мыстық істер бойынша 155 адам қа­­мауда отыр, олардың барлығы ауыр және аса ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілінгендер. Соны­мен қатар прокуратура мен полиция қыз­мет­кер­лерінің түсіндіру жұ­мыс­та­рының нәтижесінде ел тұр­ғын­дары 142 қару-жарақты ерікті түрде тапсырған. Ал қаңтар қырғыны кезінде қолды болған қарудың 1480-і, оқ-дәрінің 35 мыңнан астамы табылып, тәркіленген.

Брифингте С.Әділов «Қасіретті қаң­тарда» аяусыз соққыға жығылып, әлі күнге дейін ауруханада емделіп жатқан полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілер жайында да мәлімет беріп өтті. Естеріңізде болса, бұған дейін қаңтар оқиғалары кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау бо­йынша міндеттерін орындау барысында күштік құрылымның 3 мыңнан астам қызметкерінің жарақаттанғаны жөнінде хабарланған болатын. Олар­дың ішінде 58-інің сүйегі сынып, атыс қаруы және пышақтан ауыр жа­ра­қаттанған. «Қазіргі таңда ауыр жарақат алған 14 полиция қызметкері әлі ем қабылдап жатыр», деген ІІМ өкілі олардың арасында отбасының жал­ғыз асыраушылары да бар екенін айтып өтті.