атрларының арасынан тарихта тұңғыш рет А.Чехов атындағы дүниежүзілік театр байқауына жолдама алған, ТМД, Балтық, Грузия елдері арасында Ташкентте өткен халықаралық Жастар форумына қатысып алыс-жақын шетелге танымал болып үлгерген «Құлагер» спектаклі әлі талай қою шаңның арасынан қара үзіп жеке-дара келетін қуатын толықтай танытып отыр.
Театр өміріне тың серпіліс әкеліп, шығармашылық табыспен жүріп жатқан соқталы қойылымды жақында қайыра бір тамашалаудың мүмкіндігі туды. Атақты «Гималайында» «Аспанның төсін арда еміп» деп өзі жырлағандай, Ілиястың арда еміп өскен ауылы – Ойтоған. «Күй», «Күйші», «Дала» секілді өлеңдерінде ұлттық ұғымның байлығын бейнелеген сәтті суреттер, қыруар теңеу, табиғат көріністерінің жарқын бояуын жырлаған дүлдүл ақын ең алғаш осы сұлулықтың бәрінің жұпар иісін, дәмін, қасиетін өзі туған ауылдың ауасымен бірге сіңіріп өсті. «Қыран ғана самғап шығатын биікке Ілияс қалай қалықтап шықты?» деген сұрақ туғанда, ең алдымен құдай берген талантына қоса, бойына дархан дарын дарытқан туған жерінің шексіз құдіреті қолтығынан демегені анық.
Адал жүрегінен ақтарылып шыққан ақиқат жырларының қайнар-бастауы, түгін тартса, майы шығатын Жетісудың жеті өзенінің бірі, тасқын суы сарқыраған арынды Ақсуды жағалаған жұрт ішінде Ілияспен бір ауылда туғанына мақтанбайтын қазақ жоқ. Ілиястың прозасы мен поэзиясындағы прототиптерді, жер-су атауларын жазбай танып отыратын ауылдағы кәріқұлақ қариялардың көзі кеткенімен, шығармаларына шырақшы болған ұрпақтан, сабыла іздеп, сағынып жырға қосатын өрендерден Ілияс туып-өскен ауыл ешқашан кенде болған емес.
Ақынын іздеген, алыста жатып «Құлагер» қойылымының дүбірін естіп, дөңбекшіп жата алмай Алматыны бетке алған сол ақсулық азаматтардың бір шоғыры жастар театрының жетекші қойылымына айналған туындыны арнайы келіп тамашалады. «Сен Алматыдасың ғой, өзің де ауылымыздың бір баласысың, қалмай кел, – деді «Бөрібай» қоғамдық қорының төрағасы Берікбол Қасымов спектакльге келгенімді қатаң тапсырып жатып. – 1972 жылы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қойылған ақын Құдаш Мұқашевтың «Дала дастаны» спектаклінен кейін елу жылдан соң Ілияс атамыздың үлкен сахнаға шығып тұрғаны осы. «Құлагердің» қойылғанын естіп тұрып, жата алмадық. Ақсудан бір топ делегация келіп, республикалық деңгейдегі театрдың сахнасына шығарған режиссерге Ілиястың ауылдастарының атынан алғыс айтып, өнерлі азаматтарды марапаттағымыз келеді».
Алғашқы әсер бөлек те, араға уақыт салып, суытып барып көрген спектакльдің сыйлайтын сезімі, оятар ойы тым басқа. Әлбетте, театрға келген қарапайым көрермен «Құлагер» қойылымын «ат туралы спектакль» деп келетіні анық. Жылқы бейнесіне жасырылған тарпаң қазақтың мінезін соңыра барып таниды. Астындағы атын баладай өбектеген Ақанның Құлагерінен айрылғандағы қасіреті арқылы таланттардың топшысынан қаққан қоғамның әділетсіздігін сипаттаған спектакль басталған сәт. Аламан бәйгенің алдын бермеген Құлагерін жетектеп Сағынайдың асына келген Ақанға деген елдің көңілі алабөтен. Ежелгі дәстүр бойынша астың алдында ата салтымен аруақтарға Құран оқылып жатқанда, Ақанның келгенін ту сыртымен сезіп отырған жұрт аят пен сүренің соңына қарамай, қолымен бетін сипап үлгермей жатып серіге сәлем бермекке жүгіріп алдынан шығады. Ақтық сапарға аттанған адамның артынан жасалатын көне ғұрыптың салтанат-сәні жетіп артылатыны белгілі, бірақ басы артық декорациясыз, қызылды-жасылды фольклорлық элементтерсіз-ақ қазақтың бай дәстүрі мен салты сахналық минимализмге сыйып кеткен. Режиссер астағы оқиғаны сюжет етіп ала тұра, «торқалы той, топырақты өлім» дейтін қазақтың астың өзін тойға бергісіз өткізетін салтанат-салтының бірін де кірістірмеген, соған қарамастан, сахнада ұлттық тұрмыс-тіршіліктің барлық бедер-нақышы тұтастай қамтылған. Фархад пьесаның инсценировкасын жасағанда Жансүгіров поэмасының мәтінін көп өзгертпеген, солай бола тұра, кейіпкерлердің аузында артық сөз жоқ, поэмадағы Ілиясқа ғана тән екпінді жыр шумақтары, аллитерация, ассонанс, гипербола дейтін көркем тәсілдің орнына режиссер пластиканы, хореография мен музыканы пайдаланып, шешімді осы төңіректен табуға тырысады.
Асқа жиналған жұрт қақ жарылып, жартысы Ақанның жанына топтасып, жартысы Батыраш бағланның шашбауын көтеріп әлек. Жиналған жұрт Ақан әкелген атты келекелеп, мазақ етіп жатқанда, сыртынан баспалап келіп, тұрқын байқаған Күреңбайдың «...Жаман сұры!» деп шошынып селт еткізетін сұмдық сөзі алдағы тартыстың салмағын аңдатқандай. Бес жыл бойы бәйгенің алдын бермеген Батыраштың жал-құйрығы келіскен Көктұйғыны адам тілімен сөйлей алмағаны болмаса, театрдың белді актері Ерлан Кәрібаевтың шебер сомдауы нәтижесінде «бәйгемді шаппай бер» дейтін сұлу жүрісіне көрермен еріксіз арбалады. Әсіресе бауыры жазылып шапқан сәйгүліктердің бәйгесін бейнелеген сахна – ұлттық театр режиссурасындағы тың тәсіл. Жоғарыдан арқанға байланған тұяқтарды түсіру арқылы топ аттың тұяғының дүбірін бергені, аламан бәйгедегі Құлагер мен Көктұйғынның бірде озып, бірде қалып, кейде құйысқан түйістіріп қатар шапқан делебе қоздырар жарысы вокалмен, музыкамен сүйемелденгенде, әсері тіпті үстемеленіп, арасында қиқулап отырған көрермендер де болды. Сахнада тартыс-талас, күрес-қақтығыс болмайынша, оқиға шиыршық атпайды. Спектакльдегі қақтығыс – Батыраштың Құлагерге қастандық жасағаны. Қарақшының қолынан мерт болған жүйрігін жоқтаған Ақанның зары мен күйініші Ерден Жақсыбектің сай-сүйекті сырқырата шырқаған «Маңмаңгер» әнімен үйлесімді естілгенін атап өткен орынды. Ақын поэзиясына тән арындылық пен тегеурінділікті режиссер тіпті тереңдетіп, әріге сілтеген. Спектакльде эпостық атмосфера бар. Құлагердің екпін-қуаты әр сахнадан сезіледі.
Құлагерді көргеннен көңілін күйік шалып, қабағы ашылмай, иығына ілген қамқа тоннан ауыр қозғалатын Батыраштың бейнесі Рахман Омаровтың кейіптеуінде тым салмақты. Бірақ байсалды мінез Құлагерді көргенде байыз таппай аласұрады. «Спектакльде мен екі рет «қап-қап» деймін. Бірі басында, бірі соңында айтылатын осы екі «қап-қаптың» арасында Батыраштың бар болмысы көрінеді. Менің кейіпкерім де мыңғыртып мал айдаған бай, жылқы танитын қазақ. Бірінші рет Көктұйғын атыма Көкшеден келген кеселді көріп тұрып, ішімді іштарлықтың қызыл құрты тырнап «қап» деймін. Екінші рет спектакль соңында Құлагерді омақастырған соң өкініш өзегімді өртеп «қап» деп опынамын. Батыраштың өкінетін себебі, ол тарихта мәрттігімен аты шыққан мырза адам болған. Жақсының қадірін білген, жағалата сый берген, мыңдаған адамды жомарттығымен жарылқаған еліне қадірлі азамат. Қазіргі біздің түсінігімізде – меценат. Алайда Құлагердің шын жүйрік екенін көргеннен кейін талай жыл көзге басса да, қолы жетпеген жануарға қызғанышы оянған Батыраш амалсыз арам әрекетке барады» дейді актер кейіпкержандылығын көрсетіп. Спектакльдің шарықтау шегіне жеткенде, Құлагер Батыраш байдың қарақшысының қолынан жазым болып, жан тапсырғалы жатқанда, тұлпарға кенет тіл бітіп, өзінің классикалық монологына қоса, Сұлтанмахмұт пен Мағжандардың өлеңдерінен үзінді оқиды. Қойылым арқалаған мұраттың түйіні де осы арада шешіледі.
Поэманың 1936 жылы жазылып, алғашқы тараулары нақ осы жылдары жарыққа шыға бастағанын ескерсек, бұл нағыз репрессия машинасының ұлт майталмандарын аяусыз турап жатқан кезеңі. Әдебиет пен өнерге таптық тұрғыдан қарайтын кеңестік кезеңде Ақан сері образына көбірек мән беріліп келді, ал режиссер Құлагер бейнесіне тұңғыш рет тарпаң таланттардың ешкімге бас имеген өршіл рухын жинақтап көрсетті. «Қазақ –
ол Құлагер. Біз Құлагер образы арқылы қазақтың шын жүйріктерін көрсеткіміз келді. Қазақ пен жылқы – егіз, екеуі ажырамастай бір ұғым. Құлагер – сталиндік террордан зардап шеккен Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Міржақып Дулатов сияқты тарихи тұлғалардың символы» дейді Фархадтың өзі. Құлагер – биікке ұмтылған адамдардың жинақталған бейнесі. Ал ондай адамдарға тасада тұрып оқ атып, тобығынан қағатын зұлым жандар мен әділетсіз орта қашан да табылады. Ол тек шығармашылық адамдары емес, оза шауып бәйге алған спортшы да, әлемге ұлы жаңалық әкелген ғалым да болуы мүмкін. Ілияс ақынның ажалы да өзі жырлаған Құлагердің ажалына ұқсас болып шықты. Құлагер-тағдыр кешіп қапыда кетсе де, ірілігімен, ісімен, батырлығымен ел есінде қалған ерлер ешқашан ұмыт болмайды.
«Құлагер» қойылымына ақсулық делегацияны бастап келген ауданның қадірлі азаматы Берікбол Қасымов, Ойтоған ауылының әкімі Венера Берікқызы, елінің көркеюіне еңбегі сіңген білікті басшы Роза Кәрібжанова, облысқа танымал белді кәсіпкер Сабыр Қадырұлы, белгілі суретші-шебер Естай Даубаев және Ілиястың ұлы Болат Жансүгіровтің жары Қарлығаш, қызы, Генетика және цитология институтының бас директоры Ләйлә Жансүгірова қатысты. Б.Қасымов дара тұлғаны бір ғана қойылыммен көрерменмен қайта қауыштырғаны үшін театр басшысы Талғат Есенәлиевке Ақсу ауданы әкімінің Алғысхатын, режиссер Фархад Молдағали мен Рахман Омарға «Бөрібай батыр» медалін, ал қойылымға қатысқан өзге әртістерге «Ілияс Жансүгіров» төсбелгісін табыстады. Ақсулық өнерпаз Ербол Оразбеков жырдан шашу шашып, өнер мен мәдениеттің мәуелі бағындай ұлы мәртебелі театрға туған жердің ыстық ықыласын арнау айтып жеткізді.