Руханият • 26 Сәуір, 2022

«Сәкен ағам елестейді көзіме...»

457 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
«Сәкен ағам елестейді көзіме...»

Қайда көшіп Ай барады?

Білмеймін...

Тұман басты айналаны...

Білмеймін...

Кіріп барсам аупарткомның үйіне,

Басым неге айналады –

Білмеймін...

 

Әрі аттадым,

Бері аттадым...

Кірмеймін!

Алла ма, кім – жаратқаным?! –

Білмеймін...

Аупарткомның хатшылары ашулы.

Неге ашпайды қабақтарын?!

Білмеймін...

 

Түк шабыт жоқ.

Салқын ойлар санамда.

Поштабайдың екі қолы – жағамда.

Аға сұлтан бола алмаған Шоқандай,

Тап болыппын алмағайып заманға.

 

Ұлысқа ие болсам дейтін баланы,

Учасковый иығымен қағады.

Жер түбінде – жүгінетін Жезқазған,

Тоқырауын...

Баста – тоқырау заманы.

 

Лап еттім де көкірегіме

түскенде от,

Іштім, сонсоң...

Бостан-босқа ішкем жоқ:

Өзі – ақын, өзі – обкомның хатшысы,

Көкеміздің көзіне де түскем жоқ!

 

Тентегі мен телді салып тезіне,

Құл-құтанды тәнті қылған өзіне –

Совнаркомның төрағасы, тәкаппар,

Сәкен ағам елестейді көзіме.

Қызыларай-Шатырша таулары мен Ақжарық-Тоқырауын өзендерінің саясынан сайғақ құрлы сая таппай, егіліп жүрген кезім... Күндердің бір күнінде Жезқазған Қарағандыдан енші алып, облыс орталығына айналды да, обкомның екінші хатшысы болып Кәкімбек Салы­қов сайланды. Қазақ жырын Қасымнан кейін қайта түлеткен Қадыр, Тұманбай, Сағи, Мұқағали, Өтежандарға ілесе кел­ген Кәкімбек Салықов бір күнде Совет­тің ірі шенеуніктерінің біріне айналып шыға келді...

Алаштың аталы сөзі құлағына кіріп, құлқына жақпайтын сондағы аупарт­комның хатшыларынан бастап, совхоз директоры, бөлімше меңгерушісіне дейін обком хатшысы Кәкімбек Салықов­тың өлеңдерін жатқа айтады! Егер сол кезде, жаман айтпай жақсы жоқ, осы Кәкең ЦК-дан бір-ақ шыққанда, бүкіл Қазақстан сонау Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбеттерден бастап, Мұқағалиға дейін аралықтағы қазақ жырын бір кісідей жаттап алатын ба еді, қайтер еді?!

Бұрын ақын көрсе, ата жауын көр­ген­­дей болатын аупарткомның нұсқау­шылары:

– «Қазақ әдебиетінің» пәлен деген санында біздің Кәкеңнің өлеңдері шығыпты! – деп отыратын болды. Тіпті облыстағы аупарткомның бірінші хатшыларынан совхоз-совхозға «Әрбір отбасында бір-бір «Жұлдыз» журналы болатын болсын» деген нұсқау түсіп­ті деседі... «Жұлдыздың» тиражы 300 мыңға жеткен! Сәкен, Ілияс, Бейім­беттер ақталғанда осындай бір дүбір болғандай... Ақтоғайға бір күні Қасым Қайсенов келіп саңқылдаса, бір күні Оспанхан Әубәкіров келіп, жұртты қыран-топан күлкіге батырып жатты. Жезқазғанда сондай бір заман болған...

...Ақын сырлас досы дүниеден озып, күйбең тіршілікпен жаназасына қа­ты­са алмай, біраз уақыт өткеннен кейін туғандарына көрініп қайтайын деп досы­ның ауылына келеді. Досының үйі­не келсе, есігінде қара құлып тұр... Көр­шісі «ауылдың сыртында үлкен көл бар, досыңыз дүниеден озғалы бері анасы сол көлдің жағасында отыр» дейді. Көлге барса, жағада жалғыз әйел отыр, қарама-қарсы жалғыз аққу жүр екен. Аққу қайғылы үнмен қаңқылдаған са­йын, әйел зарлана жылайды. Осыны сырт­тай бақылаған Кәкімбек Салықов «Жылжиды аққу» өлеңін жазады.

«Сырғиды аққу айдында... сыр­ғымайды...».

– Өй, мынау обкомның хатшысы қалай-қалай сілтейді ей?! – дейді ақын Дәуітәлі Стамбеков Алматыдан телефон шалып.

– Несін айтасың, ғажап болып тұр! – дейміз біз.

– Сен танисың ба оны?

– Жоқ.., – деймін күмілжіп, райком, обкомдардан именіп жүретін мен байғұс...

Жез қанат, күміс бауыр киік көрдім,

Дәруі сол ма дерсің күйік шердің.

Жез марал жүреді екен арасында,

Қаптаған Бетпақтағы киіктердің.

 

Жезкиік, біздің жаққа қалай келдің,

Жолымды тіке кесіп жанай бердің.

Адамның көздеріндей екі көзің,

Япырмай, дәтім шыдап қалай көрдім.

Дәл саған құрмап па еді

торды ешкім.

Ғайыптан душар болдың

Сорды кештің.

Жан едім мен де сертшіл

далада өскен,

Сен-дағы жалтармадың

жолды кестің.

 

Асықпа,

Көрейінші жөндеп қана,

Кетпесін жаңа тиген меңдеп жара.

Ет кесіп өз етімнен берсем-дағы,

Жөніңе жіберейін емдеп қана, –

 

Дедім де

Қоя бердім, ұстамадым.

Қасымда қал – демедім.

Қыстамадым.

Тілеймін суық жақтан есен қайтып,

Жылы құм мекенінде қыстағанын.

 

Түс тербеп

Жаздың мөлдір, қысқа таңын,

Тұзақтап Жезкиікті ұстатамын.

Баяғы қызыл ішік киген қызға,

Жез камзол сол киікті ұқсатамын.

 

Құмарым қайта көріп қанар ма екен,

Әл бітіп салқын жүрек

жанар ма екен?!

Болмаса суық қолды бір сұм мерген,

Дәл көздеп киікті атып

алар ма екен?!

 

Сұлуды адам жаны қимайды екен,

Беймезгіл еске түсіп қинайды екен.

Жезкиік, сені аңсаған кездерімде,

Бір өзім кең далама сыймай кетем,

Бір өзім Сарыарқама сыймай кетем.

Кәкең көрген Жезкиікті біз де көрдік. Бірақ Кәкеңнің көзіне іліккен киіктің керемет кербез болмыс-бітімі, мүлде, бө­лек. Бір өзі – бір Жезқазғанның симво­лындай, «Баяғы қызыл ішік киген қыз­дай, жез камзол киік» бұл! Осы­нау ғажайып сиқыр өлеңнің авторы Жез­қазған обкомының хатшысы екенін білгенде таңқалған үстіне таңқалып едім. Сол «Жезкиік» әнге айналып, Атырау, Арқа, Алатау, Алтайдың арасын шарлап жүр! Корольдің құпия кеңесшісі Иоганн Вольфганг фон Гёте алғашқы һәм соңғы өлеңін әйелзатының сұлуына бағыштаса, Кәкімбек Салықов алғашқы өлеңін Алаш анасына арнады. Алаш оның көзіне біресе – Жезкиік, біресе – Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Біржан сал, Тәттімбет, біресе – Сәкен, Қаныш, Евней, біресе – Күләш, Бибігүл, Фариза болып елестеді.

Кәкімбек Салықов қолда бұғау, аяқта кісен тұрған тоталитарлық қоғамда, жат жұртқа кіріптар болған кезімізде қазақ жырына ғажайып бір құбылыс болып келді. Жезқазған обкомының хатшысы, Қарақалпақ ЦК-ның бірінші хатшысы, Мәскеудегі Жоғарғы Кеңесте, тағы сон­дай мәртебелі қызмет атқарған комму­нист кісінің қабағы суық, қатыгез қо­ғам­­да ет жүрегі елжіреп, өлең жазып, айдын­­дағы азалы сыңар аққу мен Жез­қаз­­ғандағы жезкиікті, ділінен жұ­пар аңқы­­тып, тілінен бал сорғызған Алаш­тың ару­­ларын жырлауы маған, сол кезде, ақыл­­ға сыймайтын көріністей көрін­гені әлі есімде. «Сәкен ағам елестейді көзіме...»

Сол Кәкеңмен бертінде, ол кісі қыз­мет, мансаптан әбден суынып, жүзін Абай атасынша өлеңге, өнерге бұрған кез­де кездестім. Шенеунік атаулыға бір же­рі ұқсамайды. Кешегі Ақан сері, Бір­жан сал, Иманжүсіп, Тайжандардың тірі кө­зіндей! Қалайша хатшы болған бұл кісі?! Арқасына аруақ қонған Бір­жан сал мен Ақан серілер Алланың алқа­уымен қайта тіріліп келсе...сол заманда обкомның хатшысы болмақ түгілі, колхоздың басқармасы да бола алмай, не 32-нің аштығында немесе 37-нің ойранында «халық жауы» атанып, шәйіт болар еді! Кәкімбек көкемді Құдай сақ­тады! 32-нің аштығында бесікте жат­қан сәби, 37-нің қырғынында небәрі бес жаста, Екінші дүниежүзілік соғыс ке­зінде тоғызға ғана тұяқ іліктірген; Ста­лин дүниеден қайтқанда, мұрты тебін­деген жігіт, соғыстан бүлінген халық шаруашылығын қалпына келтіру кезінде инженер мамандығын алып, азаматтық өмірін бастады.

Адамзаттың әр түрлі қоғамдық фор­ма­циялары кезінде әкім болған, ақын бол­ған тұлғалар баршылық. Ерте­де­гі Шығыс патшаларының көпші­лі­гі шетінен ақын, ғұлама, философ. XV ға­сырдағы қазақтың ақын-жырау­ла­рына қараңыз: Қазтуған, Доспамбет, Ақтам­берді – әрі батыр, әрі жырау. Төле би, Әйтеке би, Қаздауысты Қазыбек би – ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен еді. Жетісуды билеген Тезек төре, Атырау-Жайықты сөзіне ұйытқан Есет би, өзі­міздің Арқадан туып-өскен Жанкісі би – аузы дуалы ақын болған. Немістің ұлы ақыны Гёте корольдің құпия кеңесшісі. Аға сұлтан Құнанбайдың баласы ұлы Абайдың да болыс болып, мансаптың дә­мін татқаны бар. Онымен елді түзей алмайтынын білген соң, іштегі шерін өлең­ге төгіп, ақындық жолды ұстанған-ды.

Д.Қонаевтың замандасы болған К.Са­­лықов өз елінде «биік мансап – биік жартасқа екпіндеп ұшып» (Абай) шыға алған жоқ. Қонаев оны өзінше қарсылас, бәсекелес көрген секілді?!. Социалистік Еңбек Ері болғалы тұрғанда Димекең оны тізімнен сызып тастаған! Талай жыл, біресе, Қарақалпақ асырып, біресе Мәскеуге қуып, Қазақстанға жолатпай қойған! Бірақ соған бола ол Димекеңе кінә таққан жоқ. Қонаевты көзге шыққан сүйелдей көрген СОКП ОК-нің 1987 жылғы қаңтар пленумында кеше ғана өзі өгіздей өрге сүйреген номенклатура оны жерден алып, жерге салып жатқанда да Кәкең үндемей қалды... Сонда үзілісте Қонаев Кәкімбектің бетінен сүйіп тұрып: «Кәкімбек! Мені сен кешірші?! Осы жолы сен сөйлегенде мен қара жерде тесік болса, соған кіріп-ақ кетуші едім ғой?! Ана қулардың сөзі маған шыбын шаққандай да болған жоқ! Сені де маған жамандап қойған солар еді?!.», деп өксіп, жылап жіберген екен!

Адамзат тарихында сталиндік-ком­му­­нистік Кеңестер Одағы мен гит­лер­­­лік-фашистік Германияның ке­зін­де би­­лік ішінен бірде-бір ақын шық­­па­ға­ны тарихи факт! Түркінің бір тұя­ғы Кәкім­бек Салықовтың мансап биі­гін­де жү­ріп, Ақын болуы – сөз ұста­ған хал­­қы­мыздың ұлылығының бір ны­ша­ны, ұлттық рухани дүниеміздегі ірі құ­бы­лыс болды! Орыстың «явление» деген сөзі қазақтың болмысына көш­кенде Құбылысқа айналып, Құдайға ғана тән қуатты иеленіп, құдіреттеніп ке­теді екен. Қазақша айтқанда, төрт құ­бы­ланы өзіне жалт қаратып тұрған, Жа­ратқан Иенің бір құдіреті деген сөз! Гомерден бастап, Гёте, Шекспир, Бай­рон, Пушкин, Бернс, Қасымдарға дейін – осындай, Алла жарылқап, аруақ жебеген алтын айдарлы адамдар-ды. Өз­бек­стан Компартиясының көсемі Раши­дов та жазушы еді, бірақ ол бар жаз­ған-сызғаны социалистік реализм дең­гейінде ғана қалған орташа жазарман болып қалды. Ол ЦК-ның хатшысы болып жүріп өлең жазды... Мен ондай хатшы болсам өлең жазбас едім, хат­шы бола алмай қалғаныма ызаланып өлең жаздым мен! Ағамның керім кел­бетін көріп, жыр патшалығына сүңгіп кір­геннен бері өзімнің ақындығыма күмән­мен қарайтын болдым. Поэзия – кәсіп емес – Адамның тағдыр-таланы. Расул Ғамзатов айтпақшы, ақын атаулы екі түрлі болады. Біреуі – жазбай­тын ақын, біреуі – жазатын ақын, осы екеуінің қайсысы мықты дегенде, Расул жазатын ақыннан жазбайтын ақынды жоғары қойған. Ең ұлы ақын – Халық! Жасым жетпіске толғанда менің көзім соған жетті. Бүгінде туғанына тоқ­сан жыл толған Кәкімбек Салықов сол халықтан кейінгі ірі ақындардың қатарында тұр! Оның интимдік лирикасы – азаматтық лирика да, азаматтық лирикасы – интимдік лирика. Қара басы – халқына, халқы – қара басына айналып кеткен...

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ