Аймақтар • 26 Сәуір, 2022

Abai IT-Valley – білімге ұмтылған жастар үшін

441 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Семейдегі Әлихан Бөкейхан атындағы университетте ақпараттық технология­ларды дамытуға бағытталған Abai IT-Valley, яғни «Абай IT алқабы» атты технологиялық кластерінің құрылуына байланысты баспасөз мәслихаты өтті.

Abai IT-Valley – білімге ұмтылған жастар үшін

Айта кетейік, технологиялық клас­тер Әлихан Бөкейхан университетінің негізінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі мен Ұлттық банктің «Төлем және қаржылық технологияларды дамыту» орталығының қолдауымен құрылып отыр.

Abai IT-Valley технокластері өңір­дегі IT мамандарының басын қо­са­тын, әрі алдыңғы қатарлы өндіріс­тік-инновациялық технологияларды әзірлеуге және жүзеге асыруға мүмкін­діктер ашатын технологиялық орталық ретінде қызмет атқарады. Технокластерді толығымен жабдықтап, білікті мамандармен қамтамасыз еткен Әлихан Бөкейхан университетінің басшылығы.

Баспасөз мәслихатында айтылғандай, технокластердің ресми ашылу салтанаты мамыр айына жоспарланған. Ал қазіргі уақытта кластер аясында жұмыс істеуге ниетті мамандар мен IT саласы бойынша білім алуға ұмтылатын жастарды бір орталыққа жинау, жұмылдыру және оқыту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Кешегі басқосуда университет бас­шылығы технокластердің жоба менеджері Асхат Бейсембаев, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ақпараттық және ақ­па­раттық-коммуникациялық технологияларды дамыту департаментінің директоры Дархан Ахмедиев, «Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі» корпоративтік қорының бас директоры Мағжан Мадиев, Ұлттық банктің «Төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасы Бинур Жаленов ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Спикерлер технокластерді құрудағы мақсат-міндеттерді және кластердің жұмыс бағыттарын таныстырды.

– Аталған жобада жастардың білім алуы үшін қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Білімге құштар жастарда тек ынта, жігер болса, болғаны. Айта кетерлігі, мұнда белгілі талаптарға байланысты білікті, білімді мамандар жұмыс істейді. Алдымызға қойға жоспарлар да көп, – дейді жоба менеджері Асхат Бейсембаев.

Спикерлер, сонымен қатар техно­кластерді не себепті Абай есімімен атаған­дарын түсіндірді. Айтуларынша, кластер хакім Абайдың туған жерінде ашылып отыр, оның үстіне кластердің құрылу мерзімі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай облысын құру туралы шешімімен тұспа-тұс келген. Әлбетте, Абай тұлғасы қашанда білім және ғылыммен, ағартуға, жаңалыққа ұмтылумен байланысты болғандықтан, орталықты Абай есімімен атау жөнінде шешім қабылданған.

Баспасөз мәслихатына бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және шақырылған қонақтармен қатар, Семей қаласының жоғарғы, орта-кәсіптік оқу орындарының жүздеген студенттері қатысты. Жақын арада студенттерге Astana Hub технопаркімен бірлескен тегін IT курстары өткізіледі. Қысқа және орта мерзімді оқу курстарында жастар заманауи бағдарламалау тілдерін, сонымен қатар IT-стартаптарды әзірлеу, жүзеге асыру және алға жылжыту жолдарын үйренеді. Алғашқы курсқа қазірдің өзінде 100 адам жазылды.

Алдағы уақытта Abai IT-Valley тех­нологиялық кластерінің негізінде арнайы корпоративті қор құрылып, заманауи IT жобаларды қаржыландыратын инвестиция көздері тартылмақ. Бұл клас­тер негізіндегі оқыту курстарында білім алған жастарға өз білімдерін іс жүзіне асырып, IT-стартаптарын іске асыруға мүмкіндіктер ашады.