Аймақтар • 26 Сәуір, 2022

Автозауыттың қарышты қадамдары

133 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«СарыарқаАвтоПром» серіктестігі биыл 70 мың автокөлік құрас­тырып шығармақшы. Бұған қоса, қазіргі әлемдік эко­номи­кадағы алыс-беріс, ынтымақтастық қарым-қатынас­тар­дың күрделеніп бара жатқанына қарамастан, қостанайлық зауыт жыл соңына қарай Chevrolet Onix, Kia Sportage NQ5, Lada Granta көліктерінің өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр.

Автозауыттың қарышты қадамдары

Алып кәсіпорын бүгінгі таңда Chevrolet, Kia, Lada, Renault, UAZ, SAZ авто­мобильдерін құрастырып жатыр. Осыдан 12 жыл бұрын іске қосылған зауыттың өндірісі жыл сайын кеңейіп, әлеуеті артып келеді. Мәселен, кәсіпорын 2019 жылы 25 875 автокөлік құрастырып шығарса, осы жөніндегі көрсеткіш 2020 жылы 40 050-ге жетті. Ал 2021 жылы автозауыт 60 мыңнан астам көлік құрастырып шығарды. Нәтижесінде, былтыр Қостанай автозауытының Қазақстан нары­ғындағы үлесі 61%-ға жетті.

Кәсіпорынның экспорттық әлеуеті де едәуір артып келеді. Был­тыр 7 мың 593 автокөлік экспортқа шығарылыпты. Қос­та­найдан шыққан көліктерді кө­біне Ресей, Қырғызстан, Өзбек­стан, Әзербайжан және Беларусь мемлекеттерінің өкілдері алып ке­тіп жатады.

– Әлемде көлік құрастыратын зауыттардың ешқайсысы бөлшек­терді өздері өндірмейді. Басқа жақтан тапсырыспен жасатып алдырады. Біздің кәсіпорындағы жағдай да соған ұқсас. Әр көлік маркасының тетіктерін өзара келісімшарт аясында әртүрлі шет­елдік зауыттардан алдыра­мыз. Бастысы, көліктер бар­лық шеберханадағы білікті ма­ман­дардың қолынан өтіп, жоғары технологиялы қон­дыр­ғылардың көмегімен құрас­тырылады. Жал­пы, негізгі мақ­сатымыз – ха­лықаралық сапа нормалары­на сәйкес келетін бәсекеге қа­білетті өнім шығару, – деді «СарыарқаАвтоПром» ЖШС директоры Сырым Семейбаев.

2021 жылы Chevrolet авто­көлігі қазақстандық тұ­ты­ну­шы­лар тарапынан ең жоғары сұ­ранысқа ие болғанын айта кет­кен жөн. Ал ең көп сатылған көлік­тердің көшін Nexia мен Cobalt бастап тұр. Қостанайлық зауыттан былтыр аталған үлгілер­дегі 33 508 автокөлік құрас­ты­рылып шығарылды.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, биыл зауыт Chevrolet Onix, Kia Sportage NQ5 өн­дірісін іске қоспақшы. Жоспар бойынша «СарыарқаАвтоПром» бұл бренд көліктердің әрқайсысын 15 мыңнан құрастырып отырмақ. Оларға қоса 10 мың ресейлік Lada Granta көлігі және аталған автомобильдер үшін CKD және ұсақ бөлшекті жиынтықтар жасалып шығарылмақ.

– Биылғы қаңтар мен наурыз айларының аралығында 12,5 мыңға жуық автокөлік құрас­тырылды. Зауыт­тың өнді­рістік қарқыны енді есе­лене түспесе, еш бәсеңдемейді. Биыл жүзеге асырылатын жаңа жобаларымыз бар. Жыл соңына қарай тағы бірнеше жаңа желіні іске қо­самыз. Сондықтан еліміз­дің ішкі нары­ғын сапалы автомо­биль­дер­мен қамтамасыз ете отырып, зауыт­тың экспорттық әлеуе­тін арттыру – біздің басым бағыт­та­рымыздың бірі болып қала береді, – деді кәсіпорын басшысы.

«СарыарқаАвтоПром» серік­тестігінің бүгінгі толайым табысы отандық автоөндірісті да­мытуға бағытталған мемлекеттік қолдаудың мықтылығының нәти­жесі, сондай-ақ зауыт инженерлері мен қарапайым жұмысшылардың кәсіби шеберлігінің, қажырлы еңбе­гінің жемісі екені сөзсіз. Бү­гінде жалпы аумағы 86 мың шаршы метр болатын зауытта 7 цех тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Кә­сіпорында ұзын саны 2 мың­нан астам адам еңбек етіп жүр. Жас маман, жаңа кадрлар зауыт жанынан ашылған SAP University орталығында жүйелі түр­де білімдерін жетілдіріп, кәсіби білік­­тіліктерін арттырып отырады.