Оқиға • 26 Сәуір, 2022

Жексенбідегі жаңбыр: Екі ауданда үйлерге су кіріп, мал шығыны орын алды

275 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен жексенбі Түркістан облысындағы қос ауданның тұрғындары үшін жайсыз өтті. Толассыз жауған жаңбыр салдарынан Қазығұрт ауданының 4 елді мекенінде және Сарыағаш ауданының бір елді мекенінде 53 үйдің ауласына, 18 үйдің, тойхананың, 16 шаруашылық құрылыс нысанының ішіне су кірген. Сарыағаш ауданына қарасты Бағыс ауылындағы 4 үйдің ауласын су шайып, бір үйдің ішіне су кірген.

Жексенбідегі жаңбыр: Екі ауданда үйлерге су кіріп, мал шығыны орын алды

Елді мекендегі Алматы көше­сінің тұрғыны Айгүл Сұлтанова оқиға жексенбі күні сағат кешкі сегіздер шамасында басталғанын айтады. Жауын-шашынның салдарынан үйінің ауласын су басып, баспанасына кірген. Үш ұл, екі қыздың анасы ауылдың әкімі мен тұрғындардың көмегімен тез арада қауіпсіз аймаққа жеткен.

Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Ерік Сарыбаевтың айтуына қарағанда, су басқан аумақтардан 50 адам эвакуация­ланып, туыстарының үйлерін уақытша паналаған. Заңғар елді меке­нінде – 7, Қарабауда – 15, Тұғыр­таста – 1, Қызылсеңгірде – 12, Шанақ ауылында 20 үйге су кірген. Нөсер жауынның қаттылығы сонша, екі жүзден аса мал шығыны анық­талды. Бұл бағыттағы жұ­мыс жалғасуда. Қазығұрт ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабар­лағандай, Қақпақ елді мекенінде – 200, ал Сарапхана ауылында 25 бас мал қырылған. Тұрғын үйлер­ді су басуына жол бермеу мақ­са­тында төтенше жағдай, аудан­дық өрт сөндіру бөлімдері мен бекеттерінің, жергілікті ауыл әкім­діктері қызметкерлерінің ұйым­дастыруымен су сорғыштар ар­қылы көшелер мен үйдің аулала­рына толған суды шығару жұ­мыстары түні бойы жүргізілді. Бұл іске Төтен­ше жағдайлар депар­таментінің 56 қызметкері, 9 бір­лік техника, 11 мото­помпа және жер­гілікті атқарушы ор­ган­дардың 19 қызметкері, 6 бірлік техника, 2 мотопомпа жұмылдырылған. Со­нымен қатар көшелерді, үйлердің аулаларын су басу фактісіне байланысты аудан әкімдігінің жедел желісі іске қосылып, тұрғындар та­ра­пынан хабарламалар түскен жағ­дайда шұғыл іс-шаралар атқа­рылды.

Бүгінде Қазығұрт ауданында су бас­қан елді мекендерде жағдай тұрақты, жергілікті тұр­ғын­дарға өңірдің ерікті жастар тобы жәрдемдесуде. Су басқан барлық ауылдағы қора-жайлар жауын суынан, лай-батпақтардан тазартылуда. Бұл ауылдардағы су басқан 41 үйдің ауласын тазарту жұмыстарына әкімдік қыз­меткерлері де көмек қолын созуда. Сонымен қатар төтенше жағ­дай­лар қызметкерлері жауын суын арнайы техника көмегімен шығаруда. «Адам шығыны жоқ, жағдай толық бақылауға алынған. Мал шығыны есептелуде. Жалпы, қауіп-қатер сейілді. Эвакуацияланған 50 тұрғын өз үйлеріне қайтарылды. Жұмыс жал­ға­сып жатыр», деді облыстық тө­тенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тап­сырмасымен Қазығұрт және Сары­ағаш аудандарындағы жауын-шашын салдарын жою бойынша арнайы комиссия құрылды.

«Шығындар объективті есеп­телуге тиіс. Мал шығыны бойынша ауыл шаруа­­шылығы басқармасы тиісті ше­шім қабылдап, заң шеңбе­рінде өз мін­дет­терін орындасын. Бұл – жергі­лікті, аудандық деңгейде шеші­летін мәсе­ле. Біздің жіті на­за­­­ры­мызда тұр», деді Өмірзақ Шөкеев.