11 Сәуір, 2014

Қазақстандық дипломатия: кеше және бүгін

1714 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Осыдан 70 жыл бұрын 12 сәуір күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының жар­лығымен Қазақ КСР Сыртқы істер мәселелері бойынша Халық комиссариаты, яғни Сыртқы істер министрлігі (СІМ) құрылған болатын. Кеңес өкіметі құрамындағы еліміздің сыртқы саяси ведомствосы сұрапыл соғыс жылдарында екі идеологиялық жүйе бәсекелестігінің нәтижесінде дүниеге келгені мәлім. Дегенмен, Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін бұл мемлекеттік орган тек формальді түрде қызмет атқарып, қағаз жүзіндегі ведомство болып  кел­ген еді. ПОСОЛ-1 Осындай сипатына қарамастан, ведомство басшылығына сол кез­дің жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар азаматтары тағайындалып, олардың әрқайсысы министрліктің дамуына өзіндік үлесін қосып, өне­гелі іздерін қалдырып кеткен­дігі көпшілікке беймәлім. Осы бейресми мерейтойға орай, дипломатиялық дәстүр са­бақ­­тастығын жалғастырып, ми­нистрлікті егемен ел болғанымызға дейінгі кезеңде басқарған хал­қы­мыздың елеулі тұлғалары туралы кішігірім ақпаратты келер ұрпаққа өнеге және тарихқа тағзым болсын деген ниетпен баяндауды жөн санадым. 1944-1953 және 1955-1957 жыл­дар аралығында халқымыздың біртуар азаматы, тұңғыш қазақ психолог-ғалымы, ірі қоғам және мемлекет қайраткері, ұлағатты ұс­таз, майталман дипломат Төле­ген Тәжібаев Сыртқы істер министр­лігінің тізгінін алғашқы болып қолына алды. Төлеген Тәжібайұлы Қазақстанның Кеңес өкіметі кезеңі тарихында ойып тұрып орын алатын нар тұлға, білім жүйесінің іргетасын қалап кеткен азамат. Бар өмірін халқына қызмет етуге жұмсап, Отанының ертеңі үшін аянбай еңбек етті. Ол мемлекеттік қызмет пен тәлім­герлікті ұштастыра білген ерекше жандардың бірі болды. Өмірінің басым бөлігін білім жүйесіне арнағанымен, дипломатия саласында да тікелей қызметке араласып, 1957-1961 жылдар ара­лығында Мәскеу үшін маңызды серіктестердің бірі саналатын Үндістандағы елшіліктің кеңесші-уәкілі, яғни елшіліктің екінші адамы сынды жоғары лауазымға тағайындалды. Ол дипломаттарға тән қа­сиет – әріп­тестерімен барынша жа­қын қатынас орнату қа­ғи­­дасына ерекше көңіл бөлді. За­ман­дастарының айтуынша, Т.Тәжі­баев Қазақ ұлттық универ­сите­тінің ректоры болып тұрған ша­­ғын­да жазықсыз айыпталған Ер­ма­хан Бекмаханов, Қаныш Сәт­баев, Мұхтар Әуезов сынды тұл­­ға­ларды жақтап, олардың кінә­с­із­дігін алға тартқаны үшін, сол кез­дің қатал репрессиялық ре­жі­мі оны ректорлықтан босат­қан. Ал Төлеген ағамызды одан арғы қу­далаудан аман-сау алып қалған сол кездегі Кеңес өкі­меті­нің Сыртқы істер министрі В.Мо­лотовпен жеке таныстығы болған. 1953-1955 жылдар аралы­ғын­­да министрлікті өмірдің қиын­шылық тауқыметін барынша бас­тан кешірген, еңбексүйгіштігі мен білімге деген ерекше ынтасы мен жігері және жоғары адам­гер­шілігінің арқасында биліктің талай шыңдарын бағындыра білген еліміздің ерекше тұлғаларының бірі Қайырғали Байғалиев басқарды. Кедей шаруа отбасында дүниеге келген Қайырғали ағамыз балалық шағында ата-анасынан айырылып, балалар үйінде тәрбиеленеді. Өмір бойы білім қуып, жан-жақты ізденіп, не нәрсенің болсын шыңына жетуді армандаған ол мемлекеттік қызмет сатысымен жоғары өрлеп, 1953 жылы алғашқы қазақ Мәдениет министрі болып тағайындалады және сол жылы СІМ-ге басшы болып келеді. Ол сыртқы саясатқа тікелей араласа алмағанымен, еліміздің мәде­ниетін шетелдіктерге паш ету, оң имиджін қалыптастыру сынды дипломатияның маңызды бір құрамдас бөлігін абыроймен атқарады. 1958-1961 жылдар аралығында министрлікке ерекше дарын иесі, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ең қиын оқу бөлімі болып саналатын механика-математика факультетін алғаш тәмамдаған қазақ, Оқу министрі, еліміздің білім беретін қара шаңырағы – Қазақ ұлттық университетін он жылдан аса уа­қыт бойы басқарған атақты ғалым Асқар Закарин басшылық жасады. Асқар аға да Қайырғали Бай­­ғалиұлы сияқты әке-шеше мейі­рімі мен қорғанынан ерте айырылып, ғұмыр бойы білім жинап, маңдай терін төгіп, өмірдің қиыншылықтарына мойымай, талай асуларды алған қайсар мінезді жан еді. Ол екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ел алдындағы борышын өтеп, сол сұрапыл жылдары білікті басшы ретінде өзін шыңдап, өмірдің тауқыметіне бүгілмейтін ерік-жігердің иесі екенін дәлелдеді. 1963-1966 жылдар аралығында СІМ басшысы аты аңызға айналған Екінші дүниежүзілік соғыстың партизаны, жазушы, ғалым, әйгілі қоғам және мемлекет қайраткері, Оқу министрі Әди Шәріпов болды. Әди ағамыз­дың да ата-анасынан ерте айырылып, 30-жылдардағы аштықты басынан кешіргені белгілі. Осынау қиын тағдыр Әди Шәріпұлын келешекке дайындаған болу керек. Ұлы Отан соғысы кезеңінде май­данның алғы шебінде – Украи­на мен Беларусьте 3 жылға жуық партизандық қозғалысқа бас­­шы­лық еткені мәлім. Қиын-қыстау заманға қарамастан, бар мүмкіндікті қолданып, білімін әр­дайым жетілдіреді, сол ар­қы­лы мемлекеттің жауапты қыз­меттеріне тағайындалады. Әди Шәріпұлының есімі әйгілі Кемб­ридж университетінің ха­лық­аралық библиографиялық орталығы шы­ғаратын «Әлемнің алып тұлға­лары» атты жинағына енген. 1966 жылы министрліктің басшылығына Балжан Бөлтірікова тағайындалып, бес жыл бойы сәтті қызмет атқарды. Ол әлем­дегі алғашқы әйел Сыртқы істер министрі, Біріккен Ұлттар Ұйымының жоғары мінберіне көтерілген алғашқы қазақ қызы ретінде тарихқа енді. КСРО-ның атақты Сыртқы істер министрі Андрей Громыко Балжан Бөлтірікқызын ерекше сыйлайтын және үнемі Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы отырыстарына ертіп баруға тырысатын. Замандастарының айтуынша, Балжан Бөлтірікқызы нағыз майталман дипломат, келіс­сөздер жүргізу ісінің маманы болған. Мысалға, ол КСРО-ға жағымсыз БҰҰ-ның Адам құқықтары жөнінде Жоғарғы комиссары лауазымын енгізгісі келген батыс елдерінің іс-әрекетін қолдайтын бір топ азиялық мемлекет өкілдерімен жеке кездесулер ұйымдастырып, олардың ойын өзгерткен. Нәтижесінде, аталған бастама қолдау таппай, бірнеше рет күн тәртібінен түсіп қалып отырған. 1973 жылы Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігі өз алдына жеке министрлік ретінде қалыптасты, ведомство қызметін ұйымдастыру үшін оның басшысы ретінде Мәскеуден дипломатияның қыр-сырын меңгерген азаматты алдырту идеясы болған. Алайда, министр болып сол кезде Алматыда ұстаздық қызмет атқарып жүрген Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының алғаш­қы түлектерінің бірі Мәлік Фазылов тағайындалды. Кезінде Төлеген Тәжібаев аға­мыз оны Сыртқы істер министр­лігіне шақырып, өзінің ҚХР-дың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районымен орнатқан қатынастары жоғары бағаланып, ол КСРО-ның Вьетнамдағы елшілігіне қызметке тағайындалуы керек болатын. Бірақ тағдыр басқаша жазып, нәтижесінде Мәлік аға 1976 жылы КСРО-ның Төтенше және өкілетті елшісі ретінде Мали және Мароккоға тағайындалды. Мали мен Мароккодағы қыз­меті барысында сол елде тіркелген дип­ломатиялық корпустың дуайені болып, осы елдер мен КСРО ара­сын­дағы экономикалық және мәдени қатынастарды нығайтқаны үшін Малидің ұлттық ордені – «Офицер» және Алауи Король әулетінің 1-ші дәрежелі «Үлкен лента» марапаттарына ие болды. Бұл кісі дипломатия сала­сында КСРО-ның қазақтан шық­қан алғашқы Төтенше және өкілетті елшісі лауазымына қол жеткізді. Оның осындай тұлға екендігін осы жерде ерекше атап өткім келеді. 1976-1981 жылдар аралы­ғында сыртқы саясат ведомство­сын атақты ғалым, Мәдениет министрі Мүс­лім Базарбаев басқарды. Жас­тайы­нан білімге құштар Мүс­лім Базарбайұлы 28 жасында кан­дидаттық диссертациясын қорғап, 34 жасында Қазақ КСР Ғы­лым академиясы жанынан ашыл­ған Әдебиет институтының директорлығына тағайындалды. Әдебиет саласында көптеген халық­аралық симпозиумдар ұйым­дастырып, Дания, Индонезия, ГФР, Швеция және басқа елдер­де ғылыми баяндамалармен сөз сөйлеп, әлемді еліміздің бай мәдени мұрасы, тарихы, әдебиетімен та­ныстыруға үлесін қосты. 1981 жылы министрліктің тізгінін болашақ тәуелсіз елдің дипломатиясына елеулі үлес қосқан халқымыздың бетке ұстар азаматы, ірі мемлекет және қоғам қайраткері Михаил Есенәлиев ұстады. Білікті азамат келе сала ведомствоны материалдық-техникалық қам­тамасыз ету, сапалы кадрлар тарту, жалпы, министрліктің беделін арттыру ісіне бел шеше кірісті. Ол бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның СІМ жүйесінде абыроймен қыз­­мет атқарып жүрген талай дип­ло­мат­тарға үлгі-өнеге көрсетіп, тәуелсіз елдің СІМ басшыларын тәрбиеледі. 1989-1991 жылдар аралы­ғын­да СІМ басшылығына ха­лық­аралық қатынастар саласында, шетелдік әріптестермен қыз­мет ету жағынан мол тәжіри­бесі бар, кейіннен тәуелсіз Қа­зақ­станның БҰҰ жанындағы тұңғыш Тұрақты өкілі болған Ақмарал Арыстанбекова тағайындалды. Ол осы лауазымға тағайындалмас бұрын Қазақ шетел мемлекеттерімен мәдени байланыс және достық қоғамы төралқасы төрағасының орынбасары және төрайымы қызметтерін ұзақ жылдар абыроймен атқарып, осы салада үлкен тәжірибе жинақтады. Сол тәжірибесін еліміздің шетелдік әріптестермен қатынас аясын кеңейтуге барынша қолданып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Еліміздің дипломатиялық қыз­­метіндегі тұлғалар туралы сөз қоз­ғал­ғанда есімізге алдымен 30-жылдардағы қазақ­тың тұңғыш дипломаты, Кеңес Ода­ғының Сауд Ара­биясындағы ал­ғашқы елшісі Нәзір Төреқұлов түседі... Атап өткенімдей, жоғарыда көр­сетілген халқымыздың дара тұл­ғалары туралы том-том шы­ғар­­малар жазуға болады, алайда, мақ­сат дипломатиялық дәстүр са­бақ­­тастығын айғақтау, өсіп келе жат­­қан ұрпаққа өнеге көрсету, ұлы тұл­­ға­ларға және тарихқа тағзым ету. Егемендіктің арқасында елі­міздің дербес сыртқы саяса­ты, дипломатиялық қызметі, эко­но­микасының дамуы, сая­си тұрақ­тылығы қалыптасып, әлем­нің алпауыт мемлекеттерімен терезесі тең қатынастар орна­тыл­­ды. Елімізбен бірге дипло­ма­тиялық қызметіміз де дамып келеді. Бүгінде Қазақстан дип­ломатиясының жеке кәсіби мерекесі әр жылдың 2 шілдесінде аталып өтеді. Жалпы алғанда, Қазақстан сырт­қы саясатта тарихи өлшеммен алып қарағанда, 20 жылдай қыс­қа мерзімде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, әлемдік қоғам­дастықтың сенімді, жауапты, белсенді және беделді мүшесіне айналды. Әрине, бұл – еліміздің сырт­қы саясатын айқындайтын Елба­сы Н.Назарбаевтың көреген бас­шылығы, стратегиялық пайым­дауының нәтижесі. Елбасының Сыртқы іс­тер ми­нистрлігіне отандық дипло­матияның экономикалық бағытын күшейту туралы тапсырма бергені белгілі. Оны орындау үшін ведомствода барлық жағдайлар – жоғары білікті мамандар, материалдық-техникалық жабдықтар, нақты жұмыс жоспары бар. СІМ 2050 Стратегиясын орындау мақсатында 2020 жылға арналған Сыртқы саясат тұжырымдамасын қабылдады. Ол – сыртқы саясат ведомствосының өзіндік жол кар­тасы, Стратегияның көздеген міндеттерін жүзеге асыратын орта мерзімді жоспар. Төлеутай СҮЛЕЙМЕНОВ, Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері, саяси ғылымдар докторы, профессор.