Медицина саласының ғалымдары адам қанын «ағзаның айнасы», деп бекерге айтпайды. Күнделікті тіршілікте қан тыныс алу, қоректендірумен қоса, қорғаныштық қызмет атқарып, дене температурасының тұрақты сақталуын да қамтамасыз етеді. Адам қаны 23 секундтің ішінде тамырлар мен денені бір рет айналып өтеді екен. Ал, жалпы адам баласында 4-7 литр аралықта қан болады. Түрлі жағдайларға орай ең алғаш рет адамнан адамға қан құю ісі он тоғызыншы ғасырда басталғанын тарих растайды. Дегенмен, алғашқы тәжірибелердің барлығы сәтсіздікке ұшырап отырған. Тек 1901 жылы Австрия ғалымы К.Ландштейнер қан топтарын анықтаған соң, тұңғыш рет соған сәйкес 1909 жылы америкалық хирург Дж.Крайл пациентке қан құйды. Міне, содан бері бір ғасырдан сәл ғана асыпты. Ресейде 1924 жылы қан құю саласындағы алғашқы ғылыми-зерттеу мекемесі болған Мемлекеттік орталық гематология және қан құю ғылыми-зерттеу институты құрылғаны белгілі. Кейінгі 10 жыл ішінде сол кездегі КСРО аймақтарында осы институттың елуден астам бөлімшелері ашылған болса, соның бірі 1934 жылы негізі қаланған Алматы қаласындағы қазіргі Республикалық қан орталығы.
Оның сол кездегі бірінші басшысы, академик Александр Сызғанов болған. Елімізде қан құю саласы сол кезден дами бастады. 1937 жылы ОҚҚИ бөлімшесі Қазақ қан құю институты болып аталды. Институттың құрамында донорлық, хирургиялық, биохимиялық, сарысулық және эксперименттік бөлімшелер жұмыс істеген. Институттың өз ғимараты салынып, алғашқы 2 электртоңазытқышқа ие болуы сол кезде үлкен жетістік саналып еді. Ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуды қолға алған институт 1940 жылы 19 ғылыми еңбекті қамтыған тұңғыш жинақты баспадан шығарды. Жалпы, 40-жылдары еліміздің облыстарында қан қызметі мекемелерін ұйымдастыру жұмыстары қауырт жүріп, оншақты жылдың ішінде Қазақстанның 13 қаласында қан құю стансалары, ал ірі аудан орталықтарында 25 қан құю орындары ашылған.
Қан деген сөздің денені тітіркендіретін құдіреті бар. Адам баласы көп мөлшерде қан жоғалтуға болмайтынын жақсы біледі. Ұлы Отан соғысы жылдарында қаншама азаматтарымыз қансырап жатып көз жұмғаны мәлім. Ал, талқаны таусылмаған жаралы солдаттар госпитальдерде емделіп, қатарға қосылған. Бұл ретте Республикалық қан құю стансасы (қазіргі Республикалық қан орталығы) да қарлығаштың қанатымен су сепкендей көмек көрсеткен. Сол сұрапыл соғыс жылдары мекемеде 3622 литр консервіленген донорлық қан, 200 литр стандартты гемагглютиндеуші сарысу дайындалса, оның басым бөлігі жергілікті жерде және эвакогоспитальдарда пайдаланылған. Бұл жылдары елімізде қан құю саласы бойынша 892 дәрігер, 972 мейірбике дайындықтан өтіп, 32 296 рет қан құйылған.
Республикалық қан құю стансасының жаңа ғимараты 1962 жылы салынды. 93 штаттық қызмет, оның ішінде 17 дәрігерлік орын ашылып, қан аурулары бар сырқаттар үшін 25 кереуеттік стационар, жіті бүйрек жетіспеушілігімен ауыратын сырқаттарға көмек көрсету мақсатында 10 кереуеттік «жасанды бүйрек» бөлімшесі құрылған. Жылына 20 000 литр плазма өңдейтін өндірістік плазма фракциялау корпусының салынуы инженерлік-техникалық қызметтің ұйымдастырылуына себеп болған. Плазмаферез әдісі меңгерілді, плазма ақуызын бөлу (фракциялау) бөлімшесі, қан препараттары мен қаналмастырғыштардың сапасын бақылау мемлекеттік зертханасы құрылған. 1987 жылдан бері қан препараттарын шығару өндірістік негізге ауыстырылған.
1994 жылы Республикалық қан құю стансасы атауы Республикалық қан орталығы (РҚО) болып өзгертілді. Бір жылдан кейін РҚО базасында Алматы Мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтымен бірлесе отырып, қан қызметінде істейтін дәрігерлердің біліктілігін көтеру мақсатымен аттестациялық цикл ұйымдастырылды. Қан орталықтарының, трансфузиология бөлімшелері мен кабинеттердің, сондай-ақ, Республиканың медициналық ұйымдардың мыңдаған клиникалық маман-дәрігерлері мен мейірбикелері біліктілігін арттырды.
Соңғы онжылдықтарда елімізде орын алған әлеуметтік-экономикалық қиындықтар отандық қан қызметінің дамуына біраз теріс әсерін тигізді. Қан донорлығы мәселесі басымдықтан айырылып қалғанын да айтуға тиіспіз. 2006 жылы Шымкентте болған трагедиялық оқиға қан қызметінің қордаланған мәселелерінің бетін ашып берді. Оның ішінде заманауи материалдық-техникалық базаның жоқтығы мәселесі мемлекеттік деңгейде көтеріліп, Үкімет 2007 жылы 21 желтоқсанда Республикалық қан орталығы дайындаған арнайы бағдарламаны бекітіп, қаулы шығарды. Бұл еліміздің Қан қызметінің көш ілгері басуына мұрындық болды. Барлық қан орталықтарында күрделі жөндеу мен қайта құрылыс жұмыстары жүргізіліп, қан орталықтары жаңа заманауи жабдықтар мен автокөліктермен жабдықталды; донорлық қанды зертханалық тексерудің заманауи әдістері енгізілді; облыстық қан орталықтарының өндірістік қызметін үйлестіру және орталықтандыру принципімен қан қызметі қайта құрылды.
Бүгінде Дилявер Бекиров басқаратын Республикалық қан орталығы Қазақстандағы қан қызметінің ең ірі ұйымы болып табылады. Елімізде жылына 22 тонна қан дайындалатын болса, соның 77 пайызы осы орталықтың үлесіне келеді. Орталықтың соңғы 5 жылда негізгі технологиялық жабдықтары толық жаңартылып, қан құрауыштарын өндіруді басқаруда штрихкодтау негізінде бірыңғай ақпараттық жүйе іске қосылды. Қан мен оның құрауыштарын дайындаудың заманауи тәсілдері енгізілді. Және ең маңыздысы, зертханалық тексеру ісі халықаралық стандарттарға сәйкестендірілді. Мұның бәрі орталықтың болашаққа сеніммен алға басуына және қоғамға мүлтіксіз қызмет етуіне мүмкіндік берсе керек.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».