
Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Қазақстан Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар біздің мемлекеттік құрылысымыздың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» деген негізгі формуласын іске асыруы керек.
Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды тұжырымдау жөніндегі жұмыс тобы Қазақстанның тарихи дамуының маңыздылығын түсіне отырып, Мемлекет басшысының Жолдауында қалыптасқан идеяларды конституциялық нормаларға айналдыра білді.
Конституцияның 6-бабы 3-тармағының «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деген жаңа редакциясы ең жоғары ұлттық мүдделерге сай келетіні сөзсіз.
Қоғамда Президенттің өз өкілеттіктерінің бір бөлігінен бас тартуы оң қабылданды. Мемлекет басшысының өз өкілеттігінен бас тартып, ол құзыреттерді Парламент, Үкімет және мәслихаттарға беруі тарихта сирек кездесетін жағдай. Осылайша, Конституцияның 61 және 62-баптарында халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті қорғауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Үкіметтің жауапкершілігі артады.
Президенттің тағы бір маңызды қағидаты – жақын туыстар саяси мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымын атқармауы керек. Бұл – мемлекеттік қызметшілер үшін ғана емес, Қазақстанның әрбір азаматы үшін лайықты үлгі.
«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында адам мен азаматтың құқықтарын қорғауға көп көңіл бөлінеді. Конституцияның 15-бабында көрсетілген өлім жазасына тыйым салу туралы тарихи шешім қабылданды. Конституцияның 16, 24 және 39-баптарында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктері күшейтіледі. Конституцияның 83-1-бабында адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы норманың алғаш рет бекітілуі адам мен азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге ықпал ететіні сөзсіз. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық жағдайы мен қызметін ұйымдастыру Конституциялық заңмен анықталады.
Президент Жолдауында азаматтардың түсініктеме алу үшін Конституциялық Кеңеске тікелей жүгіне алмайтындықтарын атап өтті. Мемлекет басшысының ұсынысы бойынша заң жобасында Конституциялық Кеңес Конституциялық сот болып қайта құрылды. Конституциялық соттар әлемнің көптеген елінде жұмыс істейтінін баршамыз жақсы білеміз. Конституцияның 72-бабының 3-тармағында Конституциялық сот азаматтардың өтініштері бойынша олардың Ата Заңда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсер ететін нормативтік құқықтық актілердің Республика Конституциясына сәйкестігін қарайды деп жазылған.
Мен Конституцияға енгізіліп отырған кейбір өзгерістер мен толықтыруларға ғана тоқталдым. Бірақ аталған заң жобасы қабылданған жағдайда оның Жаңа Қазақстанды құруға өз үлесін қосатыны күмәнсіз.
Еркін ОҢҒАРБАЕВ,
заң ғылымдарының докторы, профессор