Қаржы • 27 Сәуір, 2022

Базалық мөлшерлеме неге өсті?

653 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені 0,5 пайыздық тар­маққа дейін жоғарылатып (13,50-ден), 14 пайыз деңгейінде бел­гіледі. Осылайша, көпшілік күткен төмендеу жүзеге асқан жоқ. Ұлттық банк ақша-несие саясатын әрі қарай қатаңдатуға көш­­кенін көрсетті. Ақша-несие саясаты жөніндегі комитеттің хабар­­лауын­ша, әлемде инфляциялық қысымның күшеюі, Қазақ­станның сауда серіктес елдеріндегі баға қымбатшылығы база­лық став­каның көтерілуіне негіз болған. Биыл наурызда жыл­дық инф­ляция 12 пайызға дейін жетіп, рекорд жаңартқан болатын.

Базалық мөлшерлеме неге өсті?

Ұлттық банк ресми хабарламасында мөлшерлемені көтеру белгісіздіктің күшеюі мен несие беру шарттарының өзгеруі жағдайында несиелендіру үшін тежеуші фактор болып саналмайтыны айтылған. «Келешекте банк секторы экономикалық агенттер­д­ің тұтынушыдан жинаққа дейін­гі іс-әрекетін қайта құрылым­дау моделінен қалыптасып отыр­ған экономикалық, сондай-ақ ықти­мал бірігулер мен жойылып кету жағдайларына байланысты өз­герістерге бейімделе береді», делі­неді хабарламада.

Халықаралық валюта қоры­­ның болжамы бойынша, 2022 жылы әлемдік инфляция жоғары қалпын сақтап қалады. «Дамыған елдерде инфляция 5,7% (бұған дейінгі баға 3,9%) деңгейінде, дамушы елдерде – 8,7% (бұған дейінгі мәні 5,9%) деңгейінде болады. 2023 жылы әлемдік эко­номиканың баяу дамитыны және энер­го­та­сымалдаушыларға төмен баға белгіленетіні күтіліп отырған жағдайда дамыған елдерде инфляция 2,5%-ға дейін, ал дамушы елдерде 6,5%-ға дейін баяу­лай­ды. Базалық мөлшерлеме бойынша алдағы шешімдерді қабылдау кезінде статистикалық деректер мен «2022 жылғы мамыр-маусым» болжамды раун­дының нәтижелері негізгі рөлді атқарып шығады. Инфляциялық күтулердің траекториясын, ин­фля­цияның жаңартылған болжамдарын, жиынтық сұраныс пен импортты, сондай-ақ туындауы мүмкін қосымша инфл­я­циялық күйзелістердің қаупін ес­кере отырып, ақша-кредит шарт­тарын одан әрі қатайтуға мүм­кіндік бар», делінеді мәлім­демеде.

Сөйтіп, Ұлттық банк база­лық ставканы тағы да көтере түсуі мүмкін екенін айтып отыр. Бұған дейін Қаржы ми­нистрі Ерұлан Жамаубаев база­лық ставканы төмендетуге ша­қыр­ған еді. «Ұлттық банк Үкі­мет­пен бірлесіп базалық ставка деңгейін қайта қарауы керек. Базалық мөлшерлеме эконо­ми­ка ставкаларына, соның ішінде депозит, несие, бағалы қағаздар ставкаларына да әсер етеді. Инфляцияны тежеу үшін Ұлттық банк базалық ставканы жоғары деңгейде ұстау керек дейді. Ал біз қайта қарастыруды ұсынамыз. Өйткені қазір дол­лар­ға қатысты теңге курсы тұ­рақ­т­алып, бұрынғы деңгейіне қай­тып оралды. Қалыпты пайыз­дық ставкасыз біз экономи­каны несиелеу үшін қажет ақшаны таба алмаймыз», деген еді Е.Жамаубаев.

Алайда Ұлттық банк бұл мәлім­де­мені ескерген жоқ. Тиісінше, көп­теген қаржы сарапшылары тара­пы­нан бұл шешім сынға ұшырады.

Базалық ставка – орталық банк­тің несие ұйымдарына кредит берер кезіндегі минимал­ды ставкасы және банк депо­зит­терін қабылдау бойынша мак­сималды ставка. Мөл­шер­леме мемлекеттік қарыз тарту құ­ны­на тікелей әсерін тигізеді. 24 ақ­панда база­лық ставка 13,5 па­­йызға күрт көтерілген соң біз­де мемлекеттік қарыз тарту ставкасы да көтеріліп кетті. Сол себепті Қаржы ми­нист­рлігі став­каны төмендетуді сұраған еді.

«Демек несиелер де қымбат­тай­ды. 10 пайыз мөлшерінде сый­ақы есептеген депозиттер сәл болса да тартымды. Есесіне бізде капитал тарту ставкасы жоғарылайды. Біз жай ғана елдегі несие импульсін жоя отырып өзімізді қарызға айдап салдық. Еліміз жоғары ставка бо­йынша онсыз да көшбас­шы елдердің бірі», деп жазады FINANCEkaz телеграм каналы.

Десе де Ұлттық банк база­лық мөл­­шер­ле­мені көтеру арқылы инфля­ция­­ның жолын кесеміз деп жос­парлайды. Қаржыгерлер қауым­дастығының талдаушысы Зарина Скрипченко да осы ойда. Оны­ң айтуынша, баға өсіп, инфля­ция ырық бермей тұрған кезде ставк­аны тө­мен­дету жағым­сыз жағ­дайларға әкеп соқтыруы ықтимал.

«Банк несиесі тұрғысынан айтсақ, займдар бойынша нарық­тық ставка біраз салада қолжетімді болып қала береді. Мысалы, азық-түлік және сусын өндіретін компаниялар үшін ставка 13,1 пайызды құрады, ал қарыз беру 9 пайызға көбейді. Сонымен қатар неғұрлым қуат­ты инвестициялық жобалар, соның ішінде өңдеуші өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы үшін пайыздық ставканы мемлекеттік субсидиялау жүреді. Егер база­лық ставка инфляцияны жап­пай­тын болса, онда ақшаны теңге­мен сақтаудың мәні жоға­ла­ды. Нәтижесінде, не инфляцияны одан әрі күшейтетін тұтынушылық сұраныс өседі, не экономикада долларлану қар­қын­ды жүріп, ұлттық валю­таға қысым жасалады», деді сарапшы.

Экономист Владислав Турк­ин базалық мөлшерлеме тұ­­ты­ну­­шылық несиелеуге әсер ет­пейтінін жеткізді. «Тұтыну­шы­­лық несие­леу, бұл – масса өсі­міне әсер етпейтін импорт. Бірақ теңгелік масса өсіміне кор­по­ративтік несие­леу әсер ете­ді. Ішкі экономиканың дамуы және қайта құрылуы дәл осы корпоративтік несиелеуге тәуел­ді. Тағы да субсидиялау күте­міз. Көршілеріміз де қарап отыр­ған жоқ, экономикасын қайта құ­рылымдап, бізге қарай экспортты өсіруге тырысып жатыр», дейді ол.

Телеграмдағы Risk Takers ка­налы­ның сарапшылары Ұлт­тық банк биыл инфля­ция өсімі бойынша болжамды жарияламағанын, бұл ақша-несие рет­теушісінің коммуни­кация­сындағы үлкен олқылық болғанын жеткізді.

«Алайда оң қадамдарды да атап өтеміз. Ұлттық банк өз мәлім­деме­сінде ал­дағы жылдағы инфляция­ны сандық бағалау 11,4% құрағанын көр­сетті. Біз рес­понденттердің күту­лерімен келісеміз. Өйткені осы жыл­дың бірінші тоқсанының жоғары базалық әсері келесі жылдың басында бағаның өсуіне тосқауыл болады. Бұл 2022 жылдың со­ңында аталған көрсеткіш күтіл­геннен жоғары болуы мүмкін дегенді білдіреді. Біз бұған дейін 2022 жылғы инфляция өсімі 14 пайыздан жоғары бола­ды деп болжаған едік және сол болжам өзгеріссіз қала­ды. Сондай-ақ ақша-несие фак­торы ішкі сұранысты өсіре­ді дегенмен келіспейміз, кері­сінше монетарлық факторлар өсімді ынталандырмай жатыр. Ұлт­тық банк биыл ставканы агрессивті түрде көтеруге мәж­бүр деп жазғанбыз және жария­ланған 14 пайыз деңгейі әлі де жеткіліксіз», дейді олар.

Базалық ставка бойынша ендігі шешім 2022 жылы 6 маусымда жария етіледі.